ТДМ-4: Тәжірибе барысында кітап талқы өткізілді.Farabi University

ТДМ-4: Тәжірибе барысында кітап талқы өткізілді.

10 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің 2-курс магистранттары ғылыми-зерттеу тәжірибесі аясында Гүлмария Тұрысбекқызының жетекшілігімен кітап талқы ұйымдастырды. Магистранттар аталмыш тағылымдаманы А.Байтұрсынұлы атындағы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу орталығында өткен болатын.

Тәжірибе барысында Райхан Сахыбекқызының тапсырмасымен Ілияс Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық» шығармасы талқылауға ұсынылды. Магистранттар туындыны жан-жақты зерделеп, өзара пікір алмасу форматында мазмұндық, идеялық және тарихи қырларын талдады.

Аталған шығарма Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы мен ел игілігіне жасаған ерен еңбегіне арналған. Жазушы қоғам қайраткерінің тұлғалық болмысын, ел дамуындағы рөлін көркем бейнеде көрсетеді. Араға ұзақ уақыт салып жарық көрген бұл роман магистранттар арасында үлкен қызығушылық тудырып, талқы барысы мазмұнды әрі әсерлі өтті.

Мұндай шығармашылық бағыттағы талқылаулар магистранттардың ғылыми көзқарасын кеңейтіп қана қоймай, әдеби туындыны терең ұғыну, тарихи деректерді сараптау және пікір айту дағдыларын жетілдіреді. Кітап талқысы қатысушылардың өзара мәдени қарым-қатынасын нығайтып, зерттеушілік ойлау қабілетін дамытты. Сонымен қатар, тұлғатануға арналған шығармаларды оқу арқылы жас зерттеушілер ел тарихындағы маңызды тұлғалардың еңбегін бағалауға, ұлттық құндылықтарды тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.

Осындай тәжірибе жұмыстары магистранттардың теориялық білімін практикалық талдаумен ұштастырып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға айтарлықтай үлес қосады.