ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ V ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІFarabi University
Референдум 15 марта

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ V ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ

20 қаңтар, 2026

БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ АУҚЫМДЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық да­муын­дағы негізгі нәтижелерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған страте­гиялық басымдықтарды айқындады. Жиында экономикалық өсім көрсеткіштерімен қатар, заң шығару үдерісіндегі Құрылтайдың рөлі, мәдениет пен руханиятты жаңғырту, жастарды қолдау, ғылым мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ парламенттік реформаның негізгі бағыттары кеңінен қамтылды.

Президент алдағы парламент­тік рефор­ма­­ның ауқым­ды саяси жаңғырудың өзегіне айна­латы­нын жеткізді. Осыған байланыс­ты Конс­титуцияға енгізілетін өз­геріс­тер мем­­лекеттік механизмді жетілдіру­ге, билік тар­­мақ­тарының өзара іс-қимы­лын нақ­ты­лау­ға, басқару шешімдерінің ашықтығы мен жауап­кершілігін арттыруға арналғаны айтылды.

Осы орайда, бір палаталы Пар­ла­ментке көшу қажеттігі негіз­дел­ді. Бұл қадам заң шы­ғару үде­рі­сін жеделдетіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады. Қоғам­ның қар­қынды дамуы мен цифрландыру жағ­­дайында мемлекет заңнамалық тұр­ғыда өз­­герістерге дер кезінде жауап бе­руі қажет. Со­­нымен қатар қа­зір­гі жаһан­дық тұ­рақ­сыздық ке­зеңін­де заң қабыл­дау рә­сім­дерін оңтайландыру, бюджет шы­ғын­дарын қысқарту және заң шығару қыз­меті­нің ашықтығын күшейту ерекше маңызға ие.

Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі негізінде қалыптастыру азаматтарды саяси партиялар арқылы қоғамдық-саяси өмірге кеңінен тартуға жол ашады. Бұл қоғамдағы саяси және құқықтық мәдениеттің артуына ықпал етеді. Әлемдік тәжірибе саяси партиялардың азаматтарды саяси жұмылдырудың негізгі институты екенін көрсетеді, ал партиялық қызметтен өткен депутаттар кәсіби әрі белсенді заң шығарушы ретінде қалыптасады.

Шетелдік тәжірибе де бір палаталы Пар­ламент моделінің тиімді­лігін дәлелдейді. Әлем елде­рінің шамамен үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қолданылады. Мұндай модель бюрократиялық кедергі­лерді азай­тып, қоғам сұра­ныстарына жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Бұл құ­рылым еліміздің унитарлық мемлекеттік табиғатына толық сәйкес келеді.

Мемлекетімізде парламент­тік реформа­ны жүзеге асыруға қа­­жет­ті құ­қықтық не­гіз қа­­­лыптас­­тырылған. Парламенттік оп­­по­­зи­ция институтының енгізі­луі, сая­си пар­­тиялардың Парла­ментке өту шегі­нің 5 пайыз­­ға дейін тө­мен­­детілуі саяси бә­секелес­тікті кү­шейтіп, көппартиялық жүйе­ні да­­мы­туға бағытталған. Бұл өзге­ріс­тер «Күшті Пре­зидент – ық­пал­ды Парламент – есеп бере­тін Үкімет» қағидатына негіз­дел­­ген мем­ле­кеттік басқару­дың жаңар­тылған моделін қалып­тастырады. Жоғары өкілді және заң шы­ғару­шы органның атауын «Құ­рыл­тай» деп өзгерту де терең рәміз­дік мәнге ие. Бұл атау Қазақ хан­дығы дәуірінен бастау алатын ха­лықтық басқару дәстүрін жаң­ғыр­тып, Парламенттің қоғам­дық беделін арттыруға қызмет етеді. Сонымен қатар Парламент құрылымын жаңғырту әрі депу­тат­тардың өкілеттіктерін кеңей­ту оның тиімділігі мен жауапкер­шілігін күшейтеді.

Мемлекет басшысы Вице-президент институтын енгізу және Халық кеңесін құру бастамасын көтерді. Халық кеңесі жоғары кон­сультативтік орган ретінде ел­дің әртүрлі әлеуметтік топтары мен өңірлерінің мүддесін қам­тып, заң шығару бастамасы құқы­ғына ие болмақ. Бұл қадам ха­лық өкілдігінің рөлін арттырып, қо­ғам­дық келісімді нығайтуға бағытталған.

Конституцияның преамбула­сына­ өзгерістер енгізу мемлекеттің қазіргі заман­ғы құндылықтары мен стратегиялық ба­сымдықтарын айқындайды. Ал Вице-президент институтын енгізу мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сабақ­тастығын күшейтіп, Президент өкілеттіктерін іске асырудың тиім­ділігін арттыруға үлес қосады.

