Тәуелсіздік пен шығармашылықтың үндестігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті ерекше мәдени іс-шараға куә болды. «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы еліміз үшін маңызды мереке – тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік рухы» атты көркем плакаттар көрмесін ұйымдастырды. Бұл көрме тек студенттердің шығармашылық қабілетін паш етуге арналған іс-шара ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарымызға деген құрмет пен патриоттық сезімін көрсетуге бағытталған мәдениет алаңы болды.
Көрмеге Журналистика факультеті «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының «дизайн» және «медиадизайн» мамандығының студенттері қатысты. Олар өздерінің жүрек қалауымен, шынайы сезімдерімен тәуелсіздікке, елге деген махаббаттарын әрбір плакатта бейнеледі. Студенттердің шығармалары көрерменді бірден баурап алды. Плакаттарда қазақ елінің тарихынан сыр шертетін мотивтер мен қазіргі заманғы стильдердің үйлесімі ерекше байқалды. Көрермендер әрбір жұмыс арқылы өткеннің тағылымын, бүгіннің болмысын және ертеңге деген үмітін сезінді. Көрмеде қырыққа жуық плакат қойылды. Әрбір туынды өзіндік философияға, терең мағынаға ие болды. Кейбір плакаттар тарихи кейіпкерлер мен маңызды оқиғаларды бейнелесе, енді бірі заманауи дизайн элементтері арқылы тәуелсіздіктің мәнін көркем тілмен жеткізді. Студенттер ұлттық рух пен заманауи эстетиканы тоғыстыра отырып, әрбір жұмысына ерекше ой, идея мен эмоцияны енгізген. Тарих қойнауынан алынған символика мен заманауи стильдердің үйлесімі көрмеге ерекше көрік қосып, әрбір келушіні ойландырды. Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай көрмеге қатысқан студенттерді арнайы алғыс хатпен марапаттады. Студенттердің шығармашылық шеберлігіне жоғары баға беріп, олардың талпынысы мен еңбекқорлығын ерекше атап өтті.
Көрме жетекшісі, белгілі профессор Жандарбек Берістенов өз ойы мен ерекше ықыласымен бөлісті: «Қазақстан республикасының тәуелсіздігі –әрбір қазақ үшін ең ұлық мереке. Осындай қасиетті күнге орай ұйымдастырылған көрмеге біздің шығармашыл, дарынды жастарымыз қатысты. Бұл тек студенттердің қабілетін көрсету емес, сондай-ақ олардың ой-өрісін, көзқарасын, патриоттық сезімін паш ететін маңызды шара». Профессор Ж. Берістенов атап өткендей, журналистика факультетінде білім беру мақсаттарының бірі – студенттерді тек стандартты біліммен шектемей, стандарттан тыс ойлай алатын тұлға ретінде қалыптастыру. Көрме тек студенттердің шеберлігін көрсету үшін ғана емес, жас ұрпаққа тәуелсіздікке деген сүйіспеншілік пен ұлттық мақтаныш сезімін ояту мақсатына бағытталған. профессор Ж. Берістеновтің пікірі бойынша, осындай мәдени және шығармашылық іс-шаралар студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, болашаққа сенімді қадам жасауына ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар