Сейсмология саласындағы ғылыми әріптестік
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер Ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС-де, картография және геоинформатика кафедрасының профессоры Асима Ғалымжанқызы мен докторант Ақтоты Утеповна салааралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналған жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында орталықтың басшысы Сұлтанбеков Жапсарбай Сұлтанбекұлымен екіжақты пікір алмасу жүзеге асырылды.
Орталық басшысы мекеменің негізгі қызмет бағыттары, сейсмикалық мониторинг жүйесінің қазіргі жағдайы және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесі туралы кеңінен баяндады.
Келіссөздердің басты тақырыбы – бірлескен ғылыми зертхана ашу және сейсмология, табиғи-техногендік қауіп-қатерлер саласында ортақ жобаларды іске асыру болды. Атап айтқанда, жас мамандарды даярлау, ғылыми кадрлардың әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу және қолданбалы зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды.
Тараптар мұндай ынтымақтастықтың ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алу және сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, ғылым мен білімнің өзара ықпалдастығы еліміздегі табиғи және техногендік қауіптерді бағалау мен басқару бағытында маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта нақты жобалар аясында бірлескен жұмыстарды жалғастыруға және ғылыми серіктестікті жүйелі түрде дамытуға дайын екендерін білдірді.
Кездесу кезінде кафедра оқытушыларын Ұлттық ғылыми орталық қызметкерлері жоғары деңгейде, іскерлік әрі жылы атмосферада қарсы алғаны үшін алғыс білдіреміз.
Басқа жаңалықтар