Қазақпарат

25 сәуір, 2016

Жүсіп Баласағұн:«Қалар мұра - сөз, кісіден кісіге, Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе». АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі дүниесінің ойшылы Жүсіп Хас Хажыб Баласағұнның туғанына 1000 жыл толуына байланысты 2016 жыл түркі әлемінде ТҮРКСОЙ шешімімен Жүсіп Баласағұн жылы деп жарияланып отыр. Осыған байланысты елімізде көптеген мерейтойлық шаралар басталды. ҚазАқпарат оқырмандарына философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Ы.Алтынсарин сыйлығының лауреаты Жақан Молдабековтің . «Ана тілі» ұлт газетінде жарияланған мақаласын ұсынады Арада мың жылдай өткесін түрік әлемінің әйгілі ақын-ойшылы, ағартушысы Жүсіп Баласағұнның шығармашылық жетістіктеріне қайта оралып жатқан жайымыз бар. Тегін емес. VІ-ХІІ ғасырлар аралығында Жібек жолы өңірі мен Орта Азия мемлекеттері өркениеттің жоғарғы сатысына көтеріліп, елдер арасында сауда-саттық жұмыстарының қарқындап тұрған шағы болатын. Батыс болса, керісінше, өзара көре алмаушылық, бірін-бірі қудалаушылық белең алып, оның тоз-тозы шыққан крепостной шаруалары әртүрлі сәтсіз жағдайларды, орта ғасырдағы үрейлі ғұмырды бастан кешіріп жатты. Жаңа заманның өтпелі кезінде қоғамның, адамдардың белсенділігі күн санап артты. Тарихтағы маңызды бетбұрыстар, қарқынды өзгерістер несімен құнды? 1) Атамекенмен, жерұйықтағы өнегелі, өресі кең, өміршең бастауларымен; 2) адамның күш-қуатын қалыптастыратын кісілік қылықтар мен қасиеттер арқылы, отбасы мен қауымдастық құндылықтар тұрғысынан дәстүрді іріктейтін үлгісімен; 3) мемлекетті, елді басқарудың ортақ саяси мәселелері мен іс-шараларын жаңа қырынан қарастыруымен мәнді. Бірінші құндылық Ж.Баласағұнның елдік ниетінде. Елдің еңсесін көтерген идея адамгершілігі және әлеуметтік маңызы зор өткір оқиғаларға назарды аудартқызды. Екінші құндылық - адами әлеует пен әлемді ұлықтауда, яғни адамдық қарым-қатынастағы жаңашылдықты, білімдар белсенділік пен сауаттылықты көтермелеуде. Үшінші құндылық - тұлғаның тәлімді болмысында, яғни кісілікке жақсылық жасаудың, туыстықтың түбір-тегін түгендеудің гуманистік көкжиегіне ықылас танытуында. Тәлімді ойшылдың ұстанымы жеке пенденің мінез-құлық шегінісіне көндікпеді, жігерлі жаранның ақыл-параса­тын өңдеді. Ақыл-парасат арнасы сөз өнерінен, нақыл сөздерден, ақиқаттан бастау алды. Бұл тағылымның бір ережесі - ойды тыңдаушыға жүйелі, дәлелді, анық, айқын етіп тізбектеп беру үшін оны іштей құрастыра білу, ал үйрететіні - ақиқат сөздің нәрін Діл, Тіл, Дін, Ел мәселелеріне шоғырландыру. Бірақ заманның қилы түйткілдері мен көлденең ­жайттары тұлғалық қасиеттерге түрлі тұсаулар құрып, құндылықтарды санатқа ендіруді кешіктірді. Ғылым дамыған сайын жеке бастың бостандығы артты, таланттарға жол ашылды. Таланттың тірегі - тәрбие, ал тәрбие (оқу, білім) ақылдыны нұрландырды. Тәлімді ойшылдың тұжырымдары кейінгі ұрпақтардың жадында сақталынды. Қазақ жерінде, Талас өңірінде Баласағұн атты қаланың бой көтеруі, оның ғасырлар бойы руханияттың орталығына айналуы, Орта Азияға әйгілі ойшыл ақынның азаматтық, шығармашылық табыстарына деген халықтық ілтипаттың айғағы екені даусыз. Ж.Баласағұнның рубаяттары жаңа өмір­ге, адамның болмысына орнықты көз­қа­рас­тарды қалыптастырудың, оларды жал­ғандықтан, жамандықтан құт­қарудың ха­лықтық талпынысы мен өмір салтының сипат­тамаларына ұқсас. Біз бұл орайда елдік өрке­ниеттің қос нышанын аңғарамыз. 1. Ел қажетін тек таза жүректі, сергек саналы, туған жердің топырағынан құнар алған өмір­лік тәжірибе иелері ғана қалт жібермей сезінді, сондай іңкәрлікке бейімділік танытты. 2. Нақты міндеттерге, ауқымды проб­­лемаларға толығырақ түсінік, мақсатты ой­лану қабілетін жетілдіруге деген ұмтылыс зия­лы салауаттылар тарапынан қолдау тапты. Он ғасырдан кейін тәуелсіз Қазақстан өркениеттің жоғарғы сатысына өрлеп бара жатқан жайы бар. Енді ел азаматтары байтақ өңірде бұрыннан дәстүрге айналған еркін тілдесу, емін-еркін сұхбаттасу, өзара түсінісу, бірін-бірі сыйлай білу өнегесін игеруде. Жұмылған әрекетте адам алдымен кімді түсіне алды, түсінуге тырысты, кімнен өзін аулақ ұстап бақты? Қиыншылықта түсінбеушілік неден басталды, кімдер жағынан қолдау тапты? Жамандықтың пайда болу себебі неде? деген тіршілікке тиек болатын сауалдарға жауап іздеуде. Ондай толғаныстар тегін емес. Тіршілік тынысы тарылғанда тығырыққа тірелген мәселелерді ескеру, ал кеңінен ашылғанда өмірдің келелі болашағы туралы нақты түсінік-талдауды алға тарту, тоқтам-тұжырымдарды ұсыну дағдыға айналуда. Тек түркі әлемі туралы тұтас дүниетанымдық көзқарастың қалыптаспауы ғалымдарды ойландырады. Ж.Баласағұн үшін: 1) «Тарихтың көзі де, өзі де - адам, Дамудың... ыстық жүрегі де - адам». Ғұлама адамның болмысы мен жан дүниесін толық түсінуге тырысқан; 2) «болашақ - өткен тарихты қорыту...». Бұрынғы ойшылдардың рухани мұрасымен жақын таныстығын көрсетеді; 3) замандасымен, ұрпақпен ашық, еркін сұхбаттасу барысында адаммен тіл табысады, адамзат тарихымен тілдеседі, болашағымен үндесуге ниет танытады. Осындай ұстанымдарды ұлағаттаған ақын адам болмысының іштей тоқырау нышандарына назар аударып қана қоймай, адамды тәрбиелеудің тұтас көкжиегіне шықты. Кемшілік пен білімсіздікке төзімділікпен қараса да, надандық пен немкетерлікке, зұлымдыққа қарсы тартынбай күресті. Адам­гершіліктің дамуын бар болмысымен қолдады. Ж.Баласағұн адамгершілік пен іс­кер­лік аясын кеңейтуде, тұлғалық және халықтық сананы қалыптастыруда өзіндік қайталанбас рөлін атқарды. Біздің ойы­мызды қорытуға Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны, шамасы 54 жасында 18 айда (1069-1070 жж) жазған іргелі еңбегі негіз болды. Кітап 6645 бәйіттен тұрады. Ашық айтарымыз, кітап иесі керемет білімді, парасатты, заманының озық ойшылы; оның ұлылығы - ақылда, біліктілікте, өткерер тынымды тірлікте. Дас­тан - құнары мол, дәуірдің киелі кітабы. Әзіз кітаптың құдіреті - адамгершілік қуатында, елдікке арналған мұратында. «Құтты білік» дастаны қос бастаманың - автордың үздік дарыны мен білімінің айғағы, сол кездегі жазу өнерінің, жазба әдебиеттің, қолданбалы өнердің, жаратылыстану ғылымдары мен философияның жақсы дамығанының нәтижесі. Бірде ақын: «Шығыс елі, күллі түркі ішінде, Дүниеде кітап жоқ бұл пішінде. Құтты кітап - хан тілі атанған. Кітап құны - біліктілікте» десе, енді бірде: Дастан «жақын күллі адамзаттың діліне», «күллі кісіге ақыл береді. Ол арқылы «түркі тілі ғажабына қанарсың». Онда «әмірліктің шарттары мен тәртібі» көрсетілген, ел басқарудағы тәртіп-жөнді саралап ұғындырылады дейді. «Құтты білік» мән-мазмұны жағынан таң­дандыратын, толғандыратын, даналыққа құштар­лықты арттыратын трактаттар жиынтығы; адамгершілік, адалдық, қайырымдылық хақындағы ізгі мұраттар сабақтастығы; халықтың құты, ырысы болған ілім. Әдеп ілімі мен дүниетанымдық бағдары негізгі үш факторға - ірі тұлғалардың өмірлік тәжірибесі мен қоғамдық пікірге, кең ортадағы сауатты ақсүйектердің әлеуметтік әлеуеті мен ойшылдардың рухани мұрасына, биліктің түрлеріне және адамдардың өзара ықпалына деген өзінің ішкі тоқтамы мен сеніміне негізделген. Тұрмыс-тіршілігін