Қазақ халқының ұлы ғалымы, ағартушысы және саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың туғанына – 190 жыл. Шоқан Шыңғысұлы – қазақтан шыққан тұңғыш саяхатшылардың бірі. Ол Орта Азияның, Қытайдың және Шығыс Түркістанның картасын жасап, ғылыми тұрғыда зерттеген алғашқы ғалым болды.
1856 жылы Семенов Тянь-Шанскиймен кездесіп, ол болашақ Шығыс зерттеушісі Шоқанға бағыт беріп, ғылыми жұмыстарына ықпал жасайды. Осы жылы Шоқан екі экспедицияға қатысады. Ол қазақтың оңтүстік аймақтарымен тығыз байланыста болған Қоқан хандығының экономикалық-саяси және әлеуметтік құрылысын жан-жақты зерттеп, «Қоқан хандығы туралы жазба» атты белгілі еңбегін жазады. Ыстықкөлдің картасын жасауға қатысады және осы сапарын «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қытай империясының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» деген тарихи-этнографиялық шығармаларында суреттейді. Уәлихановтың ғылыми қызметі Орыс география қоғамының назарын аударып, 1857 жылы 27 ақпанда қоғамға мүшелікке алынады.

Шоқан Уәлиханов пен
Фёдор Достоевский,
Семей. 1859 жыл
Уәлихановтың 1858 жылғы Қашқарияға сапары оның ғылыми қызметіндегі жаңа кезең болды. ХІІІ ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, 1603 жылы Геос қана болған жат өлкеге сапар шегіп, ол жайлы «Алашты шаһардың немесе Қытайдың Нан Лу провинциясының (Кіші Бұхараның) шығыстағы алты қамалының жайы» деп аталатын тамаша еңбек жазады. Бұл – Шоқанның ғылыми мұраларының ішіндегі ең ірісі, Шығыс Түркістан тарихы жөнінде жазылған тұңғыш ғылыми еңбек. Еңбекті Ресей мен шетелдік Шығыс зерттеушілері жоғары бағалады. Ол 1865 жылы Лондонда «Орыстар Орталық Азияда» деген атпен ағылшын тіліне аударылып басылды. Оның бірқатар еңбектері неміс, француз тілдеріне де аударылды.
Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыс географиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Николай Иванович Веселовский: «Шоқан Уәлиханов шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті», – деп жазды.
1858-59 жылдары Шоқан Қашқарияға жасырын түрде сапар шегеді. Бұл өте қауіпті әрі маңызды ғылыми экспедиция болатын. Сапар барысында ол жергілікті халықтың өмірін, саяси жағдайын, мәдениетін зерттеп, Еуропа ғалымдарына құнды мәліметтер жеткізді. Осы еңбегінің арқасында Шоқан орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланды. Бұл қазақ үшін үлкен мәртебе еді.
Шоқан Уәлиханов тек зерттеуші емес, нағыз ағартушы болды. Ол қазақ қоғамының артта қалуының себебі – білімнің жоқтығы, халықтың қараңғылығы деп білді. Сол себепті жастарды білімге, ғылымға, жаңашылдыққа шақырды.
Ол өз еңбектерінде әйел теңсіздігі, дін, халықтың тұрмыс-тіршілігі сияқты әлеуметтік мәселелерге де көңіл бөлді. Шоқан әйелдердің қоғамдағы орнын көтеру, балалардың білім алуын қамтамасыз ету керектігін айтып, заманына қарағанда өте озық ойлы тұлға болды. Одан қалған мұраның бірі – бейнелеу өнері туындылары. Олар Шоқанның осы өнер саласында қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ғалым негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысты. Одан 150-дей сурет қалған.
Өкінішке қарай, Шоқан Уәлихановтың ғұмыры қысқа болды. Ол 30 жасқа жетпей, 1865 жылы Жетісу өңірінде қайтыс болды. Бірақ оның артында қалдырған мұрасы қазақ ғылымының алтын қазынасы болып қалды. Оның еңбектері арқылы қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі әлем ғалымдарына танылды.
Шоқан – өз халқын сүйген, оның болашағы үшін еңбек еткен нағыз ұлтжанды тұлға. Ол ғылым мен мәдениеттің, білім мен прогрестің шамшырағы болды. Бүгінде Қазақстанда Шоқан Уәлиханов атындағы университет, мектептер, көшелер мен мұражайлар бар. Бұл – оның есімі мен еңбегіне деген құрметтің белгісі.
Мәншүк МАМУТОВА,
Қарақат СЕРІК,
Метеорология және гидрология кафедрасының
2-курс студенттері
Басқа жаңалықтар