АҚШ астрофизигі ҚазҰУ-да дәріс оқыдыFarabi University

АҚШ астрофизигі ҚазҰУ-да дәріс оқыды

11 желтоқсан, 2025

Физика-математика ғылымдарының докторы, АҚШ-тың Гринсборо қаласындағы Солтүстік Каролина университеті Физика және астрономия кафедрасының профессоры Анатолий Мирошниченко Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде дәріс оқыды.

Дәріс «Жұлдыздық эволюция жолдарының көптүрлілігі: қос және көпкомпонентті жүйелердегі өзара әрекеттесуге байланысты құбылыстар» тақырыбына арналды.

Белгілі ғалымның дәрісі физика-техникалық факультеті үшін маңызды оқиға болды. Дәріске факультет профессорлары, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Анатолий Мирошниченко – әлемдік астрономия саласындағы танымал ғалым. Ол 1983 жылы ЛГУ-дың механика-математика факультетін астрономия мамандығы бойынша тамамдады. 1992 жылы Пулково обсерваториясында кандидаттық, 2008 жылы СПАО РАН-да докторлық диссертация қорғаған. Ғалым Пулково обсерваториясында, University of Toledo, Макс Планк институтында (Бонн) және University of North Carolina at Greensboro университетінде қызмет еткен. B[e] феномені бойынша халықаралық жобалардың жетекшісі, FS CMa атты жаңа жұлдыз класын анықтап, оның 50-ден астам өкілін тапқан. Сондай-ақ бірқатар В-жұлдыздардың қос жүйе екенін дәлелдеп, Luminous Blue Variables параметрлерін нақтылаған.

Профессор ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми имиджін нығайтуға да үлкен үлес қосып келеді. Оның қолдауымен 2024 жылы ҚазҰУ ыстық жұлдыздар жөніндегі беделді халықаралық конференцияны өткізді. 2014 жылдан бері профессордың жетекшілігімен ҚазҰУ-да тоғыз PhD докторанты диссертациясын сәтті қорғады.

Дәріс барысында профессор жұлдыздардың құрылысы мен эволюциясына байланысты ғылыми деректерді қызықты форматта түсіндіріп, жұлдыздардың жіктелуі, даму сатылары және қазіргі зерттеліп жатқан құбылыстар туралы мол ақпарат берді. Ол соңғы жарты ғасырда жұлдыздардың ішкі энергия бөлу процестерін зерттеу қарқынды дамығанын атап өтті. Галактиканың жұлдыздық популяциясының үлкен бөлігі екі немесе одан да көп компоненттен тұратын жүйелерден құралатыны белгілі болды. «Мұндай жүйелердегі компоненттердің өзара әрекеттесуі зат алмасу мен жұлдыз маңы қабықтардың түзілуіне әкеледі. Осы құбылыстарды бақылау арқылы Ғалам құрылымының әр деңгейінде жүретін процестерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті лектор.

Дәрістен кейін студенттер мен жас ғалымдар сұрақтар қойып, пікірталасқа қатысты. Профессор әр сұраққа жан-жақты әрі ғылыми тұрғыдан негізделген жауап берді. 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі