ТДМ-16 Қазақстан журналистика академиясының құрылғанына биыл 25 жыл. 2001-жылдың маусым айында академия елдегі медиа-қоғамдастықты біріктіру мақсатында республикалық қоғамдық бірлестік ретінде құрылғаны да есте. Содан бері академия өз тарихында сан белестен өтті. Журналистика академиясы жыл сайын ақпарат айдынындағы елеулі оқиғалар мен үздіктерді саралап, қорытынды жасауды дәстүрге айналдырған. Биыл да сол үрдіс жалғасын тапты. Академия президенті, профессор Сағымбай Қабашұлы жетекшілігімен биылғының басты трендтері ретінде медиа саласында жасанды интеллектіні қолдану этикасы және оның ақпараттық сапаға әсері, аймақтық медиа: облыстық және аудандық газеттер мен порталдардың цифрландыру деңгейі, тәуелсіз медиа: нарықтағы жаңа ойыншылар мен подкаст-индустриясының дамуы сияқты мәселелер қаузалды. Жыл сайын академия құрамы жаңа мүшелермен толығып отырады. Әр жылдары академия қатарына елге танымал журналистер,медиа-менеджерлер,медиа саласында ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдар қабылданады. Әр жылдары Академия қатарына отандық мәдениет, саясат пен медиа саласының көрнекті тұлғалары қабылданды. Олардың қатарында қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов, медиаменеджерлер Ерлан Бекхожин, журналистер одағы төрағасы
Сейтқазы Матаев, Валерий Жандаулетов, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын, журналист Бақытжан Қанапиянов,
«Новое поколение» газетінің бас редакторы Сергей Апарин, медиаменеджер Серік Жанболат, "Qonayev media" медиахолдингі директоры Қымбат Хангелдина, тележурналист, продюсер Дана Орманбаева, «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбеков, "Alatau aqparat" медиахолдингі директоры Ержан Төлек бар. Дүниеден өткен академиктер арасында Камал Смайыл, Шерхан Мұртаза, Мұрат Әуезов, Олег Квятковский, Михаил Дорофеев, Галина Күзембаева сияқты көрнекті тұлғалар бар.
2025-жылдың қорытынды жиыны бойынша Академияның жалпы жиналысы шешімімен ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай Қазақстан журналистика Академиясының толық мүшесі-Академигі болып сайланды. Қанат Әуесбай жоғары білім саласының білікті менеджері, медиасарапшы, практика мен теорияны ұштастырып жүрген педагог маман, филология ғылымдарының кандидаты, халықаралық "Болашақ" стипендиаты. Медиақауымдастықта мойындалған әріптесімізді шын жүректен академия атынан құттықтаймыз.
Все реакц