Әлемге мәшһүр Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековпен жолға шыға қалған сапарластар ол кісінің нақты ғылымдар саласындағы таңғажайып тапқырлығы мен тамаша қисындарынан хабардар болып қана қоймай, ұтқыр ойлы шешендігіне де тәнті екенін әңгімелейді. Төменде осындай жол-жөнекей жоралғы сұхбат есебінде «қойын дәптер қорына» түскен лебіздердің бір парасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
***
– Бірлігіміз нығая ма, Өмеке?
– Оған шүбә келтірсең, мені мазаламай-ақ қой, шырағым.
***
– Билікке таластыңыз ба?
– Таластым, шырағым, бірақ тақ үшін емес, тазалық үшін таласқанымды біліп қойғаның жөн болар.
***
– Арыстан мықты ма, әлде жолбарыс па?
– Қышыма сауалыңның қасымасын айтайын. Шырағым, мен аңдармен емес, аң тектес адамдармен күресіп жүрмін ғой.
***
– Өзіңізде мін бар деп ойлайсыз ба?
– Оған уақытым жоқ. Бірақ мінсіз кім бар деп ойлаймын.
***
– Сіз өмірі қорықпай сөйлейсіз. Соның сыры неде?
– Өйткені қолы таза қорықпайды, шырағым.
***
– Сіз көп адамға жақсылық жасапсыз. Бірақ солардың біразы бұрылып кетіпті.
– Е-е, бауырым-ай, «Жақсылыққа жамандық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – нар адамның ісі» дегенді білмеуші ме едің?
***
– Сізді біреулер жершіл деп жүр ғой.
– Е-е, шырағым, ол жерін таппағандардың желігі ғой.
***
– Ел аралағанда сізді ерекше күтеді дейді ғой.
– Шырағым, ол мені емес, өзін күткені емес пе...
***
– Балаларыңыздың бәрі оқымысты көрінеді.
– Әкесіне тартқан ғой.
***
– Қартая бастаған кісі әйелін көп мақтайды деуші еді. Сіз де солаймысыз деп қалдым.
– Ол әйелді емес, Ананы мақтағаным екенін түсінбепсіз-ау.
***
– Сізге әуелі уәде беріп, кейіннен қарсы жұмыс істейтіндер табылады екен ғой.
– Е-е, онсыз қазақ бола ма, шырағым.
***
– Кешіріңіз, ауырдыңыз ба?
– Шырағым-ай, сауыққанымды сұрамай, ауырғанды сұрадың-ау. Соған қарағанда өзің де сау емессің-ау.
– Сонда да болса...
– Қызығымды бөлісіп, қиянат жасағандарды көргенде ауырам.
***
– Қасыңыз көп пе, досыңыз көп пе?
– Қас санауға уақытым жоқ. Өйткені дос түгендеп жүрген жанмын.
***
– Сыйлық берсе аласыз ба?
– Ізет болса алам, ал мені ауыртар сүзек болса алмаймын.
***
– Отырған жеріңіз әзіл-күлкіге қарық болады екен.
– Күлкісіз күнің – ұйқысыз түнің сияқты емес пе...
***
– Шәкіртіңіз көп екен.
– Саналыны шәкірт етуге тырысатынымнан шығар.
***
– Ит жылына не тілек айтар едіңіз?
– Иттік аз болса екен.
«Қазақ әдебиеті» газеті,
4 наурыз 1994 жыл
Басқа жаңалықтар