ҚазҰУ ректоры түркі тілдерінің стратегиялық мәнін баяндады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Астанада өткен «Алуантүрліліктегі бірлік: түркі тілдері және әлемдік өркениет» атты ғылыми-білім беру семинарына қатысып, баяндама жасады. Ауқымды ғылыми жиын Халықаралық түркі академиясының құрылғанына 15 толуына орай, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мен Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні аясында ұйымдастырылды.
Мерейтойлық шара Халықаралық түркі академиясының түркі әлемін ғылыми тұрғыда біріктірудегі рөлін айқындап, тіл мен мәдени мұраны сақтауға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналды. Семинарға белгілі түркітанушы ғалымдар, ғылыми ұйым өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары мен жас зерттеушілер қатысты.
Ректор өз сөзінде алдымен қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл күннің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті. «16 желтоқсан – еліміздің егемендігі мен рухани, мәдени дербестігінің символы. Бұл – әр азаматтың өз болмысын сақтауға және дамытуға деген құқығын айқындайтын тарихи күн. Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығы болашақ ұрпақ үшін берік негіз болып қала береді», – деді ол.
Сонымен қатар Жансейіт Қансейітұлы семинардың Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнімен тұспа-тұс келуінің символдық мәніне тоқталды. 2025 жылғы 3 қарашада Самарқандта өткен ЮНЕСКО-ның 43-ші бас конференциясында 15 желтоқсанды «Түркі тілдері отбасының дүниежүзілік күні» деп жариялау туралы тарихи шешім қабылданған.
Университет басшысы баяндамасында 15 желтоқсанның ғылыми маңызын да атап өтті. Дәл осы күні, 1893 жылы дат ғалымы Вильгельм Томсен Орхон жазбаларын алғаш рет оқып, көне түркі жазуының құпиясын ашқан болатын. Бұл жаңалық түркітану ғылымының қалыптасуына негіз қалады.
Сонымен қатар ректор Орхон ескерткіштерінің 1889 жылы ғалым Николай Ядринцев тарапынан табылып, кейіннен көрнекті түркітанушы Василий Радловтың еңбектері арқылы жан-жақты зерттелгенін тілге тиек етті.
Ректор баяндамасының негізгі тақырыбы – «Түркі өркениеті – мәдени дипломатия мен ұлттық дамудың стратегиялық ресурсы». Жансейіт Қансейітұлы қазақ тілінің және жалпы түркі тілдерінің қазіргі әлемдік гуманитарлық кеңістіктегі рөліне тоқталып, академиялық ұтқырлық, ғылыми аудармалар мен цифрлық жобалардың маңызын атап өтті.
XXI ғасырда сандық технологиялар мен интернеттің мүмкіндіктері арқылы түркі тілдері, соның ішінде қазақ тілі, мәдени диалогты дамытатын, ұлттық бірегейлікті сақтайтын және көптілді, мәдени тұрғыдан ашық жас ұрпақты қалыптастыратын басты ресурсқа айналғанын баса айтты.
Сондай-ақ ректор Түркі академиясының 15 жыл ішінде түркі тілдері мен өркениетін зерттеуде қалыптастырған ғылыми мектебіне жоғары баға берді. «Түркі академиясы – түркі әлемін біріктіретін бірегей ғылыми платформа. 15 жыл ішінде академия тек зерттеу орталығы ғана емес, мәдени дипломатияның маңызды институтына айналды», – деді ҚазҰУ ректоры.
Баяндаманың бір бөлігі аз санды түркі халықтарының тілдерін сақтау мәселесіне арналды. Ректордың айтуынша, қазіргі таңда түркі тілдері отбасына кіретін 30-дан астам тілдің бірқатары шектеулі қолданыста қалып отыр және жүйелі қолдауды қажет етеді.
Осы орайда, Түркі академиясымен ғылыми бағытта тығыз жұмыс істеп келе жатқан ҚазҰУ-дың Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының қызметіне тоқталып, оның аясында халықаралық зерттеулер мен ғылыми-білім беру бастамалары жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. «Түркі тілдері – тек ғылыми зерттеу нысаны емес, бұл – мәдени дипломатияның, ұлтаралық диалогтың және тұрақты дамудың маңызды ресурсы», – деп түйіндеді ректор.
Семинар барысында қатысушылар Түркі академиясының 15 жыл ішінде түркі әлемін ғылыми тұрғыда біріктірудегі рөлін атап өтіп, алдағы уақытта түркі тілдері мен мәдениетін зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар