Ғибрат ғұмырлы ғалым. Әбсаттар қажы Дербісәлі,Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҚР Жоғары мектеп ҒА-ның академигі,филология ғылымының докторы, профессор Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2001-2008 жылдардағы ректоры, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Қожамқұловты мен көптен бері білемін. Мәскеуден аспирантура бітіріп келген 1977 жылы ҚазССР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерінен С.Киров атындағы, қазіргі әл-Фараби атындағы университетке ауысқаннан бері аралас-құралас келеміз. 1980 жылы филология факультеті деканының орынбасары болып тағайындалдым. Төлеген Қожамқұлов физика факультеті деканының орынбасары еді. Ол жылдары 7 қараша, 1 мамырда студенттерді Алматыдағы осы күнгі республика алаңына мереке қарсаңында шерумен жүруге дайындайтынбыз. Ол оңай іс емес еді. Студенттерді мәжбүрлеп апаратынбыз. Ал енді студенттердің қатары сиреп қалса, шатақтың көкесін көре беріңіз. Төлеген екеуміз осындай іс-шараға орай танысып, табысып кеттік. Бір-біріне қатыссыз екі мамандық, екі факультет өкілдері десек те, жас жағынан шамалас болғандықтан ба, сөзіміз үйлесіп тұрушы еді. Оның үстіне көрші үйде тұрдық. Төкең жан-жақты азамат екен. Музыка жағына да бейім. Пианино мен баянда да еркін ойнай білетініне қарап, оны кіндік қаладағы атақты музыка мектептерінің бірін бітірген шығар деп ойлаушы едім. Сөйтсем ол да мен сияқты ауылдан шыққан бала екен. Бірде шүйіркелесе қалғанымызда ол жастық шағы, ата-анасы, елі-жұрты жайлы әңгімеледі. «Әкем Әпшен (ел Әбдісағиды осылай деп атайтын) сабырлы, тиянақты, бәрін ақыл-ойға жеңдіретін, байсалды, аса келбетті, өте кішіпейіл, сұсты да, парасатты адам-ды. Ұлы Отан соғысында ауыр жарақаттанып, оң жақ күре тамырын жырып өтіп, жүрегіне жетіп, бірақ өлтіре алмай, сонда тұрып қалған жау оғымен, қаршадайынан қыл үстінде, арпалысқан өмір мен өлім арасында жүргендіктен бе, қандай жағдай болса да, қатты қайғырып, қатты қуанбайтын. Өзін ылғи біркелкі ұстайтын. Ресейдің Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында аспирантурада оқып жүрген кезімде сол жердегі жеті атасына дейін профессор дәрігер достарым арқылы ақылдасып көргенімде, ондағы айтулы мамандар әкемнің жүрегіне қадалған жау оғына, солай бола тұра оның тірі жүргеніне таңғалып, адам естіп, көз көрмеген ерекше жағдай екенін айтып, оққа тиюге болмайды деді. Әкеңіздің организмі бейімделіп кеткен, оқты алып тастаса, арты не болатыны белгісіз, оқ басқа жерде емес, жүрекке жабысқан деді. Кезінде, әкемнің денсаулығын бақылап жүрген белгілі хирург, профессор А.Н.Сызғанов: «Мен дәрігер емес, адам ретінде айтарым, операция жасатпаңыз, қанша жүре алса осылай көріңіз» деген. Сол айрылмас досындай болып кеткен жүрегіндегі снарядтың 8 грамдай жарқыншағымен, жанын шүберекке түйе жүріп, ел-жұртына адал қызмет істеп, жеңісі мен жемісін де бірге көріп, айтарлықтай 80 жыл өмір сүріп, о дүниеге де осы оғымен бірге кетті. Осындай, сынаптай солқылдаған күйде жүріп те, мағыналы, бақытты өмір сүре алуы, оның өмірге деген шексіз құштарлығынан. Әкемнің өз бойына туа біткен асыл қасиеттерімен қатар, анамның оған деген айрықша жан жылуы, ерекше күтімі болды десем, артық айтқаным емес. Анам әкем үшін жаратылғандай, бұл дүниеге әкемнің жағдайын жасауға келгендей көрінетін. Әкемнің айтуымен, анам біздің арагідік оқуымызды да тексеріп қоятын. Бастауышта жүргенімде «көп десе қосасың, аз десе аласың, ал есе көп, есе аз десе көбейтесің, бөлесің» деп үйреткені әлі есімде. Осының бәріне уақыт қалай табылатын десеңші?! Шын ықыласыңмен, ақ ниетпен кіріссең бәрін тындырасың, «көз қорқақ, қол батыр» деп отыратын еді асыл анамыз! Анам – тіршіліктің нағыз қайнар көзі екен! Анам – әкемнің үйдегі диетологы, аспазшысы, дәрігері, күтушісі, асыл жары, сүйіктісі де бола білді. Бір сөзбен, әкемнің бұл дүниедегі жан сақтаушысы, «періштесі» еді. Анам (біз тәте деуші едік, жұрт Қанша, Қаншайым дейтін) аласа бойлы, еті тірі, ештеңеден тайсалмайтын, ақты ақ, қараны қара деп тура айтатын, ата-бабаның салт-дәстүрін берік ұстаған, еңбекқор жан еді. Жүрегіне сенім ұялатқан, иманды, аруақтарға тәу етіп, сыйынып, түс көріп, түстерін жақсылыққа жорып жүретін, дастарқаны жаюлы, көңілі дарқан, көкірегі көл, қолы ашық адам еді. Денсаулығы өте мықты болды. Жүз жасаған Жамбыл атамыздан «Бір ғасыр өмір сүруіңіздің құпиясы неде?» деп сұрағанда: «Дүние деп күймедім, Жамандықты сүймедім, Жолда жатқан біреудің, Алтынына тимедім» деген екен! Асыл анамыз қартайған шағында да «Менде ешқандай ауру жоқ, тек кәрілік қана» дейтін. Дәрі-дәрмек дегенді білмей кетті». Төлегеннің анасы Ханшайым апайды мен де көрдім. Қолынан дәм таттым. Әкесі қайтқанда да, анасы дүние салғанда да мен Төкеңнің қасында болдым. Қабірлеріне топырақ салыстым. Төкең әңгімесін әрі қарай жалғастырды. «Қырымда, Қара теңіздің жағалауындағы Бүкілодақтық пионерлер лагері «Артекке» 1960 жылы барған 20 қазақстандық оқу озаттарының ішінде мен де болдым. Біздің ауданнан жалғызбын. Үйден алысқа шығуым бірінші рет, оның үстіне екі айға кетіп бара жаттық. Той жасап, бүкіл ауыл-аймақ болып, космосқа аттандырғандай шығарып салды. Жолыңа деп ағайын-туған, жора-жолдастар әкелген тиын-тебенге өздерінің жиған-тергендерін де қосып, бірін жоғалтсаң, бірі қалар деп әкем, төртке бөліп, киімдерімнің ішінен тәтем арнайы тіккен жасырын төрт қалтама салып берді. Жоғалтқан да жоқпын, ақшаның қажеттігі де болмады. Жүрген-тұрғандарымыздың бәрі тегін. Онда келгендер Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен жиналған оқу озаттары, ұлты әртүрлі өзім қатарлы пионерлер екен. Олардан қалмай, ойнап-күліп, оқу да оқып, жер де көріп, танысып, тынысым кеңейгендей болып, рақатқа бөленіп ауылға қайттым. Сол жерде достасқан ресейлік бір орыс балаға, менен ескерткіш болсын деп, жанымнан ақша шығармай-ақ, қолымдағы сағатымды шешіп беріп кеттім. Оның маған сыйлаған «Смена» деген фотоаппаратын айырбас болады деп алмадым. Қайтарымда, анама, бізде таптырмайтын тебен ине мен оймақ деп аталатын (ине кіріп кетпесін деп саусаққа киілетін) кішкентай ғана темір зат сатып алып әкелдім. Шешемнің қуанышында шек болмады. Елдің бәріне айтып, мәз болып жүрді. Бір күні далаға ойынға шықсам, көшеде бала жоқ, бәрі мектепке кетіпті. Оларды іздеп, жүгіріп мен де жеттім, сөйтіп 6 жасымда мектеп оқушысы болып шыға келдім. Ол кезде мектепке 8 жастан қабылдайтын. Ауылда қазақша судай ағатын Степан дейтін ұста орыс тұратын, соның Нюра дейтін әдемі қызы мұғалім екен. Сөйтіп алғашқы ұстазым орыс болды. Кіндігімді фельдшер Дора деген неміс келіншегі кескен екен. Содан да болар, «пунктуальность» деген менің бала кезімнен ұстанымым» дейді Төлеген жадырай күліп. Сонымен ол 16 жасында мектепті ертерек бітіріп, студент атанған. Ол кезде физика, математика факультеттеріне сол пәндерді мектепте жақсы оқығандар, болмаса ауданның немесе облыстың алдыңғы қатарлы олимпиадасына қатысып жүргендер яки осы математик болады-ау деген балалар ғана түсетін. Төлеген ҚазҰУ-дің физика факультетіне түскен кезінде, қазақ тобына 25 бала ғана қабылданған, соның 17-сі мектепті алтын, күміс медальға бітіріп келгендер екен. Үш орыс және бір қазақ тобы, жалпы 100 бала түсіпті. «Ол кезде қазақ мамандар аз, тіпті жоқтың қасы еді, – дейді Төкең. – Мысалы, физика факультетінде бір-ақ қазақ, кафедра меңгерушісі доцент П.Полатбекұлы болды. Сол кезде факультетте бірен-саран кандидаттар ғана болмаса, бірде-бір ғылым докторы болған жоқ». 2-курста емтихан тапсырып жүрген кезінде жауаптарына разы болған аға оқытушы Барлыбаев Қалел Ахметұлы: «Айтқаныңның бәрін тақтаға жазып қой. Қазір мен ректорды шақырамын» дейді. Төкең жазып қойған. Қазіргі ҚазМУ-дің сол кездегі ректоры А.Закарин келіп, аналитикалық геометриядан сұрақтар қояды. Сол кезде Төлеген қазақ тілінде методикалық құрал шығарайын деп жүр екен, ректор сол саланың маманы болған соң сөйлесе келе жас шәкірттің жауабына қанағаттанады. Артынан Қалел Ахметұлы: «Ауылдан шыққан қазақтың талантты қара баласы. Осы студентті лениндік шәкіртақыға қоссақ?» дегенде разы болған университет басшысы рұқсатын береді. Ол тұстары ұстаздар шәкірттерінің алдағы тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Содан 2-курста нәсіп болған лениндік шәкіртақыны Төлеген университетті бітіргенше алған. Төлеген мектептің математикасы мен физикасын толық білгендіктен де бірден курстастарының алдына түскен. Қайтып оларға жеткізбеген. Спортпен шұғылданған. Музыкамен айналысқан. Содан ҚазМУ-дің физика факультетіне түскен 100 баланың 40-ы ғана бітіріпті. Көпшілігі оқу қиын болған соң шығып кетсе, екіншіден ер балаларды әскерге алып кеткен. Бір қызығы, ұстаздары болашақ «физик» студенттер сабақтан қиналып жүрсе, «заң факультетіне барып неге «заңгер» болмайсыңдар?» деп қалжыңдайды екен. Төлеген жасы кіші болғандықтан әскерге шақырылмапты. Сонымен ол үздік төрт студенттің бірі болып 21 жасында университетті бітіріп шыққан. Төлеген өміріндегі сындарлы белестерді үнемі әке-шешесімен ақылдасып қабылдайтын. Студенттік өмірі аяқталғанда, оның алдында үш жол жатты. Лениндік стипендиант болып, университетті қызыл дипломға бітіргендіктен, қайсысын таңдау өз еркіне берілді. Біріншісі, өзі оқыған ҚазМУ-ға бірден аға оқытушы болу. Екіншісі, осы университетте оқуын аспирантурада жалғастыру. Онда бір жыл ішінде ғылым кандидаты дәрежесін алуы мүмкін. Өйткені диплом жұмысына рецензент болған профессор В.А.Сапа: «Оның ғылыми деңгейі өте жоғары кандидаттық диссертациямен пара-пар екен деп, егер маған аспирантураға түсіп, сәл-пәл жалғастырсақ, жылға жетпей ғылым кандидаты болып шыға келесің» дейді. Үшіншісі, Ленинград қаласындағы КСРО ҒА А.Ф.Иоффе атындағы Физика-техника институтының аспирантурасында оқу. Бұл институт Кеңес Одағы ҒА-ның ең бір таңдаулы ғылым ордасы еді. Мұнда кезінде И.В.Курчатов, П.Л.Капица, Н.Н.Семенов, Л.Д.Ландау, В.А.Фок, т.б. данышпан ғалымдар жұмыс істеген. Әкесі: «Төкеш, сенің жасыңда елдер жаңадан студент болып жатады, жұмыс ешқайда қашпайды, бізге алаң болма, өзімізді асырауға әзір шамам келеді, өзің айтпақшы, нағыз ғалымдардың ортасына түсіп шыңдаласың, үйренесің, жан-жақты терең білім аласың. Егер кандидаттықты бітіре алмай қалсаң, осында келіп, өзің айтып отырған жұмысыңды жалғастырарсың. Әйтпесе, ешкімнің екі басы жоқ, бір адамның жасағаны сенің қолыңнан келеді, Ленинградқа барып, аспирантурада оқуыңды әрі қарай жалғастыр» дейді. Әкесінің ақ батасымен сөйтіп Төлеген Ленинградқа аттанады. Иоффе атындағы Физик-техникалық ғылым ордасы 1918 жылы Кеңес өкіметінде құрылған ең бірінші ғылыми-зерттеу институты болатын. Онда ғылым мен білімге еңбегі сіңген ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары жұмыс жасайтын. Бұл жерге түсу Төлегеннің ойына түгілі, түсіне де кірмеген бақыт еді. Институттың алғашқы директоры – Абрам Федорович Иоффе. Ол студенттерді аты Нобель сыйлығының лауреаттары Эрнест Резерфорд пен Эдвард Эплтонның құрметіне берілген Резерфорд-Эплтон зертханасына жіберіп отырады екен, шәкірттерімен солай жұмыс жүргізген. Төлеген профессор Лев Абрамович Сливтың жанында ядро теориясын зерттеумен айналысады. Ол кез ядролық физиканың жаңадан дамып келе жатқан шағы. Төлегеннің университетте жарық көрген дипломдық екі ғылыми жұмысымның тақырыбы «Релятивистская теория гравитации» болса, мұнда кандидаттық диссертациясының тақырыбы «Теория атомного ядра» болды. Уақыт өте келе оқуда қазақ баласының ешкімнен кем емес екендігін дәлелдеген ол, оқуын абыроймен аяқтап Алматыға қайтып оралады. Содан 1970 жылдың қарашасынан бастап ол ҚазМУ-дың физика факультетінің теориялық физика кафедрасында ассистент болды. Ол кезде ол 24 жаста-тын. Содан сатылап, бір баспалдағын да аттап кетпеді. Талдықорғанда университет ректорынан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры дәрежесіне дейін көтерілді. Ядро теориясы дегеніміз – нуклондардың өзара қимыл-әрекеттері. Төлеген халықаралық бір конференцияда кварктардың өзара қимыл-әрекеттері туралы мақаласын оқығанында академик Аркадий Мигдалдың көзіне түседі. Ол кісі физик, Нобель сыйлығының лауреаты, ғылыми мектептің негізін салушы Лев Давидович Ландаудың мектебінен болатын. Төлегенді ол байқап қалған. Өйткені оның зерттеп жүрген тақырыбы сол кездері жаңадан туындаған идея болатын. Қызығып, Аркадий Мигдал Төлегенді өзімен бірге жұмыс істеуге шақырады. Сөйтіп Төлеген Лев Ландаудың тобына түседі. Бұл топқа түскен ең алғашқы қазақ, ең алғашқы қазақстандық болған. Сол жерде ол тәжірибеден өтіп, бірге жұмыс жасайды. Біраз жылдардан соң докторлық диссертациясын аяқтағанда әріптестері оны оқыған жеріңде (Ленинградта) қорға дейді. Ол келіспей Теориялық физика институтында (Киевте) қорғаймын деп тұрып алған. Сөйтіп, 1986 жылы қазан айында Украина астанасында теориялық және математикалық физика мамандығы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғаған. Оның ғылыми зерттеуіне – физиканың жаңа саласы «кванттық хромодинамика» бағытында Кеңес Одағындағы тұңғыш докторлық диссертация деген баға берілді. Диссертациялық кеңестің төрағасы айшықты ғалым, атом ядросының кванттық тамшы моделінің авторы, академик А.Давыдов болатын. Оған «басына қарапайым бөрік те сыйлай алмадым» деп еске алады Төлеген. – Дегенмен, оған бұның керегі де жоқ. Біліміңді көрсете алсаң, сенен артық адам болмайды». Төлеген оның «Кванттық механика» монографиясының негізінде студенттерге лекция оқитын. Нағыз ғалымға одан артық сый жоқ. Кітап – Мәскеу студенттерінің де негізгі оқу құралы-тын. Бұл күн – қырық жылғы еңбегінің жемісті де, жеңісті күні болды. Төлеген содан ұл тапқан анадай тебіренді. Докторлық диссертациясы толғауын пісіріп, миынан түсірген «өз сәбиі», өзінің ашқан ғылыми жаңалығы. Көңілі судай тасып, қуанышы қойнына сыймай, жүрегінен жыр төгілді. Онда домбыра жоқ. Қайтерін білмей тұр еді, сол жерде залда тұрған фортепьяно көзіне түсті. Отыра қалып клавишаларын тере бастап еді, саусақтары өзінен-өзі жүгіре жөнеліп, бір керемет саз құйылды. Бірнеше мәрте қайталап, «Элегия души» деп ат қойды. Бұл – 1986 жыл. Ауылға келген соң ол оны ойына түсіре алмай-ақ қойғаны. Кейін, осыдан 10 жыл өткен соң жүрегі қайта жырлап, «Элегия души» сол қалпында төгіліп түсті. Сонда институттың директоры еңбегіне: «Первая докторская диссертация в Советском Союзе по квантовой хромодинамике на решетке» деп жоғары баға берген. Бұл – сол тақырыпқа Кеңес өкіметінде бірінші рет қорғалған диссертация еді. Әйтсе де, 1986-дан 1991-ге дейін Төлеген 5 жыл бойы ғылыми дәрежесіне лайықты жұмыс болмады. Физика ғылымының докторы, профессор болса да еш жерде жұмыс болмаған. Жұрт ғылымды тастап басқа салаға кетіп жатқан кез-ді. Жоғарыда айтқандай, Төлеген Ғылыми зерттеу институтын дәл осы кезде құрған. Мақсат – жастарды ғылымға тарту, қол үздірмеу. Институтқа мемлекеттен арнайы бір тиын да қаржы берілмеген. Өйткені оған ғалымдардың өздері жеңіп алған шетелдік гранттар тартылды. Бір күні физика факультеті деканының сайлауы болды. Оған Төлегеннің кандидатурасы ұсынылған. Ауырып жатқанына жарты жыл болған Е.Исабаев деген белгілі физик ғалым арнайы келіп, ғылыми жиында: «Во главе факультета становится настоящий физик! Я теперь за факультет спокоен» деген. «Бұл оның мамандығына жасаған бір жақсылығы шығар деп түсіндім» дейді Тәкең сол кезді еске алып. Сөйтіп Төкең декан ғана емес, уақыт өте келе директор да болды. Не істесе де ол өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарады. ҚазМУ-дың ғылыми кеңесінде 1996 жылы Төлегеннің 50 жылдық ғылым, білім, өмір жолына байланысты жиылыс өтті. Онда мен де болдым. Төрде оның мектептегі ұстазы Рақым Дәуітов отырды. Министрліктің арнайы шешімі оқылды. Онда: «Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымының докторы, профессор, ҚазМУ-дың физика факультетінің деканы, Қазақстанда алғаш құрылған «Эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының» ұйымдастырушысы және тұңғыш директоры Т.Қожамқұловтың мектептегі математика пәнінен ұстазы Дәуітов Рақым ұлттық кадр дайындауда сіңірген ерен еңбегі үшін Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталсын» делінген екен. Ол сол жерде табыс етілді. Жиынға Төлегеннің әке-шешесі де қатысып отырған, ол кезде екеуі де тірі еді Төлегеннің Рақым ағайы, ата-анасы бәрі құшақтасып, армандары орындалғандай, бірін-бірі құттықтап, көздерінен жас төгіліп, төбелері көкке жетіп, ерекше бақытқа бөленіп жатты. Бұл өздерінің бірігіп жасаған еңбегінің жемісі еді. Рақым ағасы айтқандай, Төкеңнің өнері де жерде қалған жақ. Бүгіндері Төлегеннің Қазақ Ұлттық музыка академиясының Құрметті профессоры. «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері» деген атақтары бар. Сол 1996 жылы Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді. Төлегеннің мектептегі әр оқушыға қамқор бола білген, Ұстаз деген ұлағатты атты пір тұтқан Дәуітов Рақым ағайының даналығы мен көрегенділігі оны осы күнге дейін толғандырады. Сол Рақым ағайынан оқыған Төлегеннің інісі Болатхан да білім, ғылым жолында, физика-математика ғылымының докторы, профессор. Кафедра басқарды, ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. Қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде проректор. Төлегенге Талдықорғанға университетке ректорлық қызмет ұсынылғанында ол онда бармайтынын айтыпты. Өйткені онда туған інісі сол университеттің физика кафедрасының меңгерушісі еді. Келіні де сонда физик, доцент болатын. Бармаймын деген себебі – бауырым бір мәселемен келеді, оны шешіп берсең, артында жағдайлары одан да төмен ондаған адам тұрады. Егер шешпесең реніш туады. Бауырым ғой, бір рет үндемес, екінші рет үндемес, сонан соң сенің бастық болғаныңды қайтейін демей ме. Университеттің қай жағынан да жағдайы мәз емес-ті. Мәселелері көп болған. Сөйтсе сол кездегі министр Қырымбек Көшербаев «Қожамқұлов қана болсын» деп айтқанынан қайтпапты. Сөйтіп Т.Қожамқұлов ректор болып тағайындалған. Төлеген бірінші күні-ақ өзін ректор ретінде ұжымға таныстырып жатқанда «младший Кожамкулов встаньте» дейді. Ел аң-таң. Інісі Болатхан орнынан тұрады. «Вы уволены» деп інісі мен келінін жұмыстан босатып, Алматыға ауыстырып жібереді. «Бұл таза жұмыс істеуімнің бірден-бір кепілі еді» дейді Төкең. Ол әдеттегідей жанын салып жұмыс істеді. Шешілуі керек мәселелерді шешті, сөйтіп үш жылда университеттің деңгейін көтерді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Талдықорғанда болғанында оқу орнын көріп: «Университет жайнап кетіпті. Жағдайының жақсы екендігі сыртынан-ақ көрініп тұр» депті риза болып. Иә, ол жергілікті Талдықорған қалалық оқу орнын аймақтық І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті дәрежесіне көтерді. Өзі туып-өскен өлке, Алматы облысының Құрметті азаматы атағына ие болды. Сөйтіп ол Талдықорғанда әжептәуір жұмыстар атқарды. Кейін 2001 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ректорлыққа ауыстырылды. Ол жерге басшы болып тағайындалғаннан кейін әкесіне телефон соғып: – Әке, Талдықорғаннан қайтып келе жатырмын. Үйге бал да, мал да, нал да әкеле жатқан жоқпын. Бірақ ешкім өшіре алмайтын атақ-абыроймен келе жатырмын, – деген. Әкесі қатты риза болды, балаша қуанды. Сөйтіп, 2001 жылғы 12 шілдеде Т.А.Қожамқұлов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болып тағайындалды. Жаңа қызметке кіріспес бұрын оның есіне Өмекең (Өмірбек Арсыланұлы) түсті. Содан Кеңсайға, Өмекеңнің басына барып Құран бағыштатып қайтқан. Осыны естігенде мен оның имандылығына, азаматтылығына, кісілігіне қатты риза болдым. Не деген ізгілік деп ойладым. Мен 2001-2013 жылдары Қазақстанның Бас мүфтиі кезімде Алматы, Астананың Орталық мешіттеріне өзім ерекше сыйлайтын, бойында адамгершілік, кісілік, азаматтығы мол М. Жұрынов, С.Сартаев, Ө.Айтбаев, М.Құл-Мұхаммед, М.Нәрікбаев, Т.Есполов, Ғ.Есім секілді академик, профессорлар; жазушылар З.Қабдолов, Т.Кәкішев, М.Шаханов, М.Әуезов, М.Тоқашбаев, Қ.Біләл; өнер қайраткерлері А.Әшімов,Т.Әл-Тарази, Е.Хасанғалиев сынды ел білетін, сыйлайтын, ардақ тұтатын тағы да басқа азаматтарды шақыртып, Қадір түніне арналған іс-шараларда жұрт алдында отанды сүю, адалдық, имандылық, ел бірлігі, ұлт тұтастығы сияқты тақырыптарға сөйлетіп жүрдім. Солардың бел ортасында Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов та болушы еді. Ленинградта оқып жүрген кезінде Төлегенге қаланың барлық ғимараттары І Петр деп тұратындай көрінетін. Бірде І Петр көзіне түскен бір аралға таңырқап, әрі сүйсініп «Ох ты!» депті. Кейін ол «Охтинский» деп аталып кеткен. Сөйтіп Ленинградтың әр тасы «Петр, Петр» деп тұрғандай көрінетін. Қазір ол қала «Санкт-Петербург» деп қайта аталды. Сол жадында қалыпты. Ойланып қараса, бізде де ҚазҰУ-дың 29 нысаны болса, солардың әр тасы Өмекең деп тұр… Ол кезде Өмекеңнің өмірден өткеніне біраз болған. Ол «Киелі жердің иесі болады» демекші, бұл жердің әр қабырғасын тұрғызған Өмекең емес пе?! Ол қандай құрметке болса да лайық емес пе деген ой келеді оған. 2001 жылдың қыркүйек айында өткен алғаш ғылыми кеңесте біреуі: «Студенттер сарайы деген жарамайтын сияқты. Сарай деп не хан сарайын, не болмаса мал сарайын айтады. Студент ғимаратының атын өзгертсек қайтеді?» дейді. Төлеген: «Бұл сұрақты бұдан бұрынырақ әдебиетшілерің, тарихшыларың бар, бәрің ақылдасып бір шешімге келуге болатын еді ғой. Атын өзгерту үшін міндетті түрде мені жаңа ректорды күту керек пе еді?!» деген. Содан университетте «екінші деңгей» деген болу керек еді, қаншама жыл өтті сол тоқтап қалып еді, соны қайта жаңғыртсақ деген сұрақтар қойылып жатты. Оған ол: «Ол мәселе мемлекеттік дәрежеде қозғалу керек. Оны қолға алмас бұрын, мен ең алдымен университеттің ішкі мүмкіншіліктерін байқауым керек, қолымыздан не келетінін көруім керек» дейді. Артынан Студенттер сарайына Өмекеңнің атын берейік деп ұсыныс білдіргенде бәрі үнсіз қалады. «Қарсы болатындар бар ма?» дегенде де ешкім ештеңе демепті. «Келісетіндер бар ма?» дегенінде де бәрі үнсіз қалады. Төлеген өзі қолын көтереді. Сосын проректорлар, декандар, артынан бәрі де келісіп, қолдарын көтерген. Сөйтіп Төлеген студенттер ғимаратына «Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы» деген ат беріп жарқыратып қойған. Қазақ «Әкенің қадірін – өзің әке болғанда білерсің» дейді. «Өмекеңнің саясатын, қадірін оның шәкірті болмасам да, ол кісінің жанында жүрмесем де Өмекеңнің орнына отырғанда ғана сезіндім, түсіндім. ҚазҰУ-дағы Студенттер сарайына Өмекеңнің атын беруім – ол кісіні сыйлап, ғылымға сіңірген еңбегін толыққанды бағалауым. Оған жеке қарым-қатынасымыздың ешқандай қатысы жоқ. Мен өзімді Өмекеңнің ісін әрі қарай жалғастырушымын деп білемін» дейді Төлеген Әбдісағиұлы. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2005 жылы Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында сөйлеген сөзінде: «Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің тұғыры – әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті» деп атап көрсетті, сонымен қатар үлгерімі үздік студенттерге арнап 100 президенттік шәкіртақы тағайындады. Төлеген ай сайын өтетін ректоратта өте белсенді болатын. Кез келген мәселені талқылауда, мен физиканы ғана білем демей, ортақ әңгімеге өзек болған мәселенің байыбына барып, оның дұрыс шешім табуына өз ойын әрі батыл, әрі дұрыс білдіруші еді. Соған қарап әріптесіміздің көп оқитын, көзі қарақты екенін байқайтынбыз. Төлеген – өзі басшылық жасаған оқу орындарын бүгінгі заман талабына лайық деңгейге жеткізумен қатар, еліміздегі жоғары мектеп жүйесін жетілдіріп, әлемдік стандартқа сай мамандар даярлау мәселесін де көтерген білікті қайраткер. Университеттің тағы бір жетістігі – әлемдік тұлға Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын зерттеу ісінің жолға қойылуы. Әл-Фараби дегеннен шығады, 2006 жылдың наурыз айында республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстанның ғылым, білім, дін және қоғам қайраткерлерінен тұратын делегация бұрынғы Шам, қазіргі Сирия Араб республикасында болып қайтты. Оның құрамына, әрине, әл-Фараби университетінің ректоры Төлеген Қожамқұлов та кірді. 50 мың студенті бар Дамаск университеті басшылығы Қазақ елінің данышпан әл-Фараби атындағы университеті ректорымен кездесіп, ынтымақтасу жайлы уағдаластыққа қол жеткізгендеріне өте қуанды. Төкең келіссөз үстінде білікті басшы, қайраткер екендігін көрсете білді. Мен сол үшін де қуандым. Қайтарда әл-Фарабидің қолымызда жоқ бірқатар еңбектерін ала қайттық. Төлегеннің еңбегі еленбей қалған жоқ. Әр жылдары ол «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендері мен мерейтойлық медальдармен марапатталды. Қазір ол Әл-Фараби атындағы университет ректорының кеңесшісі, өзі құрған, іргетасын қалаған ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жетекшісі