Студенттердің емтихан сессиясына дайындалуыFarabi University

Студенттердің емтихан сессиясына дайындалуы

5 желтоқсан, 2025

Қазіргі уақытта әлемнің барлық елдеріндегі білім алушы жастар қысқы емтихан сессиясына қарқынды дайындалып жатыр. Университеттерде, институттарда, колледждерде, училищелерде және басқа да білім беру мекемелерінде оқитындардың бәрі бірінші семестр бойы қандай білім мен дағдыларды меңгергенін көрсетуі тиіс. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу үдерісін ұйымдастыруға әрдайым үлкен көңіл бөлінеді және биылғы оқу жылындағы емтихан сессиясы да осы дәстүрден тыс емес.

Тұрақты даму мақсаттарының №4 «Сапалы білім беру» бағыты аясында шетелдік студенттерге арналған дайындық факультетінің тілдік және жалпы білім беру кафедрасының оқытушылары арнайы сабақ өткізеді. Бұл сабақта студенттерге жоғары білім беру саласының мамандары әзірлеген емтихан өткізу ережелері түсіндіріледі. Аталған ережелер емтиханды өткізудің нақты тәртібі мен талаптарын айқын көрсетеді.

Біздің факультет үшін бұл ақпарат ерекше маңызды, себебі мұнда тек шетелдік студенттер оқиды. Сондықтан оларға ережелерді барынша түсінікті және қолжетімді түрде түсіндіру қажет. Бұл  студенттердің ережелерді білмегендіктен жіберетін қателіктерін болдырмауға көмектеседі, өйткені мұндай қателіктер жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін. Мысалы, емтиханға мүлде кешігуге болмайды, сондықтан шетелдік студенттер тәртіптілігін көрсетуі тиіс; шпаргалка немесе телефон қолдануға қатаң тыйым салынады, осы ретте студенттер адалдық пен әділдікті сақтауы қажет. Ең бастысы – шетелдік студенттер үш айлық күзгі семестр барысында меңгерген қазақ және орыс тілдеріндегі білімдерін көрсетуі керек.

Егер студенттер білместікпен емтихан ережелерін бұзса, оларға  университеттен шығаруға дейінгі ауыр жазалар қолданылуы мүмкін. Сондықтан студенттеріміз бұл ережелерді толық меңгеріп, оларды қатаң сақтауы тиіс.

Оқытушылар өз студенттеріне емтиханда үлкен табыс тілейді, қиын сұрақтарға сенімді жауап берулерін қалайды, қазақ және орыс тілдері бойынша жақсы білім көрсетеді деп күтеді. Студенттердің еңбектері мен талаптылығының арқасында олар күзгі семестрді жақсы бағалармен аяқтайды деген сенім бар.

Шетелдік студенттерге арналған дайындық факультетінің
Тілдік және жалпы білім беру кафедрасының оқытушылары
Түребекова Р.С. және Мамытбекова Л.К.