Ғабит ҚОЙШЫБАЕВ: Дипломатияда романтикадан гөрі жауапкершілік басым
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің түлегі, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы және Моңғолия Халық Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарған еліміздің көрнекті дипломаты Ғабит Қойшыбаев өзінің университет қабырғасындағы жылдары және дипломатиялық қызмет жолы мен халықаралық аренадағы тәжірибелері жайлы әңгімелейді.
– Ғабит Бейбітұлы, сізді Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің қолынан алған «Достық» төсбелгіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл марапат екі ел арасындағы достық пен өзара сенімді нығайту жолындағы еңбегіңіздің лайықты бағасы деп білеміз. Алғашқы сұрағым, сіздің дипломатия жолындағы сапарыңыз қай кезеңнен бастау алады?
– Ыстық ілтипатыңызға рақмет! Бұл марапат тек маған емес, еліміздің дипломатиялық мектебі үшін де зор құрмет деп білемін. Себебі ол жеке еңбектің емес, ел мүддесі жолындағы ұжымдық тәжірибенің және Қазақстан дипломатиясының кәсіби деңгейі мен халықаралық беделінің көрінісі. Сіздің «дипломат жолы – тар жол, тайғақ кешуге толы күрделі жол» деген пікіріңізге толық қосыламын. Шынында да, бұл жолда романтикадан гөрі жауапкершілік басым. Дипломатиялық қызметтің сырт көзге көрінбейтін, бірақ үлкен сабыр мен парасатты қажет ететін қыры көп. Қызмет барысында ел мүддесін қорғау ғана емес, мемлекетіңнің абыройын, сенімін, негізгі ұстанымдарын әлемге таныту қажет болады. Сондықтан мен өз жолымды жай ғана қызмет емес, бір ұлттың үні мен бейнесін әлемге паш ететін маңызды миссия деп есептеймін. Шетел тілдері мен мәдениетіне деген қызығушылығым 1979-89 жылдары оқыған №12 қазақ орта мектебінде қалыптаса бастады. Сол жылдар тұлға ретінде қалыптасудың алғашқы баспалдағы, ізденіске, жаңа дүниелерге ұмтылысқа жетелеген кезең еді. Сүйікті пәндерім математика, сурет салу, сызу және информатика болатын. Әсіресе математика пәнінен сабақ берген ұстазым Дәмелі Даниярова апайым жадымда ерекше сақталып қалды. Ол кісі есеп шығаруды ғана емес, сонымен бірге өз ойыңды дәлелдей білуге, жүйелілікке, сабырлылыққа баулыды. Жалпы, ұстаздарымыз бізге тек білім беріп қана қойған жоқ, тұлға ретінде қалыптастырды, өмірге тәрбиеледі. 1989 жылы орта мектепті үздік аяқтап, ҚазМУ-да (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) жаңадан ашылған шығыстану факультетінің қытай филологиясы бөліміне қабылдандым. ҚазҰУ қабырғасындағы студенттік жылдар менің өмір жолымды айқындаған, дипломатиялық қызметімнің бастауына айналған маңызды кезең еді. Университеттен алған терең білім мен рухани тәрбие кейін бүкіл кәсіби қызметімнің берік іргетасын қалады десем артық емес.
– Қытай тілі мен мәдениетіне қызығушылық қалай пайда болды? Бұл мамандыққа кездейсоқ келмеген шығарсыз?
– Иә, менің қытай тілін таңдауым кездейсоқтық емес, белгілі бір тарихи кезеңнің ықпалы мен отбасылық бағыттың тоғысуының нәтижесінде болды. 1989 жыл КСРО мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастар қайта жандана бастаған кезең болатын. Дәл сол уақытта әкем, белгілі журналист әрі қоғам қайраткері Бейбіт Қойшыбаев мені үлкен ойға жетелеп, «Қытай – біздің көршіміз ғана емес, болашақта әлемдік аренада ерекше орын алатын жетекші елдердің біріне айналады. Сол кезде елімізге қытай тілі мен мәдениетін жақсы меңгерген мамандар керек болады. Сол жолға бар, балам» – деген еді. Әкемнің бұл сөзі маған өмірлік бағдар, рухани серпін берді. Осылайша мен қытай тілі мен осы елдің мәдениетіне терең бойлауға бел будым. Бұл тұрғыда тылсым құпияға толы «Қытай әлемінің» есігін ашып, алғашқы қадамдарымның тұсауын кескен ұлағатты ұстаздарымды – Мәди Нұрсаидов ағайды, Қытайдан келген профессорлар Ли Цзиң, Ма Шучин және Шара Таңжарыққызы апайларды, сондай-ақ көрнекті ғалым Клара Хафизова секілді ұстаздарымды үлкен ілтипат әрі ерекше ізетпен еске аламын. Оларға шексіз алғысымды білдіремін. Ұстаздарымыз бізге тек тілді ғана үйретіп қойған жоқ, сонымен бірге сол тілдің астарында жатқан ұлттық дүниетанымды, қытай халқының ойлау жүйесін, мінез-құлық мәдениетін, «жұмсақ дипломатияның» қыр-сырын да түсіндірді. Олардың сабыр мен парасатқа негізделген ұстаздық мектебі кейінгі кәсіби жолымда, әсіресе дипломатиялық қызметімде адаммен тіл табысу, мәмілеге келу, төзім мен байыптылық таныту сынды қасиеттерді қалыптастыруда баға жетпес мектеп болды.
– Қытай тілін үйрену жолында қандай қиындықтар кездесті? Осы тұрғыда бүгінгі студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Қытай тілінің ең күрделі тұсы, меніңше, иероглиф жүйесі емес, оның төрт тондық екпін жүйесі. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін кейде тондарды шатастырып алатын кездерім болады. Сондықтан қытай тілін жаңа үйрене бастаған студенттерге айтарым – әр сөйлемді қысқа бір әуен ретінде қабылдаңыздар. Қытай тілі – интонация мен ырғаққа негізделген тіл, сондықтан сөйлегенде логикалық кідірісті жеке сөздердің арасынан емес, мағыналық және интонациялық байланысы бар топтардан жасаған жөн. Тілді меңгерудің тағы бір тиімді жолы – тіл иелерімен тікелей қарым-қатынас жасау. Біз оқыған жылдары бүгінгідей техникалық мүмкіндіктер болған жоқ, сондықтан кездейсоқ кездескен қытайлық азаматтармен сөйлесіп қалуға тырысатынбыз. Ал қазіргі жастардың мүмкіндігі әлдеқайда кең: жасанды интеллект платформалары арқылы виртуалды қытайтілдес серіктестерімен сөйлесіп, сөйлеу машығын жетілдіруге әбден болады. Меніңше, қазіргі заманның осындай игіліктерін дұрыс пайдалана білген жөн. Сондай-ақ иероглифтердің тек дәстүрлі (қайшу) емес, қарапайым әрі жылдам жазылатын (сиңшу) түрін қатар үйрену өте пайдалы. Себебі ресми құжаттарда да, тұрмыстық хат алмасуда да бұл айырмашылық айқын байқалады.
– Қытай елімен алғашқы таныстығыңыз қалай өтті? Есте қалған қызықты сәттер бар ма?
– Мен 1993-94 жылдары Бейжіңдегі Солтүстік политехникалық университетінде тілдік тағылымдамадан өттім. Қытай елімен алғашқы таныстығым да осы жылдардан басталды. Қытай қоғамының даму қарқыны, адамдардың еңбекқорлығы мен ұқыптылығы, мәдени әдеп пен қоғамдық тәртіп – бәрі де мені қатты таңғалдырды. Есімде қалған қызықты сәттер өте көп: кешкі саньбу-сыбу (вальс пен фокстрот элементтері бар би түрі – авт.) билері мен адамдардың серуенге шығуы, автобус, троллейбус және метроға тармаса мініп, бос орын үшін таласқан ығы-жығы халық – осының барлығы әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Тайшань тауына бес сағат бойы өрмелегенім, Шаолинь монастырына сапарым, Ұлы Қытай қорғанының бітіп болмайтын баспалдақтары, Циндао қаласының неміс архитектурасымен көмкерілген көшелері, Бейжіңдегі Ваңфуцзин көшесіндегі түнгі базар – бәрі де менің жадымда қалған ұмытылмас естеліктер. Студенттік өмірдің өзіне тән «дәмі» де ерекше ғой: қалтада ақша болғанда гұңбаоцзидиң (тауық етінен дайындалған қуырма тағам – авт.), цуңбао нюжоу (сиыр етінен жасалған тағам – авт.) жейтінбіз, ал қаражат азайғанда цзяньбиң – жұқа шелпекке, тіпті фаңбяньмянь – жеделкеспеге қанағат қылатынбыз. Сол жылдар менің дүниетанымымды ерекше кеңейткен жылдар еді.