Президент сайлауына қатысты Конститу­ция нормаларын нақты­лау қажеттігіне де назар аударыл­ды. Қолданыстағы Ата заңда Пре­­зидент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оның міндеттері уақытша Сенат төраға­сына «қалған мерзімге» жүкте­летіні көрсетілген. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Президент мерзімінен бұрын кеткен жағдайда екі ай ішінде кезектен тыс сайлау өткізу нормасын Конституцияда нақты бекітуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы конс­ти­ту­ция­лық рефор­маның нәтижелеріне де тоқтал­ды. Бұл реформа мемлекеттік инс­титуттарды жаңғыртып, билік тармақтарының өзара тепе-тең­дігін күшейтуге бағытталды. Конс­титуциялық соттың құрылуы, әкім­шілік әділеттің енгізілуі, сай­лау жүйесінің жаңар­тылуы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­ге конституциялық мәртебе берілуі – осы реформаның нақты нәтижелері.

Мемлекет басшысы геосая­си ахуал­дың шие­ленісуі жағ­дайында сыртқы экономи­калық бағытқа қатысты қағидатты ұста­нымды да айқындады. Еліміз эконо­микалық интеграция бағы­тына берік екенін растай отырып, әріптестік қатынастардың әділ әрі теңқұқылы сипатта болуын басты шарт ретінде атап өтті.

Еліміздің Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа төрағалығы аясында өзекті күн тәртібі ұсынылды. Онда жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріліп, бұл бірлестіктің жалпы тиімділігін арттыруға қызмет етуі тиіс екені, ал жаңа бюрократиялық кедергілер туындатпау қажеттігі атап өтілді.

Сонымен қатар сауда кедер­гі­лерін жою басым міндет ретін­де белгіленді. Әріптес елдерден келетін субсидияланатын им­порт­тың қысымымен отан­дық азық-түлік өнеркәсібі кәсіп­орын­­дарының өндірісті қысқар­туға мәжбүр болуы жол беруге бол­майтын жағдай ретінде баға­­ланды. Бұл мәселе тек ком­мер­­­ция­лық қатынастар аясынан шы­­­ғып, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланыс­ты екені айтылды.

Үкіметке белсенді әрі дәлелді әрекет ету қажеттігі бойынша нақты міндет қойылды. Әріп­тес­термен өзара ашықтықты сақ­тай отырып, ұлттық бизнестің мүд­делерін табанды түрде қорғау үшін ұтымды теңгерім табу қажет. Тек праг­матикалық ұстаным мен өз нарық­тарын қорғай білу қабілеті ғана отан­дық экономиканың бәсе­кеге қабілеттілігін арттырып, интеграцияны мәселе емес, даму­дың тиімді тетігіне айналдыра алады.

Президент қазіргі әлем күрделі өзгеріс­тер кезеңіне аяқ басқанын тілге тиек етті. Халықаралық құқық нормалары әлсіреп, мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы күшейіп келеді, әскери шығындар рекордтық дең­гейде өсіп жатыр. Осындай жағдайда сырт­қы саясаттың маңызы айрықша артып, ол ба­рынша салмақты, кәсіби және ұзақ мер­­зімді ұлттық мүдделерді қорғауға ба­ғыт­­­тал­ғаны жөн. Өйткені дипломатиялық қате­лік­тің құны орны толмас салдарға әкелуі мүмкін.

Мемлекет басшысы еліміз үшін дипломатия – қақтығысқа бастайтын жол емес, келісім мен ымыра табудың балама­сыз құралы екеніне ерекше тоқталды. Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылданды. Аталған ынтымақтастық Таяу Шығыста бейбітшілікті нығайтуға бағыт­талған дипломатиялық жаңа­шылдық әрі нақты үлес ретінде қарастырылады. Әлем­дік діндерге ортақ құндылықтарға негіз­дел­ген бұл бастаманың рәміздік мәні Қазақстанның өркениеттер диалогі мен кон­фессияаралық келі­сімді қолдау саясатына толық сәй­кес келеді және елдің халық­аралық беделін арттыра түседі.

Мемлекет басшысы Қазақ­станның жауапты «орта держава» ретіндегі мәртебесін тағы да растады. Елдің сыртқы саясаты әрдайым байыпты әрі әділетті ұстанымдарға негізделіп келеді. Оның басты мақсаты – мем­лекеттің аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін және егемендігін қамтамасыз ету.

Мемлекет басшысы шынайы патриотизм ел тарихын білу­мен, мемлекет алдындағы жауап­кершілікті сезінумен және қо­ғамға пайдалы болуға ұмтылу­мен өл­ше­нетінін алға тартты. Оның ай­туынша, Отанға деген сүйіспен­шілік ұрандармен емес, адал еңбек­пен, заңға құрметпен және туған жерге жанашырлықпен көрі­нуі міндет. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акция­сын пат­риотизмнің күнделікті өмір­­дегі нақты көрінісі ретінде атап өтті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сондай-ақ цифр­­­ландыру мен жасан­ды интеллектіні да­мы­­ту мәсе­лесіне тоқталды. Бұл бағыт­тағы саясат пиар немесе сән емес, нақты нәтиже та­лап ететін стратегиялық міндет екенін жет­кіз­ді. Егер басқару жүйесінде тәртіп орна­­маса, ар­тық бюрократия сақталса, техно­ло­гиялар өз­­ді­гінен тиімділік әкелмейді. Сондық­тан цифр­­лық трансформацияның ең алды­мен бас­қа­ру мәдениетін жаңғыртудан басталуы маңызды.

