Қазақ руханиятының талантымен тау жыққан тарланы
Сурет:ҚазМУ ректоры Ө.А.Жолдасбековтің көшпелі
Қызыл туды қабылдау сәті. 1979 жыл
Өрге бастар өнеге
Өмірбек Жолдасбеков ХХІ ғасыр мен үшінші мыңжылдықта қазақ азаматының алдынан шығар терең зерделілік пен іскерлік алғырлықтың, азаматтық қайсарлық пен күрескерлік табандылықтың, ізденімпаздық пен дәйектіліктің мейлінше қатал талабына ХХ ғасырда жүріп-ақ ойдағыдай жауап бере алған айтулы саңлақ еді. Талай ғасыр есесі кетіп, тауы шағылған қазақ руханиятының талантымен тау жыға алған тарланы еді. Қазақ рухының нағыз Геркулесі еді. Оның қалдырған мұрасы әрідегі әл-Фараби мен берідегі Қаныш Сәтбаевтар асқақтатқан асқар биіктер сеңгірін аласартпай жалғастырып, оның көрсеткен өнегесі келешек ұрпақтар алар асқар асуларға қарай қаймықпай қанат қағар арман құсы боп алға самғай бермек.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның халық жазушысы

Көш басында өзіңсің
Әлі есімде, Мәскеудегі шәкірттік шағыңда жанарыңда шоқ, жүрегің толы мейірім, тұла бойыңда шіреген жігер болатын! Сол жігер талай өмір талқысында да толастаған емес. Қай салада да қатарыңнан оқ бойы озық жүретін едің. Оны сен ғылым жолында да, азаматтық парыз өтеу жолында да дәлелдеп келдің. Еліңнің игілігіне айналған қайрат-қажырың, ғылым жолындағы ересен еңбегің батыс-шығысқа белгілі болды. Әдебиет саласында Мұхтар Әуезов өлшем болса, ғылым саласында Қаныш Сәтбаев еді. Сен осы жолда еңбек еттің. Ұлтымыздың мақтанышына айналдың. О баста табиғат мол пішкен талант-жігеріңнің арқасында айтулы тұлғаға айналдың. Қай жерде қызмет етсең де, тындырымды қайраткер, тиянақты тәрбиеші болдың. Өзімізді былай қойғанда, сенен үлгі алған, дәрісіңді тыңдаған талай мамандар Еуропада да, Азияда да аз кездеспейді. Ұстаз үшін одан артық зор мәртебе болар ма?! Фараби атындағы ғылым ордасының нақ бүгінгі мекені – сен көтерген ғимараттар халық мақтанышы.
Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ,
Қазақстанның халық жазушысы
От еді...
«Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?!»
Хикметтің осы сөзі сенің әрі ұраның еді, әрі құралың еді. Өміріңнің өршіл тұсында өзің тұтқасын ұстаған қасиетті білім ордасы – Қазақ университетіндегі барлық қарыз-парызыңды осы ұранмен атқардың; талабы биік, талғамы терең ұстаздар ұжымын осы құралмен басқардың. Нәтижесінде қала ішіндегі ғажайып қала – КазГУград пайда болды.
Әуезов секілді ұлы ұстаздың көзінің нұры, сөзінің сыры дәстүр боп дарыған дана КазГУ талай таланттың ұшқан ұясы, қонған қиясы десек, сенің ректор кезіңде күллі қабілет-күшіңді, тірі пендеде тым сирек ұшырасатын аса шебер ұйымдастырушылық ісіңді ел игілігіне жұмсап, он алты жыл ұдайымен қалай жанғаныңды, қалай жалындағаныңды көзімен көрген қарттар мен жастар түгіл, он жеті қабат бас ғимарат қабырғасына өз қолыңмен қалаған тастарға тіл бітіп, кәдімгі сол қара тастар сөйлеп – аңыз ғып жатқандай қазір...