ірі талаптар деңгейіне көтерген еңбек. Табыс көзінің бір бастауы - тарихи сабақтастық пен көркемдік үйлестікте. Күлтегіннің үлкен жазуы мен «Құтты білік» дастанының арасында мәдени-тарихи кезеңнің, көркемдік стильдің үзілмегенін мамандар бірауыздан қолдайды. Бұл жай өскен ортаның, географиялық, мәдени-әлеуметтік атмосфераның үйлесімділігін, ұқсастығын аңғартатындай. Дастандағы көркемдік талғам мен стильдік құрылымдар көне дәуір поэзиясымен тамырлас, ал өлеңнің формасы, образ жасау жүйесі, сөз орамдары шығыстық өрнекпен үндес келеді. Ақын Орта Азиядағы, Ирак, Ирандағы «жаңару» дәуірі әдебиетінің (VІІІ-ІХ ғғ) идеялық ағымдарымен таныс болғандығын аңғартады. ХІ-ХІІ ғғ. ирандық рубаи үлгілерін түзіп береді, парсы-түрік әдебиетінің ерекшеліктерін сауатты ескерген. Ақын - қайраткер ойшыл, ойшыл ғұлама. Ел басқарудың рухани-діни және саяси тәртіптермен жақсы таныс, олардың әлеуметтік мән-мағынасын айқын ажыратады. Ж.Баласағұн әл-Фарабидің «жаман мінез-құлық - бұл рухани дерт, жақсы мінез-құлық пен ақыл-ой парасаты - адамның басты қадір-қасиеттері», «бақыт - әрбір адам ұмтылатын мақсат», ал «ұстаздың мінез-құлық нормасы қалыпты іс-әрекет үстінде ғана қалыптасады», «ол интеллектің пайымдағыш объектілерін аңғарады, сұлулықты сұмпайылықтан айырады, сөйтіп, өнер мен ғылымға ие болады» деген ортақ тағдырдың қағидаттарын басшылыққа алады. Ойшыл ақынға әл-Бирунидің «...адам егер [ғылыми] іспен айналысса және [зерт­теуінде] нақтылы болса, қандай да бір білім саласы туралы пікір түйе алады. Мұның өзінде ол барлық ғылымның негіздерін таныған философ болуы тиіс, өйткені оларды жекелеп тануға оның ғұмыры жетпейді» деген тұжырымдары, Ибн Синаның таным туралы басты ұстанымдары - тәжірибе, пікір, қорытынды, ұйғарым, ұқсасым, жорамал және т.б. туралы түсініктемелері де мәлім сияқты. Танымдық тапқырлықты рухани мұрадан, салауатты ортадан іздеді. Ой-парасаттың өнімін өңдеу, толық­тыру, топтау, тарату - Жүсіп Баласағұнның үлесіне тиген, дәлірек айтқанда, сол жауапкершілікті өз мойнына алған, оған үлкен дайындықпен келгендей. Ойшыл да іскер ақын азаматтық тұрғыдан өз тоқтам-түйіндерімен бөлісті, елдік сапарда төрелік шешімдер қабылдады, тың әрекетке жол ашты; адамгершілік кодексін жасады, билік дәстүрінде ел басқарудың жаңа үлгілерін ұсынды; елдің рухани, моральдық-этикалық тұлғасының бейнелі беделін тұжырымдады. Сондағы өсиеті - өзің үшін, болашағың үшін шешім қабылда, шешімді орында, сенімді ұстанымды қажетті өтеу үшін жарат. Ойшыл ақын ғылымға, тарихи тә­жірибеге, танымдық талғамға, өмірдің эстетикалық сезімталдығы мен этикалық ұстанымдарына, қысқасы адамзат білімі мен мәдениетінің жетістіктеріне сүйенеді. Осы ниетте 1) «үйренбеген өнер-білім қалмады, білгендерін қолына алып талмады»; 2) адамды әлеуметтендіруде, азаматты әлдендіруде рухани адалдық және кемелділік танытты; 3) өркениеттің керуенінен, тынымсыз ізденімпаздардың талпынысынан шет қалмады. Ж.Баласағұн ойшыл ретінде өмір жолын, адам тағдырын және ел болашағын біріктіре талқылауды, адам болудың құндылықтарына, қасиеттеріне және тәсілдеріне деген байырғы қалыптасқан дағдыны қайта қарастыруды, толықтыруды мақсат тұтады. Рухани кеңістікті кеңейтудегі мақсат - адам болмысының әлеуетін, кісілік қасиеттердің қуатын ашып беру, адал еңбектенушілердің еңсесін көтеру, жалқаулар жатып ішуге неге бейім екендігін әшкерелеу, көпшілікті жағымды ниетке тоғыстыру, түбірінде рухани жаңғыру мен мәдениетке жол ашу еді. Рухани құндылықтар мен тарихи-мәдени мұраны анықтау, жинақтау, толықтыру, сақтау, зерделеу