Президент аталған өзгеріс­тердің ауқымы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар екенін айтып, арнайы Конституциялық комиссия құрылатынын мәлімдеді. Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, заң­гер­лер, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен өңірлік мәслихат басшылары енеді. Оның жұ­мысы нәтижесінде нақты түзетулер пакеті әзірленіп, референдум өткізу мерзімі белгіленбек.

Қорытындылай келе айтарымыз, Қызыл­ор­дадағы Ұлттық құрылтайда айтыл­ған ұсыныстар елдің саяси-әлеуметтік дамуы­ның алдағы бағытын айқындады. Ал пар­ламенттік реформа мем­лекеттік басқаруды жаңғыр­тудың шешуші тетігіне айналмақ. Ең бастысы, бұл реформалар сөз жүзінде қалмай, нақты нәтижелер арқылы өлшеніп, қоғам күткен өзгерістерге жол ашуға тиіс.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген  мақаласы

 

 

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛАДЫ

 

 

Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының көтерген мәселелері ұлттық болмысты терең философиялық тұрғыдан пайымдауға негіз болды деп ойлаймын.

Президенттің рухани-мәдени мұраны әлемдік өркениет кеңістігіне шығару туралы ойы – тек мәдени саясаттың ғана емес, тарихи сананы жаңғыртудың, ұлттық жадыны жаңаша деңгейде ұғынудың айқын көрінісі. «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енуі – қазақ мемлекеттілігінің жазба дәстүрі мен тарихи сабақтастығының адамзат өркениеті үшін құндылығын мойындатқан маңызды қадам. Ал Маңғыстаудың жерасты мешіттерін дүниежүзілік мұралар қатарына ұсыну – түркі-ислам өркениетінің даладағы ерекше рухани архитектурасын әлемге танытудың символдық мәні зор бастама.

Философиялық тұрғыдан алғанда, бұл үрдістер ұлттық мәдениетті тек өткеннің ескерткіші ретінде емес, қазіргі және болашақ ұрпақтың рухани бағдарын айқындайтын тірі құндылық ретінде қарастыруға шақырады. Материалдық емес мұраларды жүйелі түрде тіркеу мен насихаттау – халықтың тарихи жады мен рухани тәжірибесін жаһандану жағдайында сақтап қалудың маңызды тетігі.

Президент атап өткендей, мұнымен шектеліп қалмай, төл тарихымызды терең зерделеу, өнер мен мәдениетті жаңа сапалық деңгейге көтеру – ұлттың рухани егемендігін нығайтатын ұзақ мерзімді стратегиялық міндет. Ұлттық құрылтай осы тұрғыдан алғанда қоғамдық сананы біріктіретін, өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыратын маңызды рухани алаңға айналып отыр.

 

Жақыпбек АЛТАЕВ,

Халықаралық Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының

ғылыми кеңесшісі

 

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: БИЛІК ПЕН ҚОҒАМ АРАСЫНДАҒЫ ЖАҢА САЯСИ ТӘЖІРИБЕ

Ұлттық құрылтай жұмысының бірнеше жылында билік те, қоғам да маңызды жаңа тәжірибе алды. Тиімділігін бағалаудан бөлек, аталмыш институттың болуы мен қоғамдық талқылаулардың өтуі көп нәрсені байқатты.

Билік үшін Құрылтай елеулі мәселелерді ашық форматта талқылау тәжірибесіне айналды. Бұл идеялар ұсынуға болатын, қоғамдағы реакцияларды бақылайтын және талқылау кезеңінде ықтимал қақтығыстарды азайта алатын платформа.

Қоғам үшін Құрылтай бақыланатын диалог тәжірибесіне айналды. Сондықтан Құрылтайдағы идеяларға реакция позитивтілігімен қатар, сыни көзқарастар қалыптастыруды иеленді. Демек, қоғамдық реакция халықтың қатысуын белгілейді және Құрылтайға немқұрайлы қарайтындар іс жүзінде жоқ. Мәселелері кейін де талқыланады, пікір алмасады, халық көп өзгерістер күтеді. Бұл немқұрайлылықтың белгісі емес, саяси қарым-қатынас түрі.

Осы уақыт ішінде сұраныстар мен күтілетін үміттер сипаты өзгерді. «Кім айтты?» сауалына қарағанда, «қайсысы жұмыс істейді?» сұрағы туындайды. Азаматтар персоналарға емес, нәтижелер мен институционалдық логикаға көбірек назар аудара бастады.

