ҚазҰУ-да ТДМ–13: «Климаттың өзгеруімен күрес» тақырыбында ашық сабақ өткізілді
2025 жылғы 25 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде, математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының педагогикалық тәжірибесі аясында Тұрақты даму мақсаттарының 13-мақсаты – «Климаттың өзгеруімен күрес» тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырылды. Сабақты «Қолданбалы және есептеу математикасы» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Ақылбекқызы Ақтолқын ПМ–23–1 тобының студенттеріне арнап жүргізді.
Іс-шараға кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сагимбаева Лида Абсултанқызы, сондай-ақ педагогика пәнінің оқытушысы Конырбаева Сараш Сахиевна қатысты.
Ашық сабақ мақсаты – студенттерге климаттық модельдеудің ғылыми негіздерін, климаттың өзгеруін талдау мен болжауда математикалық модельдердің рөлін түсіндіру болды. Сабақ барысында магистрант ауа сапасының өзгеруін модельдеу, жердің энергетикалық балансы, теңіз деңгейінің көтерілу динамикасы және орман өртінің климаттық факторларға тәуелділігі сияқты маңызды модельдермен таныстырды.
Практикалық бөлімде студенттер топтарға бөлініп, берілген модельдер бойынша тапсырмаларды орындады және өз шешімдерін қорғады. Бұл оқу форматы олардың ғылыми ойлауын, талдау және дәлелдеу дағдыларын жетілдіріп, топтық жұмыс дағдыларын дамытуға ықпал етті.
3-курс студенттерінің академиялық даярлығымен сабақтастығы
Ашық сабақ факультеттің 3-курс бакалавр студенттерінің мамандыққа арналған негізгі пәндерімен тығыз байланысты өтті. Студенттер осы кезеңде:
- дифференциалдық теңдеулер,
- математикалық физика теңдеулері,
- сандық әдістер,
- есептеу математикасы,
- табиғи процестерді математикалық модельдеу
сияқты курстарда климаттық және экологиялық процестерді сипаттайтын теңдеулерді шешуді меңгеріп келеді.
Сабақ барысында студенттер теорияда өтіп жатқан теңдеулерді тәжірибеде қолдану мүмкіндігін көріп, өздерінің ғылыми қызығушылықтарын еркін түрде талқылады. Олар нақты климаттық жағдайлардан алынған мысалдардың математикалық моделдермен қалай байланысатынын атап өтіп, климаттық процестердің сандық шешімдерін өзара талқылап отырды.
Сабақтың ғылыми және тәрбиелік маңызы
Ашық сабақ студенттерге климаттық өзгерістерді модельдеу саласында қолданбалы және есептеу математикасының маңызын көрсетті. Іс-шара олардың ғылыми ізденіс, экологиялық ойлау, жауапкершілік мәдениеті және тұрақты даму мәселелерін сандық тұрғыдан бағамдау қабілеттерін арттырды.
Сабақ қорытындысында кафедра өкілі Сагимбаева Лида Абсултанқызы іс-шараның тәрбиелік маңызын атап өтіп, студенттерді ғылыми білімді климаттық мәселелерді шешуге қолдануға шақырды.



Математикалық және компьютерлік модельдеу
кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Сагимбаева Л.А.
Басқа жаңалықтар