және насихаттау жұмыстарын ретке келтіру, оған жаңа серпіліс енгізу - рухани жаңару мен гуманистік дәстүрді жалғастырудың басты шарттары. Оған дәстүрлі пікірлер мен дәйекті болжамдар демеулікті үдетті. Өркениет кезінде адамгершілік тәртібі мен тәжірибесі алдымен сынға ұшырады, солай болса да адамгершілікке, тектілікке негізделген қарым-қатынас көркейді, тағзым күшейді. Адамгершілікке бет бұру - ізгі жүрек ізгілігінен, туған жері, еліндегі тұма бастаулар мен мінез ерекшеліктерін іздестіруге ұйытқы болды. Ал ойлы іс-әрекет еркіндігі, көркемдік және ғылыми-философиялық шығармашылық қарқынының ауқымдануы - адам болмысына және ел бірлігіне деген қызығушылықты арттырды. Осы тұрғыдан қарастырсақ, дастанның идеялық композициясы төрт ұлы ұғымнан, төрт қымбат қасиеттерден: 1) шындық жолы, Әділет; 2) құт пен ырыс, Дәулет; 3) Ақыл менен парасат; 4) ұстамдылық, Қа­нағат ұстанымнан құрастырылуы тегін емес. Ж.Баласағұн ұстанымында мұндай жеке кісілік қасиеттер бір-бірімен тұрақты үйлескен. Танымал бастау мен басымдықтан алар тарихи сабақ неде? Адамзат құндылығын зерделеуде, рухани мәдениетті өркениеттік ағыммен қабаттастыра ұштастыруда; мәдени жаңғыруды жаңа ұрпақ пайдасына таразылауда. Тарихи сабақ тікелей бақылау, барлау тәжірибесінен туындады, адам қасиетін жетілдірудің тыңғылықты жолдарын, адамгершіліктің заманауи жобасын ұсыну барысында тұжырымдалды. Алданған, адасқан жастарды өмірдің жаңа жолдарына меңзеу қажеттілігімен ұштасты. Тірлігіне ие жандардың құдіреттен тілері де, күтері де құт-берекенің тұрақты да тұтас қазынасы тіршіліктің өзінде екенін үнемі еске салды. Ойшылдың өмірлік ұстанымы: «Адам баласының бақыты да, құдіреті де, сұлулығы да оның қоғамға, халыққа берген пайдасында». Автор «құтын тұтсын оқушым білікті ойдың» деген тоқтамға ерекше мән беріп, ұлы қадір-қасиеттің ықпалын бойға таратады, адамның көкірегіне, зердесіне үңіледі, дана сөздерге ой жүгіртеді. Мұндай дәулет - бедел мен бақыт көзі, құт иесі берекесінің айғағы. Біл, әділ заң - басшылықтың тұғыры, Заң бар жерде - берік елдің жұлыны. Әділдік ерге де, еліктіге де қонымды, себебі асылдықты қасиетім деп санатқызады. «Әділдік - құт. Құт құрығы - кішілік, Әділдіктің заты - тұнған кісілік». Ағынан ашылып айтқан сөздің түбі татымды. Өйткен ашық сұхбат шындығымен, шеберлігімен тартымды. Шындықты ықыласпен, шеберлікпен баптай білу - өнер, өмірдің өтімді үлгісі. Баптау үшін - ашықтырған пайдалы, Бабын тапсаң - ұшқыр, ылғыр, айлалы! Әділдікті бұра тартқандар абыройдан арылды, заңды жөнсіз бұрмалады, бұзды. Одан бектік берік болмады, әділ заңды шала алмады. Бек заң жолын төрелікте ұстаса, Бар тілекке жетер қолы, қысқасы. Ақын үшін заң алдында бәрі бірдей, онсыз ешбір келісім болмайды. Ей, білікті, бақсаң заман сыңайын, Бәрі өзгерген, өгерткен ел райын. Ел райы­на сыймағандар - жер үстіне сыймай ерте о дүниелік болған қатыгездер. Әділдік пен заң қажеттілігін таза жүректілер терең ұқты, біліктілер бар ынта-ықыласымен қорғап бақты. Мұндай тарихи-мәдени және әдеп-адамгершілік сабақтастығы өмірлік тәжірибені тіршіліктің нақты (оң немесе теріс) мәселелеріне, ел басқару міндеттеріне бағыттады. Ел басқару ісіне кім басшы бола алады, оған кімдер мұқтаж? Парасатты ер көңілін қалай тапқан жөн? Ұлысты қалай жөнге салу керек? Ақынның айтқаны: «Жақын ұста, сені жақын тұтқанды». Халық сүйінген ханына иіледі. Өзара түсінісер тәлімде: Ел патшаны сақтап, құлқын түзетсін, Патша елдің жанын-тәнін күзетсін! Қолды ұрыста дұрыс басқарудың жөні - көңілі тоқ елде, бегі