Осы мағынада шынайы қатысуға сұраныс пен қолданыстағы диалог форматтары арасында үлкен алшақтық болмауы тиіс. Мүмкін, тәжірибе кез келген нәтижеден де маңыздырақ шығар. Өйткені қоғам талқылау, пікір алмасу және сынға алу дайындығымен бірге, жұмыс істейтін институттарды қалайтынын анық көрсетеді.

Насимова Гүлнар

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі

 

 

АУҚЫМДЫ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТТІК РЕФОРМАНЫҢ БАСТАУЫ

 

Ұлттық құрылтай еліміздің саяси-экономикалық және құқықтық дамуындағы маңызды институттардың біріне және маңыздысына айналғаны айқын. Өткен төрт құрылтай отырыстарында айтылған маңызды ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді.

Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда алдағы жылдардағы еліміздің құқықтық дамуына негіз болатын бастамалар көтерілді.

Саяси және құқықтық маңызы бар бастамалардың бірі – әрине, парламенттік реформа. Бұл реформа 2025 жылғы 8 қыркүйектегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауынан бастау алып, 8 қазанда жұмыс тобы құрылғаны баршаға мәлім. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген болатын. Бүкіл азаматтардан өтініштерді қабылдау мақсатында арнайы e-Otinish пен Egov порталында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Мұның өзі еліміздегі демократиялық үрдістердің дамығанын байқауға болады.

Алдағы парламенттік реформа – бұл елдегі билік архитектурасын және азаматтардың мемлекетті басқарудағы рөлін айтарлықтай өзгерте алатын негізгі саяси процестердің бірі. Міне, оның маңыздылығының негізгі аспектілері:

- Билік жүйесінің терең өзгеруі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев және басқа да сарапшылар алдағы реформаның тек техникалық өзгеріс емес, өкілді биліктің терең өзгеруі екенін атап өтті. Конституцияның негіздері, оның ішінде ондаған баптары мен билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері қайта қаралады. Маңызды өзгерістер Парламенттің құрылымын ғана емес, негізгі мемлекеттік органдарды қалыптастыру тәртібін де қамтиды.

- Бір палаталы Парламентке көшу. Ең көп талқыланып отырған ұсыныстардың бірі – қазіргі екі палаталы жүйеден бір палаталы жүйеге көшу. Мұндай модель басқа елдерде жиі қолданылады және заңнамалық процестің тиімділігін арттыруға, оны тезірек және ашық етуге арналған. Бұл модель әсіресе унитарлы мемлекеттер үшін өте тиімді.

- Парламенттің рөлін нығайту. Реформа Қазақстанның саяси жүйесіндегі Парламенттің рөлін күшейтуге бағытталған: заңнамалық өкілеттіктерді кеңейту, Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу, депутаттардың кәсібилігін арттыру. Бұл халық өкілдерінің жауапкершілігін арттырады және биліктің өкілдік функциясын күшейтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Парламентті жаңғырту жөніндегі бастамалар – еліміздің конституциялық дамуы мен құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.

Президент атап өткендей, болашақ заң шығарушы органның «Құрылтай» деп аталуы – тарихи санамызға, ұлттық саяси дәстүрімізге толық сай келетін, мағынасы терең әрі символдық мәні зор шешім. Құрылтай – халқымыз үшін кеңес пен жауапкершіліктің, бірлік пен ортақ шешімнің үлгісі.

Парламенттің құрылымы мен депутаттар санына қатысты пікірталастар да заңды. Алайда Мемлекет басшысы айқын атап өтті: мәселе – санда емес, сапада. Негізгі мақсат – елдегі ауқымды реформаларға заңнамалық тұрғыдан нақты әрі кәсіби қолдау көрсете алатын тиімді Парламент қалыптастыру.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби заңгерлер қауымдастығының Конституция мәтініне қатысты ұсыныстарына ерекше мән беріп, Конституцияның кейбір нормаларын нақтылау қажеттігін атап өтті.

Әсіресе Президент өкілеттігін беру тәртібі мен кезектен тыс сайлау өткізу мәселесіне назар аударылды. Қолданыстағы нормада «қалған мерзімге» деген ұғымның нақты айқындалмауы құқықтық белгісіздікке әкелуі мүмкін екені орынды көтерілді. Себебі бұл мерзім бірнеше айды да, бірнеше жылды да қамтуы ықтимал.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Президент мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда, екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өткізілуі тиіс деген норманы Конституцияда нақты бекіту қажеттігін айқын мәлімдеді. Бұл – халықаралық озық тәжірибеге толық сай келетін, биліктің заңдылығын қамтамасыз ететін шешім.