Зейнолла
ҚАБДОЛОВ,
ҚР ҰҒА академигі
Сен халқыңның жүрегіндесің...
Тарих факультетінің өмірінен мынадай мысал келтірейін. Жаңадан ашылған Археология және этнология кафедрасы факультеттің «Археологиялық базасын» ертедегі орта ғасырда өмір сүрген Батыс Түрік қағанатының астанасы болған үлкен қаланың орнында осы аталған базаны салуға ұсыныс жасағанда, айдалада база бола ма деген сұрақты қоймай, оның керектігін түсініп, базаны сол жерде құру керек екеніне шешім қабылдады және оны іске асыруда өзінің қамқорлығын ұдайы көрсетіп отырды, өзі барып та көрді. Тарих факультетінде оқыған студенттердің барлығы осы археологиялық базада практикадан өтіп отырды. Бұл орын үлкен ғылыми орталыққа айналды. Ширек ғасырдан астам уақыт Баласағұнда археологиялық қазба жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Өмекеңнің жәрдемімен Қазақстанда алғаш рет ұшақ арқылы Баласағұн шаһары суретке түсірілді. Өмірбек Арысланұлы – ұлы ғұлама ғалым. Өзінің мамандығы бойынша шәкірттер дайындаумен шектелмей, Қазақстандағы машина-техника ғылымының негізін салып, сол ғылымның атасы Өмекең деп айтсақ қателеспейтін шығармыз. Оның ғылымдағы үлесін дүниежүзінің аса салауатты мамандары мойындайды.
Уахит ШӘЛЕКЕНОВ,
профессор,
ҚР Гуманитарлық академиясының академигі

Ұлы азамат
Өмірбек Арысланұлының университетке ректор болып келуіне байланысты университеттегі ғылыми жұмыстар заманның талабына байланысты жаңа өркендеу жолына түсіп, жүздеп ғылым кандидаттары, ғылым докторлары университет ұжымының қатарына қосылып жатты. Міне, сондықтан да болар, біздің университетіміз бұрынғы Одақтағы үлкен ғылым ошағы және маманданған азаматтарды дайындау бесігіне айналды. Өмекеңнің Қазақ мемлекеттік университетінде 16 жыл ректор болып істеген жылдарындағы артына қалдырған ең бір үлкен мұрасы – ол қазіргі күндері жұрттың бәрі сүйсінетін КазГУград қалашығы.
Сұлтан САРТАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі
Тағылымы терең тағдыр
Қазақстанның ең жоғарғы заң шығарушы органы – Парламенттің демократиялық бағытта қалыптасуында, аз уақыттың ішінде жаңа белеске көтерілуінде, ең бастысы – мемлекетіміздің қоғамдық-әлеуметтік салада қарқындап дамуына жол ашқан бірнеше, аса маңызды кұжаттардың сапалы дайындалып, жүзеге асуында Өмірбек Арысланұлының үлесі өлшеусіз.
Әрдайым қазақ ұлтының, қазақ қоғамының қамын ойлап, қай қызметте жүрсе де, өзін де, уақытын да сарқа жұмсап, бар бітім-болмысымен көшін бастап жүрген ағамыздың қажымас қайратының бір қырын сонда анық аңғардым. Маған заң жобасының қазақша нұсқасын редакциялауды тапсырды. Әрбір сөйлемнің, әрбір сөздің мағынасы мен мәніне ерекше назар қоятын Өмекең сол жолы да осы заң тексіне байланысты ұзақ жұмыс істеді. Уақытпен есептеспеді. Талай күндері мен түндерін осы заң жобасының сапалы, жоғары деңгейде жарық көруіне арнады. Өзі ерінбей, жалықпай, қолына қалам алып отырып, бүкіл тексті өңдеп шықты. Қазақ сөзінің әрбір мағыналық қыры мен стильдік астарларын терең білетіні мені қайран қалдырды.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
филология ғылымының докторы, профессор
Басқа жаңалықтар