құтты ортада. Онда елін игергеннің бағы ашылды, ізгі жолдан адасқан сорлының мысы басылды. Көңілі тоқ игі бектің әрбір сөзінен ақыл лебі тарады. Тек ізгі жолдан адасқан ұлысты жөнге сала алмай, «өмірдің опасыздығын, достардың жапасын айтатындар» зарлы, мұңды, ойлы сөз тіркестерін қабаттастырады. Өнерлінің сабыр­лығы - ақыл-парасат белгісі, алар қыр мен істің белесі. Кім ісін ақылмен атқарады, кімнің парасаты саясатқа сай кең келер? Кімде-кім сырласқаннан тілегін тапса, ал хас асылға берілген білімді көріскенде әділ төрелікке жаратса, ол - өнерлі ер. «Ерлік, даңқ жарасар нағыз ерге, Зұлымдық пен іштарлық намыс елге. Ерлік, даңқ туады кісілікпен, Ер қадірі - берсе, егер, екеуін тең!». Ерлерді халықтық іске, шаруашылыққа, білімге бағыттаса, енді бірде хат пен қаламға, тілге, шешендікке бейімдесе, енді бір қатарын елді қорғауға меңзесе, оның азаматтығы артпақ, адалдығы ақталмақ. Елдегі есті, ерек, ұлы қайраттылар ел ниетін, заң жөнін өзі түзеп істеді, «Тағы ақылды кісілерді іздеді». Бекзаттық ізгі есімдерде сақталынды, ел ішінде түзелді. Қос асыл қасиет асыл бейнені қалыптастырды, ер жеткендерде бекінді, іскер де төзімді бектерде жаңғырды, бітімді елде кепілдікке айналды. Шырайылық пен шынайылықтың үнемі түлер көріністері осында. Біліктілер әділ заңды түзеп, заман-дүние ісіне теліген, ізгі де ізетті идея мен үлгілерді бір-біріне жақындатқан. Адамды рухани, елді мұрагерлік тұрғыдан байыту - оның өмірлік қағидасы, өнегеге әзірлігі. Өзіне, өнерге иелік - білімдіге тиесілі. Білімді жорықта түзелді, жөн-жосықты сүзді. Білгірлік біртекті асыл емес. Кісі асылы екі түрлі, қараңыз, Бірі - бек те, бірі - ел басы, данаңыз. «Даналық пен адалдық - табынары бұл елдің Ұлығы көп, биі көп, көңілі жетіп білер кім? Бектер ізгі болса, ессіздік жоғалар, Байыр халық, әлем гүлге оранар! Олардың мирасы - ағалық сөзін де, ел ұнатар ісін де, көп алдындағы келбет көркінде, ойдың сарасын ашатын көз қарасында, мінездегі жарасымда. Адал жан мейірімді. Мейірбан шырайлыдан құлқы түзуді, жаны жомарт пейілді, хақтан дәйім, елден рақым, ділі оңына сенім тілейді. Жұғысты харекеттер жақсы мінез-құлыққа ықпал ету жолдарын, оны тәрбиелеу тәсілдерін құрайды. Жұғысты жаран жақсы жаңа тілек тауып күнде түлейді, жарқын жүзін көрсетіп, жақсы сөзбен демеп, қол мен ойдағыны түгел жеткізеді. Өзге жайды үндемей үмбеттің тілеуін тілейді, сезімдегі сенімді қалайды. Үнсіз мұңлы болуы да ықтимал, бірақ өмірдегі үмітін үзбейді. Рухани жаңарудың жиесі, жетелісі осында. Ж.Баласағұнның жұбатар ұлағаты көңіл жадыратар ақиқаты басым сөздерден, толғандырар ойлардан, рақымы артық мінезден, жәннатқа жол ашатын тілектен, дәулет құратын қылықтар мен істен, адамның өңін кіргізетін әдет-ғұрып керуенімен таныстыратын, адамды өзімен табыстыратын кеңестен, естілер мен елді түзететін ұстанымнан құралады. Кемел қадір - ұлылық иесінің құзырлы мәзірі. Ұлылық - сен, толы құдірет-күш енсең, Сенен бөлек жоқ өзіңмен түсер тең. Жаратушы - бар әлемді өзіне жай санаған дара, дана, сара, қос дүниені анық қолға қаратқан, әркімнің көңіліне жақын танымал. Мұңлық ием! Мен бір мұңлық құлыңмын, Күнәмді кеш, мейіріңе жылындыр! Мұңы жоқ Жаратушы ғана кешірімді, мейірімді. Жаңа заманда жаңылғандар түмен еді. Беделді абырой иесі ұрпақ қамын жегендердің бірегейі, жас ұрпақты жаңсақтықтан сақтамақшы үміткердің ұлағаттысы. Қыңырлықтың кездесуі тегін емес. Қыңырлық ессіздіктен, білімсіздіктен, надандықтан туындады. Ессіздіктен тек жауыздық туады, Ал жауыздық, ізгілікті буады. Білімсіздер біліктіге қастық қылды, жау