Тәуелсіздік – тірегім!Farabi University

Тәуелсіздік – тірегім!

12 желтоқсан, 2025

Тәуелсіздік тірегім!

 

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні.

Бұл күн – халқымыздың көп ғасырлық тарихи мұратын айқындаған, ұлттық мемлекеттіліктің жаңғыруын білдіретін, мемлекеттік егемендіктің орнығуын айғақтайтын аса маңызды дата. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан өз тәуелсіздігін ресми түрде жариялап, ел тарихының жаңа кезеңі басталды. Бұл оқиға – қазақ халқының еркіндікке ұмтылған талай ғасырлық арман-тілегінің, ұлт-азаттық қозғалыстарының, тәуелсіздік жолындағы күресінің тарихи жалғасы әрі нәтижесі.

Тәуелсіздік – біздің мемлекеттік егемендігіміздің, ұлттық бірлігіміз бен рухани тұтастығымыздың басты символы. Ол – ата-бабамыздың ерлікке толы күресі, тарихи сабақтастығымыздың көрінісі және қазіргі ұрпаққа аманат ретінде тапсырылған қастерлі құндылық.

Осы мерекеге орай, Тұрақты даму мақсаттарының «4. Сапалы білім» бағыты бойынша 12.12.2025 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінде «6В02205-Ғылыми тарих» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері куратор Ақнұр Оразғалиқының жетекшілігімен «Тәуелсіздік – тірегім» атты танымдық бейнеролик дайындады. Бұл шығармашылық жұмыс жастардың тарихи санасын қалыптастыру, тәуелсіздік құндылықтарын терең түсіндіру және ұлт тарихына құрмет сезімін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Бейнеролик барысында студенттер желтоқсан оқиғасының қаһармандарына қатысты тарихи деректер мен тағылымды естеліктерді баяндап, олардың батылдығы мен ұлттық мүдде жолындағы қайсарлығын ерекше атап өтті. Сонымен бірге, тәуелсіздіктің мәні, оның бүгінгі ұрпаққа жүктейтін әлеуметтік-тарихи жауапкершілігі туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Бұл іс-шара жас буынның тарихи жадыны жаңғыртуына, тәуелсіздік идеясын ғылыми-танымдық тұрғыда түсінуіне ықпал етті. Осындай тәлімдік жұмыстар студенттердің азаматтық ұстанымдарын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды терең меңгеруге жол ашады.

Жиын соңында студенттер мен оқытушылар қауымына жылы лебіздер айтылып, ел бірлігі мен тәуелсіздігінің мәңгілік болуына тілектер жолданды.

Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!