- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қауіпсіздік мәселелері талқыланып, «Үзілген қадамдар» инсталляциясы ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қауіпсіздік мәселелері талқыланып, «Үзілген қадамдар» инсталляциясы ашылды
«Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күндігі» халықаралық акциясы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Философия және саясаттану факультетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасында «Сталкинг. Қорғанысты қалай құру керек» атты диалогтық алаң өтті. Іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы Алматы қаласы әкімдігінің «Жан-Сая» дағдарыс орталығы» КММ-мен бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты жастардың бойында аңду (сталкинг) мәселесі туралы ақпараттандыруды арттыру, жаңа заңнамалық нормаларды түсіндіру және жеке шекараны қорғау әдістерін дәріптеу болды. Диалогқа құқық қорғау органдарының өкілдері, психологтар, заңгерлер, оқытушылар мен студенттер қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы ҚР заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер болды. Іс-шара барысында 2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны, оның аясында Қылмыстық кодекске жаңа 115-1 «Аңду (cталкинг)» бабы енгізілгендігі атап өтілді.
Талқылау барысында психологтар Мадина Мағауя мен Бостан Қасымова аңдушылардың (сталкерлердің) мінез-құлық үлгілеріне сараптамалық талдау жасады. Мамандар аңду (сталкинг) жеке тұлғаға толық бақылау орнатуға бағытталған зорлық-зомбылықтың бір түрі екендігіне назар аударды. Заңгер Гүлшара Сапарова құқықтық қорғау бойынша практикалық ұсыныстар беріп, 150 сенім телефонының жұмысы туралы айтып өтті.
Іс-шараның маңызды бөлігі « Үзілген қадамдар» әлеуметтік инсталляциясы арқылы назар аударту болды. Факультет холлында орналасқан экспозиция фемицид пен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының үзілген өмірлерін бейнелейтін әйелдер аяқ киімінен құралған композицияны білдіреді. Бұл жоба мәселені ерте сатыда елемеудің қандай қауіп-қатерлерге әкелетініне назар аудартуға бағытталған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің холлында зорлық-зомбылық құрбандарының үзілген өмірін бейнелейтін әлеуметтік инсталляция ұсынылды. Әр жұп аяқ киімнің артында агрессордың қолынан қаза тапқан әйелдің тағдыры тұр.
Бұл іс-шара университеттің БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу жөніндегі жүйелі жұмысы аясында жүзеге асырылды, атап айтқанда ТДМ №3 «Зор денсаулық және әл-ауқат», ТДМ №5 «Гендерлік теңдік» және ТДМ №16 «Бейбітшілік, сот төрелігі және тиімді институттар» мақсаттарын іске асыруға бағытталған.
Диалогтық алаңның модераторлық жұмысын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент), PhD- Айжан Базархановна Шабденова және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, аға оқытушы- Дүйсенкүл Абызбекқызы Арын жүргізді. Оқытушылар мен студенттер жеке қауіпсіздік, құқықтық мәдениет және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша пікірталастарға белсенді қатысты.

Басқа жаңалықтар