Стамбул университетіндегі әл-Фараби орталығы филиалы аясында халықаралық ғылыми ынтымақтастық кеңеюдеFarabi University

Стамбул университетіндегі әл-Фараби орталығы филиалы аясында халықаралық ғылыми ынтымақтастық кеңеюде

29 желтоқсан, 2025

Стамбул университетіндегі әл-Фараби орталығының филиалы базасында халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының профессоры Ғабитов Тұрсын Хафизұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, "Әл-Фараби" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сүлейменов Пірімбек Мұханбетұлы арнайы іс-сапарында аталған филиалдың жетекшісі – белгілі түрік ғалымы Абдулла Қызылжықпен  кездесті. Кездесу барысында әл-Фараби мұрасын заманауи гуманитарлық ғылым тұрғысынан зерттеуге бағытталған ортақ ғылыми зерттеулердің стратегиялық бағдары бекітілді.

Ынтымақтастық аясында бірқатар маңызды ғылыми бастамалар жоспарлануда. Атап айтқанда, Scopus дерекқорына енгізілетін халықаралық әл-Фараби мұраларына негізделген ғылыми журналды дайындау, сондай-ақ әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық Конгресс пен ғылыми конференциялар өткізу көзделіп отыр. Бұл бастамалар Фарабитануды әлемдік академиялық кеңістікке жүйелі түрде интеграциялауға мүмкіндік береді.

Жобаның ерекше ғылыми маңыздылығы – бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген, аударылмаған әл-Фарабидің екі жаңа трактатын зерттеу және ғылыми түсініктемемен жариялау болып табылады. Бұл еңбектер ойшылдың дүниетанымдық, діни және саяси көзқарастарын жаңаша пайымдауға жол ашады.

Аталған зерттеулер AP26199967 нөмірлі «Әбу Насыр әл-Фарабидің діни-саяси көзқарастарын зерттеудің заманауи парадигмасы («Китәб әл-Миллә», «Әл-Илм әл-Илаһи» трактаттарының қолжазбалары негізінде)» атты фундаменталды ғылыми жоба шеңберінде жүзеге асырылуда.

Жобаның негізгі мақсаты – әл-Фарабидің діни-философиялық және саяси ілімін қолжазбалық деректер негізінде кешенді түрде талдап, оның идеяларын қазіргі заманғы философиялық, саяси және мәдени дискурстармен сабақтастыра зерделеу. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланып, әл-Фараби мұрасын жаһандық деңгейде танытуға бағытталады.

Бұл ынтымақтастық әл-Фарабитану ғылымының институционалдық дамуына, Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға және түркі-ислам философиялық мұрасын терең зерделеуге маңызды үлес қосады.