Тәжірибеге бағытталған оқу: магистранттардың Алматы қаласының аудандық соттарындағы көшпелі сабағы 2025 жылғы 10 желтоқсанFarabi University

Тәжірибеге бағытталған оқу: магистранттардың Алматы қаласының аудандық соттарындағы көшпелі сабағы 2025 жылғы 10 желтоқсан

11 желтоқсан, 2025

Қазіргі заңгерлік білім беру терең теориялық дайындықпен қатар, сот жүйесінің нақты жұмыс істеу тетіктерін түсінуді талап етеді. БҰҰ-ның ТДМ №4 – «Сапалы білім» мақсатына сәйкес әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті, қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы студенттердің кәсіби құзыреттерін нығайтуға бағытталған тәжірибеге негізделген оқыту форматын белсенді түрде дамытып келеді.

Осы жұмыстың аясында кафедраның к.ю.н., ассистент-профессоры М. У. Досановтың жетекшілігімен, кафедра меңгерушісі, з.ғ.д., профессор Р. Е. Джансараеваның ғылыми басшылығымен және Алматы қаласының аудандық соттары басшылығының қолдауымен магистранттарға арналған көшпелі оқу-практикалық сабақ ұйымдастырылды. Сабақ Медеу ауданының №2 аудандық сотында және Алматы қаласының Мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотында өтті.

Іс-шараның мақсаты – магистранттарды әділ сот төрелігін жүзеге асыру ерекшеліктерімен, заңнаманың практикалық қолданылуымен және соттың азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі рөлімен таныстыру болды. Судьялар мен сот қызметкерлері процессуалдық мерзімдерді сақтау, сараптамалық қорытындылардың дәлелдеме ретіндегі маңызы, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау ерекшеліктері туралы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Магистранттар сот жұмысының ішкі ұйымдастырылуымен танысып, сот процесінің өту тәртібін бақылап, қатысушылардың өзара әрекеттесуін бағалап, кәсіби этика мен жауапкершіліктің маңызын терең түсінуге мүмкіндік алды. Ерекше назар әділ соттылықтың сапасына, әділ қарау қағидаттарына және құқықтық мемлекетті нығайтудағы соттың негізгі рөліне аударылды.

Мұндай сабақтар болашақ мамандардың аналитикалық ойлау қабілетін, кәсіби мәдениетін, құқықтық талдау дағдыларын және сот практикасын терең түсінуін қалыптастыруға ықпал етеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соттардағы тәжірибелік сабақтар студенттерге сот жүйесінің нақты жұмысын көріп, қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет етуге деген ынтасын арттыруға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы ТДМ №4 қағидаттарын басшылыққа ала отырып, құқықтық мемлекеттің дамуына үлес қоса алатын құзыретті, жауапты және жоғары білікті заңгерлерді даярлауға бағытталған тәжірибеге негізделген оқыту форматын одан әрі ілгерілете береді.