Конституциялық реформа аясында Конституцияның тек мазмұнын ғана емес, оның тілдік, стильдік және құндылықтық негізін де жаңғырту қажеттігін нақты атап өтті. Президенттің айтуынша, Конституция мәтінінде бұрын жіберілген терминологиялық және стильдік кемшіліктер бар. Бұл құқықтық құжаттың сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан оны түзету жұмыстарына заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандарының тартылуы – өте орынды әрі кәсіби шешім.

Ерекше мән берілген тағы бір мәселе – Конституцияның преамбуласын қайта жазу. Ол ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, уақыт өтсе де маңызын жоғалтпайтын, мемлекетіміздің рухани және тарихи негізін айқын көрсететін мазмұнда болуы тиіс.

Қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тарихы, Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің заңды мұрагері екені Конституцияның кіріспесінде нақты көрініс табуы қажет. Сонымен қатар Конституцияға «Біз бәріміз әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізу ұсынысы қазіргі заманның басты қоғамдық сұранысына толық жауап береді.

Біз бұл бастамаларды құқықтық мемлекетті нығайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға және Қазақстанның демократиялық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған тарихи қадам деп бағалаймыз және оларды іске асыруды толық қолдаймыз.

Уәлихан АХАТОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы

 

 

РЕФОРМАЛАР – ЗАМАН ТАЛАБЫ

 

 

Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайдағы Президенттің баяндамасымен таныса келе, мынадай қорытындылар жасадым. Бір жағынан, ғылым мен жоғары білім саласында еңбек ететін зерттеуші ретінде процестердің логикасын, екінші жағынан, аудандық мәслихат депутаты ретінде халыққа тигізер пайдасын іздедім. Қазіргі сәтте еліміз консервативті модернизация алдында тұр. Оның себептері төмендегідей.

Президенттің вице-президент лауазымын енгізу туралы ұсынысы – 1993 жылғы Конституцияда болған лауазымды қайтару арқылы тарихи әділдікті қалпына келтіру. Академиялық орта үшін вице-президенттің маңызы зор. Жаңа лауазым иесі отандық және шетелдік ғылыми, мәдени-ағарту ұйымдарымен тікелей жұмыс істейтін болады. Бұған дейін ғылым мен жоғары билік арасында бюрократиялық сатылар көп еді. Енді ғалымдардың үні, академиялық қауымдастықтың мәселелері тікелей екінші тұлға арқылы Президентке жетеді деген үміттемін.

Қазақстанның саяси-құқықтық табиғаты унитарлық болғандықтан, федеративті елдерге тән екі палаталы жүйені ұстап тұру уақыт пен ресурсты талап ететін күрделі механизм еді. Сенат көбіне аймақтардың дербестігі басым мемлекеттерге қажет, ал біртұтас ел үшін ол заң қабылдауды баяулататын артық буынға айналуы мүмкін. Сондықтан Президенттің бір палаталы құрылтайға көшу бастамасы – бюрократиялық кедергілерді жойып, шешім қабылдауды жеделдететін және еліміздің унитарлық болмысымен толық үйлесетін өте орынды әрі тарихи қадам.

2022 жылғы реформадан кейін, 2023 жылғы өткен аудандық мәслихат депутаттарын сайлауға өз-өзімді ұсынып, тартысты күресте жеңіп шықтым. Осы уақытқа дейін 100-ден астам депутаттық сауал жолдадым, көптеген проблемалық сұрақтарды көтеруге мүмкіндік болды. Демек, аудандық деңгейде, мажоритарлық сайлау жүйесі өзінің тиімділігін көрсетті. Бұл пайымымды бүгінгі құрылтайда Президент те атап өтті.

Ойымды қорытындыласам, реформалар – заман талабы, оларды жүзеге асыру біздің мойнымызда, ал саяси әсеріне баға беру болашақтың еншісінде.

 

Жандос Байжұма,

ҚазҰУ оқытушысы, PhD

 

 

 

ЕЛ ДАМУЫН АЙҚЫНДАЙТЫН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМДАР

 

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі жаңа Қазақстанның келешегіне бағытталған нақты әрі жүйелі бағдарды айқындап берді. Мемлекет басшысының бұл жиында айтқан ойлары қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның даму жолын айқындайтын стратегиялық ұстанымдар деп бағалауға болады.

«Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін тәуелсіздік – бәрінен қымбат» деген сөзі мен үшін шын мәнінде қанатты сөзге айналды. Бұл – тек мерекелік ұран немесе саяси мәлімдеме емес, ел тағдырына, ұлт болашағына деген терең жауапкершілікті білдіретін қағидатты ұстаным.

         Себебі тәуелсіздік – біздің саяси тұрақтылығымыздың, экономикалық дербестігіміздің және рухани тұтастығымыздың басты кепілі. Ол – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманының нәтижесі, бүгінгі ұрпақтың ең қастерлі құндылығы әрі келешекке аманат етілген ұлы мұра. Ұлттық құрылтай мінберінде айтылған бұл ой әрбір азаматқа ортақ жауапкершілікті жүктейді. Ел бірлігі, ұлттық мүддені қорғау және болашақ ұрпақ алдындағы адал парыз – осы жауапкершіліктің өзегі.

