Тәжірибе алмасудың маңызы ерекше. Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бастаған делегация Қытай астанасы Пекинге іссапармен барды. Сапар мақсаты – академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында өзара тиімді халықаралық байланыстар орнату, болашақ мамандардың іргелі шетел университеттерінде тілдік даярлығын шыңдауларына, ғылыми тағылымдамадан өтулеріне жол ашуға арналды. Сонымен бірге университет оқытушы-профессорларының шетелде дәрістер оқып, халықаралық конференция, симпозиумдарға қатысуларына, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына мүмкіндіктер жасау. Пекин шет тілдер университеті жанынан «Қазақстан орталығы» және қазақ тілі кафедрасының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды келісім жасалып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов пен Пекин шет тілдер университетінің ректоры Пэн Лун екіжақты құжаттарға қол қойды. Негізінен Пекин шет тілдері университетіндегі «Қазақстан орталығының» ашылу рәсімі 2015 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың қатысуымен өткізілген. Орталықтың қызметі – қазақ тілі мен әдебиеті арқылы елдің тарихы мен мәдениетін танытуды, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттап, достық, ынтымақтастық идеяларын жүзеге асыру бағытында жан-жақты іс-шараларды ұйымдастыруды көздейді. Алдағы оқу жылынан бастап «Қазақстан орталығындағы» қазақ тілі кафедрасына емтихан тапсырып, оқуға қабылданған бір топ қытай студенттері Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілін үйренуге кіріседі. Келісім құжатына сәйкес қазақ тілін Еліміздің тіл мамандары оқытады. Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Ш.Нұрышев «Қазақстан орталығының» толыққанды жұмыс істеуі үшін алдағы уақытта да елшілік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Елшілік қызметкерлері Орталыққа тиесілі дәрісхананы арнайы техникалық құрал-жабдық, қажетті кеңсе жиһаздарымен жабдықтап, студенттердің алғашқы легін қабылдауға іс жүзінде толық дайындаған. Өз кезегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталықтың кітапхана қорына жүзден аса оқулық, оқу құралдары мен көркем туынды, сөздіктер мен зерттеу еңбектерін тарту етіп, аталған шараның алдағы уақытта өз жалғасын табатындығын жеткізді. Пекин шет тілдері университетінде бұған дейін 72 шет тілі үйретіліп келсе, жаңа оқу жылынан бастап, 73-ші тіл болып қазақ тілінің жүргізіле бастауы – қазақ тілінің кеңістігі кеңейген мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін айшықтай түсетін тарихи маңызы бар оқиға ретінде бағалануда. Пекин шет тілдер университеті –негізінен қытай тілін шет тілі ретінде оқытумен айналысатын ҚХР-дағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны. Сонымен қатар аталған оқу орны Қытайды мекендейтін саны аз ұлт өкілдерінің (тибет, монғол, мәнжүр, ұйғыр және т.б.) тілдерін оқытып, үйретумен айналысатын Қытай мемлекетінің тікелей қамқорлығындағы 38 университеттің санатында. Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан елшілігі алдағы уақытта да қазақ тілін үйретумен айналысатын бірнеше орталықтардың басқа да ірі қалаларда ашылатындығы туралы жағымды жаңалығын жеткізді. Ресми сапардың екінші жартысында ректор Ғ.Мұтанов бастаған ҚазҰУ делегациясы Қытай Орталық ұлттар университетінің ректоры Хуаң Тайянмен және оның әріптестерімен кездесті. Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық, академиялық мақсатта студенттер мен оқытушылар алмасу, халықаралық ғылыми жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелері талқыланды. Қытай Орталық ұлттар университетінің ректоры оқу орнының қысқаша тарихын баяндап, ондағы аз ұлттардың білімі мен мәдениетін қолдау мақсатында жасалып жатқан іс-шараларға тоқталды. Ғ.Мұтанов өз кезегінде Қазақ ұлттық университетінің өткен тарихы мен бүгінгі табыстары туралы баяндап, университет жетістіктерімен танысу үшін қытайлық әріптестерін елімізге келіп қайтуға шақырды. Кездесу соңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов пен Қытай Орталық ұлттар университетінің ректоры Хуаң Тайян ғылыми ынтымақтастық туралы екіжақты келісімшартқа қол қойды. Аталған құжат студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бойынша қысқа және ұзақ мерзімді барыс-келісін реттеуге, қажетті оқу-әдістемелік құралдарын шығарып, ғылыми еңбектер жариялауларына мүмкіндіктер береді. 8 сәуір күні университетіміздің оқытушылары мен профессорлары Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Жібек жолы өркениеті: Қазақ филологиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылу салтанатына қатысты. Жиынның алқа мәжілісінде университет проректоры, профессор Суң Мин, университеттің қазақ тіл-әдебиеті факультетінің хатшысы Мұхтар Әбілқақұлы, Қытай қоғамық ғылымдар академиясы ұлттану және антропология институтының проректоры, профессор Ин Хубин құттықтау сөз сөйледі. Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің деканы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы «ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақ поэзиясындағы Абай дәстүрі» тақырыбында көлемді баяндама жасады. Профессор конференция қатысушыларына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетіндегі орны, қазақ поэзиясындағы Абай дәстүрінің ерекшелігі, Абай шығармаларындағы «толық адам» идеясының мән-мағынасы, Абай Құнанбайұлының жалпы адамзат мәдениетіне қосқан үлесі, Абай шығармаларының этикалық-эстетикалық негіздері, Абай поэзиясының ХХІ ғасырдағы танымдық, тағылымдық рөлі туралы құнды ғылыми ой-пікірін жеткізді. Қытайлық әріптестер ғалымның ой-тұжырымдарын зор ықыласпен тыңдап, қол соғып қошемет көрсетті. Баяндама соңында Ө.Әбдиманұлы Орталық ұлттар университетінің қазақ тіл-әдебиеті факультеті қорына 20-дан аса кітап тарту етіп, екі жоғары оқу орындарының арасындағы ғылыми ынтымақтастық, әріптестік байланыстардың алдағы уақытта жаңа бағытта өрбіп, дами беретіндігіне сенім білдірді. Тарту етілген сый-кәде кітаптардың ішінде профессордың «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген, қазақ тілі мен әдебиетінің дамуында реформаторлық рөл атқарған ұлы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми монографиясы да бар. Конференцияның ғылыми бағытына сай белгіленген секциялар жұмысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, қытайтану кафедрасының меңгерушісі Нәбижан Мұхамедханұлының «Қазақстандықтардың қытай туралы танымының эволюциясы (XVІІІ-ХХІ)», қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, доцент Съезд Ақымбектің «Қазақ тілі дыбыстық жүйесінің өзге ғылым салаларымен байланысы», қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, «Лингвоарна» ғылыми-зерттеу және оқу-әдістеме орталығының жетекшісі Ханшайым Қарабаеваның «Қазақтың жыраулық дәстүрі: «жыр», «жырау» филогенезі» тақырыптары бойынша дайындалып, ұсынылған баяндамалары қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды. Қорыта айтқанда, іссапар – қазақ тілінің мәртебесін көтерген, тіл мамандарының мерейін өсірген сапар болды. Мемлекеттік тілімізге көрсетілген құрмет бәрімізді қанаттандырды. Әрине, тіліміздің халықаралық аренада танылып, сұранысқа ие бола бастауы, ең әуелі, Елбасының салиқалы саясатының жемісі, Қазақстан дипломатиясы корпусы қызметінде жүрген ел азаматтарының тынымсыз еңбектерінің жеңісі деп білеміз. Ханшайым ҚАРАБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, «Лингвоарна» орталығының директоры Съезд АҚЫМБЕК, «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі, доцент