«Жас заңгерлерге бағыт-бағдар: прокурордың кәсіби тәжірибесімен бөлісуі»
4 желтоқсан 2025 жылы «Ел Тұтқа» пікірталас клубының мүшелері клуб жетекшісі Тлепбергенов Орынбасардың қатысуымен Шымкент қаласы Абай ауданы прокуратурасының аға прокуроры, 2021 жылғы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі Турлыби Нұрыммен арнайы кездесу өткізді. Бұл кездесу клуб мүшелерінің кәсіби бағдарын нығайтуға, құқық саласының нақты практикалық қырларын тереңірек түсінуге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.
Кездесу барысында Турлыби Нұрым құқық қорғау органдарындағы өзінің тәжірибесімен, күнделікті қызметтік міндеттерімен және прокурор мамандығының жауапкершілігі мен маңыздылығы жайлы жан-жақты бөлісті. Ол студент жастарға теориялық тұрғыдан меңгерілген білімнің практикада қалай қолданылатынын, нақты істермен жұмыс істеу барысында заңның әр бабы мен қағидатының маңыздылығын, дәлдіктің, объективтіліктің және кәсіби этиканың рөлін кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар, аға прокурор болашақ заңгерлерге өзінің құнды кеңестерін берді. Құқық саласында үздік маман болу үшін үздіксіз білім алудың, заңнамалармен тұрақты жұмыс істеп отырудың, аналитикалық ойлау қабілетін дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол кәсіби жолда өз принциптеріңе берік болудың, заңдылық пен әділдікті басты орынға қоюдың құқық қорғау саласының негізгі талабы екенін жеткізді.
Кездесу өте әсерлі өтті, клуб мүшелері көптеген сұрақтар қойып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты жауаптар алды. Турлыби Нұрымның ашық, шынайы және тәжірибеге негізделген әңгімесі студенттердің құқықтық көзқарасын кеңейтіп, мамандыққа деген қызығушылығын арттырды. Бұл кездесудің «Ел Тұтқа» пікірталас клубы үшін де, болашақ заңгерлер үшін де үлкен маңызы бар, пайдалы әрі мотивациялық шара болды.