Бүгінгі сын-қатерлерге толы, құбылмалы кезеңде тәуелсіздікті мәңгілік сақтау үшін оны сөзбен емес, нақты іспен нығайта білуіміз қажет. Әрқайсымыз өз кәсібімізде, қоғамдық өмірде, білім мен ғылымда, мәдениет пен тәрбие саласында ел дамуына үлес қосу арқылы ғана тәуелсіздіктің тұғырын бекемдей аламыз.

Тәуелсіз Қазақстан – біздің ортақ тағдырымыз, ортақ аманатымыз.

Оны сақтау, қорғау және келер ұрпаққа нық, қуатты мемлекет ретінде табыстау – баршамыздың қасиетті міндетіміз.

Осы орайда, қазақтың ғылымы мен білімінің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Президентіміздің ел болашағына бағытталған стратегиялық бастамаларын толық қолдайды. Университет қауымы Мемлекет басшысы айқындаған тәуелсіздікті нығайту, ұлттық әлеуетті арттыру, зияткер ұлт қалыптастыру жолындағы міндеттерді өз қызметінің басты бағыты деп санайды.

Білім мен ғылым саласы елдің ұзақ мерзімді дамуының берік іргетасы екенін терең түсінетін ҚазҰУ ұжымы сапалы білім беру, іргелі және қолданбалы ғылымды дамыту, жастардың бойына отансүйгіштік пен жауапкершілік құндылықтарын сіңіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл Мемлекет басшысы көтерген ұлттық бірлік, жаңашыл ойлау және жасампаз еңбек қағидаттарымен толық үндес.

Болашаққа бағдарланған университет ретінде біз ғылымды өндіріс пен экономиканың нақты сұраныстарымен ұштастырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, елдің интеллектуалдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қоса береміз. Ұлттық мүдде мен тәуелсіздік мұраттары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымының қызметіндегі басты бағдар болып қала береді.

 

Нұрзада Бейсен,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

физика-техникалық факультетінің деканы

 

 

 

 

 

МӘДЕНИ-ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІЛУІ КЕРЕК

 

 

Елдің болашағы мен стратегиялық жоспарларын анықтайтын, ілгерілеп өркендеудің негізгі қағидаттары мен нақты ситуацияларда қалай әрекет ету бойынша ішкі және сыртқы саясатты талдау тұрғысынан бағамдап, жаңа жоспарлар құруға бағдарланған Ұлттық құрылтайдың  V отырысы табысты өтті.

Қызылорда қаласында өткен бұл құрылтай елімізге қажетті және өзекті болып cаналатын қоғамдық өмірдің әрбір саласы бойынша ғылым, экономика, ел басқару саласындағы бірқатар мәселелерді кеңінен талқылады.

Осы талқылаулардың барысында бұрынғы құрылтайларға қарағанда, қазіргіміз әрбір іске нақтылық пен прагматизм тұрғысынан келу арқылы ерекшеленеді. Қоғамдық мәселелерге аналитикалық талдау жүргізу дағдысын үйреніп, тек жасалған істермен мақтану емес, сол салаға қатысты өзекті  болып табылатын  ахуалдарға тереңірек үңілуге машықтанып келе жатқанымен құнды.  Түйінді мәселелер ғана емес, олардың шешудің технологиясы да  емес, тиімді түрде реттеудің өзіндік практикасына қарай бет бұруға деген жаңа ниеттердің көрінісі қуантады. Қоғамдағы  ұсақ-түйек емес, әлеуметтік мәні бар шешім қабылдаушылық сананы иелену, қоғам мен саясаттың, бүгінгі әлемдік ахуалдың және беталыстардың шынайы мәніне үңіле білуге қарай бет бұру, алдымен қандай мәселені алдыңғы қатарға қойып шеше білуді де меңгеріп келе жатқанына өз басым қуанамын. Құрылтай мүшелері мәселені тек өздері ғана емес, оның сыртқы факторларына да тәуелді екенін түйсіне алуымен, құр уәде мен шартты ұстанымдардың ауылы алыстап бара жатқанын сәл де  болса ұғына алуымен ерекшеленіп тұрған сияқты болуының өзі белгілі бір деңгейде қоғамдық санада үміт пен шабыт береді деген сенімге арнайы негізделмесе де, саяси технологиялық құралдар арқылы тыңнан түрен салуымен шартталғандай сыңай танытады.    

Қысқасы, Ұлттық құрылтай «Күлтөбенің басында күнде жиыннның» қайталанған үлгісі емес, нақты мәселелерді шешуге  бағдарланатын, қоғамдық талаптар мен сұраныстарды да қатаң ескеретін, халықтың мәдени-әлеуметтік жағдайына тікелей қатысты ахуалдарды талқылауға емес, шешуге бағытталатындай  іс-шаралар атқаратынына сенімнің мол болуы ғана емес, сол сенімнің  деңгейі мен көрсетер нәтижелердің өзара прапорциясымен үндесіп келуі тиіс екенінің айғақтарына куә болудың ұстанымдарымен де ыңғайласу керектігінің негіздемелерімен келіп орайласуы тиіс.