болды. Көңіл қалды туыстан да, жаттан да, Бауырың - жат, құлқы жаман қастан да! Надандық - көңілдегі көрсоқырлық, олқылыққа ғана емес, зұлымдыққа оттық. Надан - мылқау, көкірегі көрсоқыр, Көзі ашылар - соқыр-мылқау болса оқыр. Көңілі соқырда олқылық пен олақтың күйі асқындады. Жалғыздықта жүдеген кезде ақын: Сенер кісі таппай, жалғыз жүдедім, Мұңым меңдеп, тек сүйініп күлемін! дейді. Ессіздікте сұмдар сумаңдады, арамдар қаптады, зұлымдар елде жайлады, бүйірден тепкілеуден ел азды. Ақынның жанына батқан мазасыздық осында. Арам біткен жапты жұрттың көңілін, Адалдықты қайдан таптым, ей ұлым! Арамның жаны қара. Есердің сөзінің пәтуасы жоқ. Өзімен ызалана алысқан, пұлға бірден сатылған. Аманатты мүлде ұмытқан, жападан-жалғыз адасқан. Жатбауыр суысып туысты сөгеді, жала-жабада бөгеді, сұмдық ізін өшірмейді. Арамның аранын тыйғандар шамалы, ішкі азғындарға ашық қарсы тұратындар қалмады. Ішкі осалдық пен тұйықтықта: біріншіден, Зұлымдардың қолы елді жайлады, Момындардың жолын жоқтық байлады! Кетті әділдік, сұм-аярлар арбады, Құдайшылық сұрар кісі қалмады! Не демелік, құлқы жаман зұлымның күші күннен-күнге кері кетеді, әйтеуір кенет үзіледі, қарғыс табады. Елдің тағдырына қысылтаяң төнген кезде Ж.Баласағұн сынды ойшылдар: Ел неге азды? Заңды қалай түзедім? Қай заманға келдім, қалай жүремін?! деген сұрақты өзіне де, өзгеге де қояды. Өзі қатты мұңайып күйзелгенде шаһар, ұлыс, жұрттан безіп кетейін бе десе, енді бірде «жапа, сұмдық маңын аттап баспайын» деп құлазиды. «Байлық үшін жұмсамайтын амал жоқ. Бірақ дүние қуған түбінде не болады?! Дегенмен түңілмей: «ізгі іс етсең - текті тірлік сүргенің», ал олқылықтағы «жауыздығың - көрге тірі кіргенің». (900). Көкірегі кір, көкірегі соқырдың қылығы ұрыс-керісті, ақырында азап пен мұңды үдетер. Көкірегі кір, тіпті тексіз, бетсіз, жалпы адамдыққа самарқау келер деп қынжылады. Білімділікке жөн - істе сергек болу, оған демеушілік ету, есті сөзді еске түю, қайырымдылыққа бейім тұру. Өмір мен өнердегі арың үшін, өнімді ісің, өтімді уәжің үшін күресу - жақсы мен жарастықтың мәніне жете алу. Биік еңсе қателіктен құтқарады, шындықтан шеттетпейді. Ақын Ж.Баласағұн - өршіл заман­ның жанашыр, парасатты сыншысы. Сабырлы сыншының көргені, түйгені мол. Оның пайымдауынша, білікті ойда адамзаттық, халықтық, кісілік мәселелер әр қыры мен сырынан қарастырылады. Білімдінің ойы есті, сөзі оңды. Тірлік сабағын түйген ойшыл тығырықта сөзін өрген, ойын терген, жан серігіне ерген, игілерді көрген, өмірден сенімділерді іздеген. Ол мінеудің есерінен аулақ болды, адамның жеке өміріне қол сұқпады, адамның мінін қазбалауды емес, оның жетістігін, жақсылығын көре білуді мұрат тұтты. Ақын осылайша өзін бір деңгейде бейнелегендей, тұлғалықты сом­дағандай. Жеке адамның мүддесі үшін қызмет жасамай, қара дүрсін саясаттың сойылын соқпай, дастанын әдеби-теориялық және ғылыми негізде жазды. Ол сөз, ой, тіл қызметін салыстыра отырып, сөз бен тіл өнеріне жүгінді, сөздің қорын байытты, тілдің байлығы мен қаламгер тілін сақтады, оқырманның көркемдік талғамын тәрбиелеп бақты. Жағымдыны жалғастыру, жеткізу, жаңғырту, жетілдіру - тілек, ниет және үміт. Үшеуі де сана сәулесі - сөз бен білім үлесінде. Ойшыл - жалғыз, жалғыздыққа не тән күресінде? Оның тәнтілігіне ойға берілу, оларды қағазға түсіру, көкірегі ояу, көзі ашық жандардың санасына сіңіру үйреншікті, халық мұратын ұлықтау лайықты. Біліктіні тыңда, ақылдың бұлағы, Білімді сөз - шырын, жанның құнары. Біліктінің расы: Қалар мұра - сөз, кісіден кісіге, Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе. Тауып айтылған сөз өнердің жүйрігі, шырайлы өңнің шуақты нұры. Сөз білгеннің еңбегі еш қалмас елеулі, жұрт жадына ыңғайлы, адамға пайдалы рухани қазына. Ой жарығы істі оңдады. Маржан сөзді дер кезінде ұққан өзін түзеген. Өзіне-өзі ықпал ете алмаған кезді еске алған ақын: Қайран, жастық, қайран, отты күндерім, Тұта алмадым, қадіріңді білмедім! - , деп өкінішін жасырмайды. Алып ұшқан жастар тілді күзете, істің қисықтарын түзете алмады. Тіл мен сөздің қымбатын ұқпады. Тілдің ұшынан шыққан ой сөзден де ұшқыр. Білім адамның пейілін тазартты, тіршіліктің түйткілдерін шешуді үйретті, өмірдің жолын ашты, ұлылықты ұстартты, қадірі мен мәртебесін көтерді. Ақылды - ұлы, біл, білімді - білікті, Екеуі ұлы етер, қонса жігітті. Білікті адам жақсылармен араласып тезірек жетілді, бектер мен даналар арасында өмірдің мол асылына қол жеткізді; халыққа бас болды, әділдік жолында елді биледі. Сол үшін қылық пен құлық тініне әрдайым үңілді. Бекзат болмыс жаңаруда, жамандыққа ұрынбауда шыңдалды. Білім адамға күш береді. Білікті күшті адам. Адам біліктен күш табады, ер біліммен басын алып жүреді. «Білімде - күш» деген қанатты сөзді ХVІІ ғ. ағылшын философы Ф.Бэкон алғаш айтқан деп жүрдік. Ж.Баласағұн одан алты ғасыр бұрын айтқанын енді анықтаудамыз. Білімнің практикалық маңызын нақты көрсеткен. «Білікті оймен алаңдар, біліксіз тура шауып арандар». Білімсіздің көңілі - құм, құнсыз шөл. Өзіне әділден ғана әділ үкім күтуге болады. Білікті аларын көздейді, жалғандық пен алдауға төзбейді. Сүйтіп елді түзетті. Білікті сенім кереметін ұғындырады, ойдың қымбатын, шын ақылдың қиынын ұғады, туған елдің, өскен жердің рухани байлығының қайнаркөздерін сезіндіреді. Білікті нәзік ойын, дана сөзін кестелер, ел айтқанын ескерер, жарандармен жақындасса қуанышқа бөленер. Билей алсаң - ақыл, білім, жүректі, Орындадым де қасиетті тілекті! Бұл идея Абай шығармасында жаңғыртылып келтірілгенін де ескерелік. Ақылды пәктік жөнімен өмір кешті. Оның қуат көзі - таңдану, таңырқау, таңданыс құштарлығында. Білім берген ақылдының адамға көзі ашық, көңілінде мейірім. Ақылдан шыққан сөз ұшқынды, салауатты, сәулелі, сыйлы, мейірімді, шындықты түптейді. «Ақыл көркі - тіл, тілдің көркі - сөз, Кісі көркі - жүз, жүздің көркі - көз». Кісі көркі - ерге ізгі, еліне өтімді сөзде, тартымды пайымдарда. Ол ұлы сөзге табынды. Өйткені, Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар, Қор қылар тіл, кеттіғұн бас болар. Тілге сақ болу дегеніміз басыңды жейтін езбе сөзге ұрынбау, іс өндірмес көпірме, көбік сөзден өзін аулақ ұстау. Тілге ұстамды ғана өз беделі мен өмірін өсірер, керекті пайдасын көсілтер, ата сөзін мирас етер. Тілін баққан, өзін қадірлі ете алған. Өмірлік кісінің ұтқыр қасиеттері. Ақын, ойшыл Ж.Баласағұн заман елшісі, ел-жұрттың басы, көзі менен қасы. Өзің жақсы болсаң, атың мақталар деген қағиданы бетке ұстаған гуманист ақын ойын ағыла айтады, арнап қадала айтады. Біз қосарымыз: 1) достарға ықылас арнаулы, жақынға ынта таңдаулы; 2) таңдаулы ынтада - ниет те, ойдың мәні де, тоқтамның түйіні де түзу болмақ. Озат идеядан, гуманистік ұстанымнан, адамгершілік нұсқаудан терең де жүйелі тоқтамдар туындады. Кейбірін еске салалық, зерделеп көрелік: Ішке біткен қылық парызды өтеткізе ме, әлде қарызды көбейте ме?! Ащы сөздің жалыны жаныңды қабар, жүректі орап алар. Жамандық күйдіріп өтеді. Не қауіпті? Тілдің жалған айтқаны ма, әлде айтқан сөзден қайтқаны ма?! Құт білікпен безенген жамағат - тіле қанағат. Жұрттың иесі - ризығыңды жақ­тасаң, зұлымдық