Кедендік бақылаудағы халықаралық серіктестік: ТДМ 17 аясындағы қонақ дәріс
2025 жылғы 10 желтоқсанында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты Серікбаев Абзал Мухаметжанұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасында кафедраның профессор-оқытушылар құрамымен және білім алушылармен бірге қонақ дәріс оқыды.
Қонақ дәрістің ашылу салтанатында кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Куаналиева Гульдана Амангельдиевна кіріспе сөз сөйлеп, дәрістің өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды. Ол қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында жоғары оқу орындары арасындағы академиялық серіктестіктің, ғылыми ынтымақтастықтың және тәжірибе алмасудың, әсіресе кедендік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірлескен жұмыстың маңызын ерекше атап өтті.
Қонақ дәрістің тақырыбы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 17-мақсаты – «Тұрақты даму үшін серіктестік: кедендік бақылау саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы халықаралық ынтымақтастық» болды. Лекция барысында баяндамашы тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, кеден органдары, білім беру мекемелері және азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың рөліне жан-жақты талдау жасады.
Атап айтқанда, кедендік бақылау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы күрес жүргізудегі халықаралық-құқықтық серіктестіктің тетіктері, ақпарат алмасу, бірлескен бақылау шаралары, цифрлық технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізу мәселелері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар, кеден, қаржы және экологиялық құқық салаларындағы трансшекаралық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері талқыланды.
Дәріс интерактивті форматта өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді. Қонақ дәріс профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар үшін ғылыми ой-пікір алмасуға, кәсіби тәжірибені тереңдетуге және ТДМ 17 мақсаты аясында кедендік құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін құқықтық тұрғыдан зерделеуге зор мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында тараптар кедендік бақылау саласында ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы академиялық серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
