«Жүректен жүрекке: ата-аналардан хат»
Әдебиеттану мамандығының 1-курс студенттері куратор-эдвайзер Л. Мекебаеваның ұйымдастыруымен 17-ТДМ аясында «Жүректен жүрекке: ата-аналардан хат» атты ашық кураторлық сағат өтті. Шараның негізгі мақсаты – студенттердің оқуына деген ынтасын арттыру, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту, сондай-ақ алғашқы семестр қорытындысына дайындық кезеңінде мотивация беру болды.
Кураторлық сағат барысында студенттер алдағы қорытынды бақылау емтиханын және алғашқы семестрдің аяқталуын ескеріп, өз ата-аналарынан арнайы дайындалған жылы лебізге толы хаттар алды. Хаттарда ата-аналардың балаларына деген үміті, тілегі, қолдауы мен сенімі көрініс тапты. Бұл сәт студенттер үшін ерекше әсерге толы болды: көпшілігі толқып, хаттарды тебірене оқыды, ал куратор ата-аналардың әрбір сөзінің маңызын атап өтіп, студенттерге рухани демеу берді. Шара барысында студенттер де өз әсерлерімен бөлісіп, ата-аналарының сенімін ақтау үшін жауапкершілікпен оқудың, тәртіп пен еңбектің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, куратор алдағы емтихан кезеңіне дайындығы бойынша пайдалы кеңестер беріп, білім алушыларды жүйелі дайындыққа шақырды.