Рухани тәрбие бағытындағы сапар: «Жусан иісі» қойылымы студенттерге ерекше әсер сыйладыFarabi University

Рухани тәрбие бағытындағы сапар: «Жусан иісі» қойылымы студенттерге ерекше әсер сыйлады

11 желтоқсан, 2025

2025 жылғы 20 қарашада Ботаника және агроэкология кафедрасының куратор-эдвайзері PhD, аға оқытушы Ж.А. Абдукадированың жетекшілігімен «6B05102 – Биология» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері (25-17, 25-18 топтары) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына барып, «Жусан иісі» атты қойылымын тамашалады.

Театрға кірген сәттен бастап студенттер ерекше толқу мен қызығушылықты сезінді. Сахна жарығы, әуен, актерлердің дайындық сәттері оларды бірден шығармашылық ортаның ерекше атмосферасына бөлеп, өнердің қуатын сездірді.

Қойылымның негізгі идеясы – соғыстан кейінгі ауыр кезең, туған жер мен балалық шаққа деген сағыныш, ел мен жердің қадірін түсіну. «Жусан иісі» – қазақ даласының иісі ғана емес, туған жердің, ананың мейірімінің, бала күнгі аңғал сезім мен сағыныштың символы ретінде көрініс тапты.

Актерлердің шынайы ойыны мен эмоционалдық берілуі көрермендердің жүрегіне жетіп, кей сәттерде студенттердің жан дүниесін тебірентіп, көздеріне жас үйірді. Қойылым барысында олар өз балалық шағын, туған ауылын, ата-анасын еске алып, өмірдің мәні, тыныштықтың құны туралы ойланды.

Қойылым соңында бір сәт залды үнсіздік басты. Бұл үнсіздік – көргенін жүрекпен қабылдаған, өнерден үлкен ой түйген көрерменнің құрмет белгісіндей болды. Студенттердің айтуынша, «Жусан иісі» олар үшін тек театр қойылымы емес, рухани тәрбие беретін, ел мен жердің, бейбіт күннің, мейірім мен адамгершіліктің қадірін ұқтырған ерекше өмірлік сабақ болды.

Ботаника және агроэкология кафедрасы