 

Берік МҰРАТҰЛЫ, Философия кафедрасының доценті м.а.,

философия ғылымының докторы

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – МӘДЕНИ-САЯСИ КОНСЕНСУС ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН МЕХАНИЗМ

 

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай алаңында көтерілген бастамалардың жүйелі түрде институционалданғанын және олардың мемлекеттік саясаттың нақты тетіктері арқылы іске асырылып жатқанын көрсетеді. Құрылтай қорытындыларына жасалған талдау Қазақстанда соңғы жылдары жүріп жатқан саяси, құқықтық және мәдени трансформацияның декларативті деңгейден нормативтік-құқықтық және бағдарламалық деңгейге өткенін айқын аңғартады.

Біріншіден, қабылданған заңдар мен әзірленіп жатқан заң жобалары қоғам өмірінің негізгі салаларын – мәдениет, білім, ақпараттық кеңістік, әлеуметтік қорғау, жастар саясаты, еңбек қатынастары, қоғамдық мораль және тарихи жады мәселелерін қамтиды. Бұл «Әділетті Қазақстан» қағидатының тек әлеуметтік-экономикалық ұран емес, құндылықтық және мәдени-өркениеттік бағдар ретінде қарастырылып отырғанын дәлелдейді. Заңнамалық өзгерістердің ішінде ономастика, мемлекеттік рәміздер, тарихи тұлғалар, мәдени мұра, кітап оқу мәдениеті сияқты символдық саясатқа қатысты нормалардың басым болуы ұлттық бірегейлікті жаңаша пайымдау үрдісінің жүріп жатқанын көрсетеді.

Екіншіден, құрылтай шешімдерінің маңызды ерекшелігі – «жұмсақ» мәдени саясат пен «қатаң» құқықтық реттеудің үйлесуі. Бір жағынан, балаларды қорғау, әйелдер құқықтары, еңбек адамының мәртебесі, инклюзия, кітап оқу, мәдени мұраны цифрландыру сияқты гуманистік бағыттар күшейтілсе, екінші жағынан, вандализмге, заңсыз контентке, лудоманияға, есірткі айналымына, әлеуметтік желілердегі қорлау мен кемсітуге қарсы жауапкершілік шаралары қатаңдатылуда. Бұл қазіргі қазақстандық қоғамда еркіндік пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті құқықтық жолмен орнықтыруға ұмтылысты білдіреді.

Үшіншіден, ұсынылған материалдан мәдениет ұғымының тар салалық түсініктен шығып, кешенді қоғамдық феномен ретінде қарастырылып отырғаны байқалады. Мәдениет тек өнер мен дәстүр аясында емес, еңбек этикасы, құқықтық сана, ақпараттық тәртіп, тарихи білім, ғылыми инновация және өңірлік даму контексінде пайымдалады. Ғылыми қалашықтар құру, гляциологиялық орталық мәртебесін қайта жандандыру, академиялық тарихты жүйелеу сияқты бастамалар мәдени саясаттың білім және ғылыммен органикалық байланысын көрсетеді.

Төртіншіден, құрылтай қорытындылары басқару мәдениетінде де өзгеріс бар екенін аңғартады. Жүйелеу, мониторинг, бақылау, стандарттау ұғымдарының жиі қолданылуы мемлекеттің символдық және мәдени кеңістікті реттеуге ұмтылысын білдіреді. Бұл үрдіс посткеңестік кеңістіктегі бейберекет символдық саясаттан саналы түрде бас тарту ретінде бағалануы мүмкін.     

Қорытындылай келе, ұсынылған мәтін Ұлттық құрылтайды біржолғы пікірталас алаңы емес, мәдени-саяси консенсус қалыптастыратын және оны құқықтық, институционалдық деңгейде бекітетін тұрақты механизм ретінде сипаттайды. Құрылтай шешімдерінің іске асуы Қазақстанда мәдениет, құқық және әлеуметтік саясаттың өзара тоғысқан жаңа моделінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

 

Айжан Күдерина,

философия және саясаттану факультеті

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, докторант

 

 

ОРТАҚ МАҚСАТ ПЕН КЕЛЕЛІ ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ

 

Еліміздің келелі мәселелерін талқылайтын V Ұлттық құрылтайда Қазақстанның дамуына қатысты бірнеше маңызды бағыттағы мәселелер кеңінен талқыланды. Бұл құрылтай – Президенттің консультативті-кеңесші органы ретінде қоғамның стратегиялық проблемаларын ашық талқылауға арналған алаң. Осы уақытқа дейін Ұлттық құрылтай отырыстары Түркістан, Атырау, Ұлытау және Бурабай қалаларында өтті. Басқосулар барысында ел дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланып, қоғамдық пікірге негізделген ұсыныстар айтылды. Ұлттық құрылтай жанданғалы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды. Алқалы жиында назарда болған кемшілікті түзету заң шеңберінде бекіп, қоғамның оң бағытқа бет алғанын байқаймыз. Алқалы жиынның алғашқы күнінде:

1. Азаматтық қоғам және қоғамдық қатысу – құрылтайдың секция отырыстарында азаматтық қоғамды дамыту, халықпен белсенді диалог орнату тақырыптары көтерілді. Мұнда үкіметтік емес ұйымдар, партиялар және өңірлік қоғамдық кеңестер өз ұсыныстарын білдірді.

