ҚазҰУ-да цифрландыру жағдайындағы баспа ісі талқыланған республикалық конференция өттіFarabi University

ҚазҰУ-да цифрландыру жағдайындағы баспа ісі талқыланған республикалық конференция өтті

14 қараша, 2025

2025 жылдың 14 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Цифрландыру дәуіріндегі баспа ісі және кітаптану: заманауи үрдістер және даму болашағы» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға отандық ғылым мен мәдениет саласының сарапшылары, баспа ісінің мамандары, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Конференция биыл 75 жасқа толған белгілі баспагер, ғалым-ұстаз Қоңыр Мұқатайқызының мерейтойымен тұспа-тұс келіп, оның баспа мәдениетін дамытуға қосқан үлесі іс-шараның негізгі мазмұнымен үйлесті. Ғалым Қазақстанда халықаралық стандартты кітап нөмірлеу жүйелерін (ISBN, ISSN, CIP) енгізуге жетекшілік еткен тұлға ретінде ерекше атап өтілді.

Алқалы жиынды ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, ақын, филология ғылымының докторы Бауыржан Жақып ашып, қазақ кітаптануының қалыптасу кезеңдерін, баспаның тарихи дамуын және стандартты нөмірлеу жүйесінің маңызын кеңінен түсіндірді.

Одан кейін сөз алған ҚазҰУ-дың «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Құмарғалиұлы баспа саласының ел мәдениетіндегі рөлін айта келіп, журналист мамандығының қоғамдық жауапкершілігіне тоқталды. Ол университет ректоры Жансейіт Қансейітұлының атынан мерейтойлық құттықтауды оқып, Қоңыр Мұқатайқызына ҚазҰУ-дың күміс медалін табыстады.

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызы қазіргі баспа үдерісінің трансформациясы, электронды контенттің дамуы, онлайн-баспагерліктің келешегі жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Ол Қоңыр Мұқатайқызының халықаралық стандарттарды енгізу арқылы қазақ кітабының әлемдік айналымға шығуына жол ашқанын атап өтті.

Іс-шараға қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Айдос Жұмаділдә мәдениет пен баспа саласының шығармашылық байланысына тоқталып, студенттерге өз тәжірибесінен мысалдар келтірді.

Конференция барысында студенттер баспа ісінің ішкі құрылымы, цифрлық дәуірдің талаптары, кітап шығарудың кәсіби кезеңдері туралы жан-жақты мәлімет алып, сала мамандарымен еркін пікір алмасты. Бұл – жас буын үшін тәжірибеге толы оқу алаңы болды.

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Тұрғалиқызы отандық баспагерлікті қаржыландыру мәселелерін зерттеу қажеттігін айтып, бұл бағытта арнайы еңбек жазуға ұсыныс жасады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай зерттеу саланың экономикалық моделін жетілдіруге көмектеседі.

Қорыта айтқанда, ҚазҰУ-да өткен бұл конференция цифрландыру жағдайындағы баспа және кітаптану саласының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, мамандар мен студенттердің кәсіби байланысын нығайтқан маңызды шараға айналды. Ғылыми пікір алмасу, мерейтой иесінің құрметі және тәжірибе бөлісу – отандық баспа мәдениетінің дамуына серпін беретін құнды қадам болды.