- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні: құқықтық негіздер, тарихи жады және ұлттық құндылықтар
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні: құқықтық негіздер, тарихи жады және ұлттық құндылықтар
4 және 16 Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы жоспарлаған іс-шаралар шеңберінде және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында 2025 жылғы 11–12 желтоқсан күндері жетекші оқытушы, заң ғылымдарының докторы Қалишева Н.Х.-тың басшылығымен «Әділетті құқық» ғылыми қауымдастығының белсенді мүшелерінің қатысуымен «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша білім алатын 4-курс студенттері Жакитов Богдан мен Арезимова Сабина бакалавриаттың бітіруші курстарының әртүрлі ағымдарында оқу семинарларын өткізді.
16 желтоқсан – Қазақстанның ұлттық қаһармандарын еске алу күні. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жолдауларында тәуелсіздіктің ел егемендігі мен тұрақты дамуының берік негізі ретіндегі маңызына айрықша назар аударылып келеді. Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңының қабылданғанына 34 жыл толуына орай, біз өткен кезеңге көз жүгіртіп, осы жылдардың ел экономикасын нығайту, ұлттық мәдениетті дамыту және Қазақстанның халықаралық беделін арттыру жолындағы тарихи маңызын тереңірек пайымдаймыз.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді: қарқынды экономикалық өсімнен бастап, азаматтық қоғамның қалыптасуына және халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына дейінгі кең ауқымды нәтижелерге жетті. Бұл жол елдің халықаралық аренадағы берік ұстанымының, жүйелі реформалардың және ұлттық өркендеуге деген тұрақты ұмтылыстың арқасында мүмкін болды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған идеялардың бүгінгі күнге дейін өзектілігін атап өткен жөн. Аталған еңбегінде Мемлекет басшысы «төртінші онжылдықтың басты мақсаттары – қуатты мемлекет пен бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру» екендігін айқындайды. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент Қазақстан үшін Республика күні мемлекеттілікке бастар батыл қадамның символына айналуы тиіс екенін атап өтіп, бұл күнді тәуелсіздік жолында айрықша үлес қосқан ұлттық қаһармандарды еске алу күні ретінде атап өтудің маңыздылығын жеткізді.
Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заң қазақ ұлтының өзін-өзі айқындау құқығын растай отырып, республикалық деңгейде мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде «Қазақстанның біртұтас халқын» таныды. Қазақ ұлтымен қатар, бұл халықты тарихи тағдыры ортақ, түрлі ұлт өкілдерінен тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары құрайды. Қоғамды орнықты дамытуға бағытталған жүйелі жаңғырту міндеттері мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде тиімді басқару жүйесі қалыптасқан жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Тәуелсіздік – көпқырлы әрі күрделі үдеріс екенін атап өткен жөн. Ол қоғамның белгілі бір күйі ретінде біртіндеп, көптеген өзара байланысты құрамдас элементтердің қатысуымен қалыптасады. Мәселен, мемлекеттің тәуелсіздігі оның аумақтық тұтастығы мен бөлінбейтіндігі, сондай-ақ шекарасының мызғымастығынсыз мүмкін емес. Мемлекеттік тәуелсіздік ұғымы егемендікпен тығыз байланысты, яғни мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда өз бетінше шешім қабылдау құқығын білдіреді. Тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін тәуелсіздік – сыртқы ықпалдан арылып, ұлттық бірегейлікті орнықтыруды білдіреді.

Қазіргі заман шындығы көрсетіп отырғандай, экономикалық егемендіктің құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асыру тек қолданыстағы және үнемі жаңарып отыратын заңнама жүйесіне ғана емес, сонымен қатар саяси ерік-жігерге, нақты саяси шешімдерге де тікелей байланысты. Бұл өз кезегінде ел ішіндегі егемендікті жүзеге асырудағы саяси тетіктердің маңызын айқындайды. Осы тұрғыда тәуелсіздік қағидатының мазмұны мен оны іс жүзінде жүзеге асыру шешуші рөл атқарады. Егемендік – биліктің белгілі бір салаға таралуын сипаттайтын негізгі категория. Ол жеке адамның отбасындағы және меншігіндегі билігінен бастап, мемлекеттік биліктің тармақтары мен құрылымдарына дейінгі өкілеттіктердің шегін қамтиды әрі билік иесінің өз юрисдикциясы аясындағы дербестігінің өлшемі болып табылады.
Тәуелсіздік ұғымы және оны практикалық тұрғыдан іске асыру тетіктері егемендікті нақтылайтын саяси механизмдерге жатады. Бұл механизмдер экономикалық, саяси, әскери-стратегиялық және өзге де салалардағы заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілер арқылы қамтамасыз етіліп, мемлекеттің Конституциясында бекітілген негізгі қағидаттарды жүзеге асыруға бағытталады. Өз елінің тәуелсіздік тарихын жан-жақты әрі жүйелі түрде зерделеу – әрбір азаматтың міндеті. Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде конституциялық-құқықтық дамудың өзекті мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Ал бұл бағыттағы білім берудің көшбасшысы ретінде мемлекет және құқық теориясы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы жетекші рөл атқарады.
"Мемлекет және құқық теориясы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы