- Басты бет
- Жаңалықтар
- Цифрлық трансформация жағдайында қаржылық заңнаманы дамытудағы стратегиялық мәселелер талқыланды
Цифрлық трансформация жағдайында қаржылық заңнаманы дамытудағы стратегиялық мәселелер талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Цифрлық трансформация жағдайында қаржылық заңнаманы дамытудағы стратегиялық мәселелер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы ұйымдастырды. Конференция БҰҰ ТДМ-16 және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында өткізілді, оған Польша, Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Тәжікстан елдерінің ғалымдары мен тәжірибе мамандары қатысты.
Конференцияны ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Ерманұлы Дүйсенов ашып, қаржы секторындағы цифрлық трансформация үдерістерінің негізгі бағыттарына тоқталды. Заң факультетінің деканы Уалихан Ақыпбекұлы Ахатов құттықтау сөз сөйлеп, цифрлық экономиканың құқықтық реттеу саласына әкелетін өзгерістері мен заманауи ғылыми зерттеулердің маңыздылығын атап өтті.
Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлдана Амангельдиевна Куаналиева цифрлық банкингті құқықтық реттеудің өзекті мәселелерін талқылап, қаржы технологияларының құқық саласына әсерін жан-жақты сипаттап берді. Конференция барысында сондай-ақ Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры м.а., заң ғылымдарының докторы Аманлық Базарбайұлы Гүлімов; ҚР Президенті Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының бас маманы, PhD дәрежелі Нұржан Сәулен; «Apex Insurance» компаниясының бас андеррайтері Мәлік Серікұлы Наурызбаев; Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Ғазиз Дүйсенқұлұлы Тайгамитов пікірлерімен бөлісті.
Онлайн форматта Жетісу мемлекеттік университетінің өкілі, философия докторы (PhD) Ғалым Байғазыевич Телеуев су ресурстарын қорғаудың құқықтық негіздері мен цифрлық мониторингтің мүмкіндіктерін таныстырды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, PhD Канат Мұратұлы Қожабек салық әкімшілігін жүргізуде ақпараттық технологияларды қолданудың құқықтық аспектілерін қарастырды.
Конференция жұмысына құрметті қонақтар ретінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры Қайрат Тұрлыбайұлы Битемиров, Қожа Ахмет Ясауи университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Гульмира Жарылхасыновна Азретбергенова, Гданьск мемлекеттік университетінің профессоры Эдвардас Юхневичюс, сондай-ақ онлайн форматта Тәжік ұлттық университетінің доценті Одилбек Абдулназар Мавлоназарзода қатысып, конференция резолюциясына өз ұсыныстарын берді. Сонымен қатар кафедра басшылығының өкілдері – Гүлнұр Қойшынқызы Рашева және Айнаш Акимсаловна Есекеева баяндамалар жасады.
Жалпы алғанда, конференция цифрлық трансформация жағдайында қаржылық заңнаманы жетілдіру, ғылыми пікір алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды диалог алаңына айналды.