сиқын татпайсың. Қатыгезге не деп, қалай көңіл бұрасың? Мұндайда өмірдің қояр талабы: Бауыр­малды іздеп тап, жақын тартып оған жақ. Тірі жанды аш қалдырмаған, өзегін талдырмаған. Даналар - елдің асыл тектері және бектері. Ел ақылды ердің пайдасын көп көрер. Қалаулыға құдірет жетеді, талапкер өзін ұлы етеді. Ұлылық - мәнге деген ұғымталдықта, біліктілікке деген ұмтылыста, жетеліге еретін ерікте, қасиетті өрбітетін тіл өне­рінде, әділетті әдепте. Адамзаттың, түркі әлемінің рухын жаңғыртар, жаңартар ұстанымдар мұнымен шектелмейді. Рухани жаңару - өтімтал да өнімді өнері арқылы замандастардың көңілі мен жүрегіне кілт табуда, іргелі парықтың нарқын анықтауда, кісілікке қызмет етуде, халықтың мінін түзетуде, көреген­дігімен көптің үдесінен шығуда. Іргелі қасиеттердің иелері ақылымен елді, әлемді ұстады, адал заң және уәжді нұсқаумен елді биледі, өнер мен ұлағаттылық сабақтастығына жанашырлық танытты. Олардың аты ел жадында мәңгі қалмақ. Ж.Баласағұн мәңгілікті қалай түсінді және түсіндіреді? Иә, «кісі мәңгі болмас, мәңгі - ат, ары», Мәңгі қалар оның жақсы атағы! Өзің мәңгі емес, атың мәңгілік, Атың мәңгі болса, затың - мәңгілік. Құттың қуаты - ердің ізгі есімі, Ізгі аты - мәңгілік құт есігі. Өмірдің қадірін білгеннің көңілге ілгені: Ақиқатшыл дананың өсиетін ұмытпа, жеңіл-желпі ырықты құрықта. Мәңгілік идеясының тарихы тереңде, халық зердесіндегі көлемде. Оның құпиясы - халыққа арналған ізгілікте, адамды жарылқар қылықта, тірлігінде пайданың үлесін арттырар қайырлы әрекеттерде, қысқасы, нағыз ер, адамдық қасиеттің иесінде. Түріктік әлемдегі түбірлес, ­тектес асыл рухани қазыналар Президент Н.Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық жобадан табиғи жалғасын тауып, жаңғырғанын аңғарамыз. Жаңарудың ілгері іріктелуі де - заңды құбылыс. Сөз соңында Ж.Баласағұн идеясы­ның «Құтты білік» дастанындағы жасампаз қуаты неде деген сауалға қайта оралайық. Ол ақын, ойшыл, сыншы тұрғысынан өзін адам, халық және өнер жанашыры ретінде көрсетеді, өсиеттің ұзақ мерзімге арналған үлгісін жасады. Сонымен қатар: - халық даналығын шығар­машы­лықтың түрлерімен үйлестіріп, көркемдік және ақыл-парасаттық ықпалдастықты, ашық интеллектуалды ортаны қалып­тастыруға күш жұмсады; - шығыстық түрлі дәстүрлерді адамтану мәселесі төңірегіне топтастырды, оның сұранысына қызмет ететін рухани жағдай тудыруға ықпал етеді; -поэзияның жаңа дәстүрін қалып­тастырды, сөз, тіл өнерінің озық жанрлары мен әйгілі дәстүрлердің терең ұқсастығын орнықтырды, тіл шеберлігінде айтпақ ойы, сөйлеген сөзі жаңарып бірін-бірі толықтырды; - шындық пен шеберлікке, әсемдік пен сұлулыққа қауымдастық көзқарас пен түсінікті жаңғыртуға араласты, талантына орай өзі өзгерді, ізденіс қарқынына лайықты шеберлік ауқымын кеңейтті; -күнделікті жаңару барысында біте қайнасып бауырмал болуды аңсады, өзара түсінісер біртұтастықты шолды, сол үшін өнер кереметі мен парасат кемелділігі бір-бірімен ұштастырылды, қоғамдағы жеңіс жолы белгіленді. Рухани жақындастық пен жаңарудың түйінді түбірі осында. Әрбір іргелі реформалар табысы - ұлт бірлігіне бастар жол. Бірлігі мықты халық қана дамудың таңғажайып шың­дарына жетті, жете алады. «Біздің жолымыз, деді Елбасы Н.Назарбаев, ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы. Негізгі ұстаным - жасампаз қазақстандық патриотизмді нығайтуға, оны ұрпақтан-ұрпаққа, дәуірден-дәуірге ұластыруға арналған». Демек, біз асыл рухани мұрала­рымызды көздің қарашығындай сақтап, оларды жансерігіміз ету арқылы көздеген арман-мақсатымызға жете аламыз.