- Басты бет
- Жаңалықтар
- АБАЙ ІЛІМІ – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ (Абай ҒЗИ-да өткен танымдық қорытынды сабақ)
АБАЙ ІЛІМІ – РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІ (Абай ҒЗИ-да өткен танымдық қорытынды сабақ)
2025 жылы 4 желтоқсанда Абай ғылыми-зерттеу институтының оқытушыларының ұйымдастыруымен механика-математика факультетінің қызыл залында «Абай ілімі – рухани құндылықтар жүйесі» атты ауқымды танымдық ашық сабақ өтті.

Алдын ала жоспарланып, хабарланған қорытынды танымдық ашық сабақта пән бойынша барлық тақырыптар бойынша әр мамандықтың топтық жобасы : 2) интерактивті рөлдік ойындар, Кісілік кодексі бойынша ситуациялық көріністер; Абай шығармалары бойынша челлендж; 3) ең бастысы, АБАЙ ТАКСОНОМИЯСЫның ҚОЛДАНУ сатысы бойынша әр топтан ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ ӨНІМ ұсынылды.

Ең алдымен, студенттерге үлкен экраннан АБАЙ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ РЕСМИ САЙТЫНДАҒЫ " ЕКІ ТОРҒАЙДЫҢ ӘҢГІМЕСІ" МЫСАЛ ӘҢГІМЕСІ көрсетілді. Одан соң сөз алған Абай ҒЗИ доценті Л.Ж.Мұсалы «адамдық пәні – Абай ілімі» екенін атап өтіп, студенттерге сабақ шарттарын түсіндіріп, студенттерді «АБАЙ айтқандай, "өзің үшін еңбек етпей», «КӨПТІҢ ИГІЛІГІ ҮШІН " еңбек етіп, білгенімен бөлісуге шақырды.

Ашық сабаққа ФИЛОЛОГИЯ, ТАРИХ, ШЫҒЫСТАНУ, ЖУРНАЛИСТИКА факультетінің студенттері қатысып, Абай ілімінің құрамдас бөлімдері: ақыл, қайрат, жүректің мәні туралы, Абай ойларының қазіргі заманмен байланысы, ақынның шығыс дүниетанымындағы рухани ұстанымдар, өлшем концепциясын арнайы презентациялармен жан-жақты талдап түсіндірді.

Студенттер Абай шығармашылығын заманауи ғылымдармен (философия, педагогика, шығыстану, тарих) байланыстыра отырып, Абай ілімінің әмбебаптығын пәнаралық сипатын дәлелдей алды. Әр мамандық студенттері Абайдың кісілік кодексіндегі, өлеңдері мен қарасөздеріндегі өзекті ойларды интер-претациялап, бейне-челлендждер, видео-ролик, қысқа метражды фильм дайындады.

Ашық сабақтың мәнін студенттердің рөлдік ойындары тереңдете түсті. Олар рөлдік көріністер арқылы Абайдың адамгершілік қағидаларын, Абай айтқан бес асыл іс пен бес дұшпанның мәнін, адам бойындағы ақыл, қайрат, жүректің тұтастықта болуын, әрбір істің орта шамадан асып я кем түспеуін өмірлік ситуациялармен байланыстыра көрсетті. Бұл тәсіл студенттердің Абай ілімін терең түсініп, сезініп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді, сондай-ақ бұл тәсіл студенттің шығармашылық қабілеттерін ашты.

Әр мамандық студенттері Абай ілімін IT саласымен байланыстыра отырып, Абайды ұлтымыздың бренді ретінде насихаттау мақсатында өздері жасаған интеллектуалдық өнімнің қалай жасалғанын, оны өмірде қолдануды арнайы презентациялармен түсіндірді. Интеллектуалдық өнім ретінде телеграм канал, күнделік, сөздік, бейнефильм, телефон қабы, газет т.б өнімдер таныстырлды. Бұл жұмыс студенттердің зерттеу қабілетін дамытып, ақпараттық сауаттылығын, шығармашылық ойлауын дамытты.

Кеш қонақтары ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, ахметтанушы ғалым Орнай Жұбай, шығыстану факультетінің аға оқытушысы Смағұлова Сымбат қатысып, өздерінің Абай іліміне, рухани құндылықтар мәселесіне, адамгершілік қағидаларына қатысты тұшымды ойларын айтты. Қонақтар студенттердің ғылыми-шығармашылық ізденістерін жоғары бағалап, инттелектуалды өнімдер мен интерактивті жұмыстардың қазіргі білім беру үдерісіндегі маңызын атап өтті. Абай ғылыми-зерттеу институтының оқытушылары – Мұсалы Ләйлә Жұматайқызы, Даутова Бибігүл Дәулетқызы, Ыбырайқызы Гүлжан студенттердің барлық тапсырмаларын бағалап отырды.

Қорыта айтқанда, «Абай ілімі – рухани құндылықтар жүйесі» атты танымдық ашық сабақ мазмұны терең, жаңашылдығымен ерекшеленді. Абайдың рухани құндылыққа негізделген адамгершілік ілімі бүгінгі қоғамға бағдар беретін бағдаршам, адам баласын, әсіресе жастарды адастырмас бағыт, рухани жүйе екені айқындалды.