Механика және машинатану бойынша 6-шы Халықаралық студенттік олимпиада (SIOMMS 2025)Farabi University

Механика және машинатану бойынша 6-шы Халықаралық студенттік олимпиада (SIOMMS 2025)

3 желтоқсан, 2025

Механика және машинатану бойынша 6-шы Халықаралық студенттік олимпиада (SIOMMS 2025) 26–28 қараша күндері Satbayev University-де (Алматы, Қазақстан) өтті. Олимпиада техникалық мамандықтардың студенттерін біріктіріп, кинематика, динамика, механизмдерді жобалау және робототехника салаларындағы тапсырмаларды шешуге бағытталған. Бұған дейінгі олимпиадалар Ижевск қаласында (2011), Шанхайда (2013), Мадридте (2016) және Папа ғылым академиясында ұйымдастырылған болатын.

              Олимпиаданың ашылуы машинатану және робототехника саласының жетекші ғалымдарының қатысуымен өтті:

– А.К. Тулешов, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰИА вице-президенті;

– Э.Г. Крылов, т.ғ.к., ИжГТУ доценті;

– С.К. Шалабаев, Satbayev University проректоры.

              Қатысушыларға механизмдерді талдау және синтездеуге арналған теориялық және практикалық бағыттағы сегіз тапсырма ұсынылды. Төрт сағат уақыт берілді, әр студент тапсырмаларды жеке орындады, ал командалық нәтиже жеке балдардың жиынтығымен анықталды.

              Олимпиадаға Қытай, Испания, Румыния, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан командалары қатысты. Қазақстан тарапынан Satbayev University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М.О. Әуезов атындағы ОҚУ және У.А. Джолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты қатысты. Бұл іс-шара инженерлік білім беру саласында тәжірибе алмасуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.

              Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы 3-орынға ие болды. Команда құрамында «6В05403 - Механика» және «6В07110 - Робототехникалық жүйелер» мамандықтарының студенттері: Есен Елжас, Жакай Нурай, Бактыбаев Дияр өнер көрсетті. ИММаш атынан Ботай Амандык, Налибек Рамазан және Кириллов Олег қатысты. Студенттерді дайындаған — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультеті механика кафедрасының оқытушылары Б.А. Еспаев, Е.Н. Савельев және Е. С.Темирбеков.

              Олимпиада бағдарламасына ашылу рәсімі, Satbayev University зертханаларына экскурсия, нәтижелерді жариялау және қатысушылардың Шымбұлақ тау кешеніне шығуы кірді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар келесі олимпиада Қытайда — Шаньдун университетінің Вэйхай филиалында өтетінін хабарлады. Жақын уақытта іс-шараның ресми сайты жарияланады.

 

 

             

Механика кафедрасының ассистент-профессоры  Туралина Д.Е.