– Дипломатиялық қызметіңіз қалай басталды? Бұл жолда қандай тәжірибе жинадыңыз?
– Дипломатиялық жолымды 1994 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Азия басқармасында референт қызметінен бастадым. Сол жылы консулдық басқармаға тағылымдамаға барып, көп ұзамай Үрімшідегі Қазақстанның алғашқы паспорттық-визалық қызметін ашуға жіберілдім. Бұл қызмет мен үшін нағыз дипломаттық тәжірибе мектебі болды: жұмыс барысында ел мүддесін қорғау, адамдармен жұмыс істеудің қыр-сырын үйрендім. Кейін Бейжіңдегі елшілікте, Шанхайдағы Бас консулдықта, Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында және Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығында түрлі лауазымдарда қызмет еттім. 2019-22 жылдар аралығында Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі, ал 2022-25 жылдар аралығында еліміздің Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқардым.
Дипломатия – сырт көзге романтикаға толы қызық өмір болып көрінгенімен, шындығында, шыдам мен жауапкершілікті талап ететін күрделі жұмыс, үлкен жауапкершілік. Елші қызметін атқарып жүргенімде, кейде елшіліктегі құрылыс жұмыстарынан бастап, отандастарды індет кезінде елге эвакуациялауға дейінгі түрлі міндет атқаруға тура келеді. Жас мамандарға айтарым – дипломатиялық жолды таңдаған адам өз ісіне адал, сабырлы әрі ұқыпты болуы керек. Дипломат үшін ең басты қасиет – бастамашылдық, парасат, байыптылық және сауатты болу. Ең маңыздысы – қандай жағдайда да өз еліңнің мүддесі мен абыройын бәрінен де жоғары ұстау.
– Кәсіби қызмет жолында кімнің еңбегі немесе ойы ерекше әсер етті?
– Кейбір көрнекті дипломаттар мен саяси қайраткерлердің еңбектері мен естеліктері маған үлкен әсер қалдырды. Мысалы, Александр Бовиннің «Записки ненастоящего посла» атты кітабы, Анатолий Добрыниннің «Сугубо доверительно. Посол в Вашингтоне при шести президентах США» еңбегі және Сталиннің жеке аудармашысы Валентин Бережковтың естеліктерін ерекше ынтамен оқитынмын. Бұл еңбектер мені дипломатияның сырт көзге көрінбейтін қырлары – адами және моральдық қырларымен терең таныстырды. Болашақ дипломаттарға да осы еңбектерді оқуға кеңес беремін.
– Өзіңіз түлеп ұшқан қара шаңыраққа – төл университетімізге және қазіргі студенттерге не айтар едіңіз?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – менің өмірлік мектебім, рухани темірқазығым. Қара шаңырақта алған білім мен ұстаздарымның тәлімі менің бүкіл өмірлік жолымды айқындады. Ұстаздарыма алғысым шексіз! Ал өскелең ұрпаққа айтарым, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза жуырда: «Қазақстан жастары бірнеше тілді меңгеруі тиіс. Қазақ және орыс тілдерін, сондай-ақ ағылшын, қытай және басқа да тілдерді білу – бұл әлемде табысқа жетудің маңызды шарты», – деп атап өтті. Менің де қазіргі жастарға айтарым: әлемді танудан шаршамаңыздар, мүмкіндігінше көп тіл үйренуге тырысыңыздар. Әрбір үйренген тілді жаңа әлемнің тылсым сырын ашатын ғажайып кілт деп біліңіз. Сөз соңында айтарым, қай елде, қай жерде жүрсеңіздер де, өз еліңіздің, өз мәдениетіңіздің өкілі екеніңізді ешқашан ұмытпаңыздар. Әрқашан өз Отаныңыздың абыройын ойлап, оның қадір-қасиетін сөзбен де, іспен де таныта біліңіздер.
– Әңгімеңізге рақмет.
Фатимабибі ДӘУЛЕТ,
Қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры
Басқа жаңалықтар