2025 жылдың 3 желтоқсанында Философия және Политология факультетінің ағылшын тілі мамандығы бойынша сабақ беретін оқытушылары және Философия және Политология, Шығыстану, Халықаралық қатынастар факультеттерінің магистранттарының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік тұғырым» атты салтанатты кеш өтті. Іс-шара №14 көпшілік кітапхана-бөлімшесінде өттіп, кітапхана әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асты.
Кештің құрметті қонақтары: «Желтоқсан-Алматы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Алматы облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы Жайна Хадиронқызы Саметова және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Әлібек Шегебай, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтттық университетінің аға оқытушысы Джамалдинова Манат Тургантаевна. Қонақтар жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, оның қазіргі жастар санасындағы рухани маңызын ерекше атап өтті.
«Бүгінгі Тәуелсіздік – сол арманның ақиқатқа айналғанының белгісі», – деп сөзін бастаған Жайна Хадиронқызы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі тарихи сәттермен бөлісіп, бұл күннің жас ұрпақтың рухани-патриоттық болмысын қалыптастырудағы рөлін айрықша атап өтті. Ол сол жылдардағы күрделі оқиғаларды өз көзімен көрген жан ретінде жастарды ел тағдырына бейжай қарамауға, дербес ойлау мен жауапкершілікке шақырды. Ақын Әлібек Шегебай өз сөзінде тәуелсіздік жолында жанын пида еткен батырлардың ерлігін еске алып, Қайрат Рысқұлбековтің жан тебірентерлік монологын орындады. Оның жүректен шыққан сөздері залда отырғандарды ерекше толқытты. Манат Тургантаевна ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, мұндай рухани-танымдық іс-шаралардың жастар тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Манат Тургантаевна жас ұрпақтың, әсіресе магистранттардың, білімге құштар болып, елдің абыройын асқақтатып, Тәуелсіздіктің рухани жалауын биік ұстайтын тұлғалар болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді.
Тәуелсіз Қазақстан туралы арнайы дайындалған бейнематериал мен шетелдік әріптестердің жылы лебіздері кештің халықаралық деңгейде мән-маңызын тереңдетіп, оның рухани ауқымын кеңейтті. Республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы Талқанбаева Назира «Қазақ елі» әнін жанды сүйемелдеумен орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Жыр арқауы – Тәуелсіздік» атты поэзиялық композицияда магистранттар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, мерекелік кештің мазмұнын байытты.
Кеш қонақтары ұйымдастырушылардың өнеріне ерекше сүйсініп, олардың Тәуелсіздік күніне деген шынайы құрметі мен жауапкершілігін жоғары бағалады. Іс-шара ұлттық рухты асқақтатып, жастардың елдік сана-сезімін күшейтуге септігін тигізген мазмұнды да әсерлі кездесуге айналды.
Басқа жаңалықтар