2. Экономикалық даму – экономика, инвестициялар, өңірлік даму және шаруашылықты қолдау мәселелері бойынша пікірталастар болды. Бұл секцияда экономикалық прогрестің кедергілері мен мүмкіндіктері талқыланды.

3. Әлеуметтік-мәдени даму – әлеуметтік және мәдени салалардағы өзекті мәселелер бөлімі белсенді талқыланды: мәдениеттің дамуы, ақпарат, қоғамдағы мораль-рухани құндылықтар және әлеуметтік интеграция. Қатысқандар осы салалардағы жаңа бастамаларды көрсетті.

4. Білім және ғылым – білім беру жүйесі мен ғылымның рөлі бойынша пікір алмасулар өтті, қоғамда болып жатқан балалардың ұлттық тәрбиесі мен білім сапасын арттыру, инновацияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді қолдау секілді тақырыптар қозғалды.

5. Конституциялық және саяси реформалар – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай аясында ағымдағы реформалар, оның ішінде парламенттік жүйені және Конституцияны жаңарту мәселелері бойынша нақты пікірлер айтылды. Бұл реформалар елдің саяси жүйесін заманауи талаптарға сай өзгертуге бағытталған.

Сонымен қатар әлеуметтік саясат, аймақтардың дамуы, жастардың қоғамдық өмірге қатысуы, мәдениет пен ұлттық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ білім беру саласындағы түйткілдерге басымдық берілді. Қоғам өкілдері нақты ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік органдармен ашық диалог жүргізу тәжірибесі қалыптасты.

Құрылтай мүшелері ұлттық құндылықтарды одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударды. Яғни «Былтыр еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құжатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек», – деп, нақты іске асырылуы туралы ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берді.

Биыл еліміздің қоғамдағы рухни мәселесіне де айрықша тоқталды: «Қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл ақиқат. Сондықтан руханият мәселесіне айрықша мән береміз», – деп, бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қолға алынды. Жалпы, Ұлттық құрылтайдың тиімді диалог алаңы ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі идеяларды талқылауға және нақты стратегиялық қадамдарды тұжырымдауға арналған негізгі институт деп атаймыз. Президент сөзімен айтқанда: «Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудомания, яғни ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес басталды. Аномастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті. Бұдан бөлек, біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық», – деген болатын.

Біздің байқағанымыз, Президент әрбір құрылтайдағы көтерілген проблемалар құрғақ сөз емес, ел болашағын елең еткізетін өткір мәселелер мен ұлт болашағына арналған жоспарды негізге алып отыр. Дегенмен экономикалық, әлеуметтік, білім, тәрбие, ғылым, экология, демографиялық, өнеркәсіп т.б. мәселелерді шешу бағыты нақтыланды.

Ұлттық құрылтай отырысында азаматтық қоғамды күшейту, әлеуметтік-мәдени даму, экономикалық прогресті жеделдету, білім және ғылым саласындағы проблемалар, сондай-ақ саяси жүйені, әсіресе Парламентті қайта қарау және жаңа Конституция мәселелері талқыланды. Бұл талқылаулар елдің ұзақ мерзімді стратегиялық даму мақсаттарын айқындауға бағытталған маңызды қоғамдық диалогтың бір бөлігі болып табылады.

Жемісті еңбек етіп, Ұлттық құрылтайдағы тапсырмалардың орындалуына үлес қосу – міндеміз. Айқын мақсат пен мазмұнды жобаларды жүзеге асыруға атсалысайық.

Абай Дүйсенбаев

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы

 

 

ҰЛТТЫҚ ЖАДТЫ ЦИФРЛАНДЫРУҒА ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ

 

 

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай Қазақстан үшін тек саяси пікір алмасу алаңы ғана емес, ұлттық болмысты жаңа технологиялар арқылы сақтау мен жаңғыртудың стратегиялық бағыты айқындалған маңызды кезең болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау – мемлекеттің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен рухани тәуелсіздігінің өзегі екенін ашық айтты.

Президенттің пайымдауынша, төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық кеңістікке кіріктіре алған елдер ғана өз болмысын сақтай алады. Бұл таңдау емес, жаңа дәуірдің талабы. Осы тұрғыда ұсынылған «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру бастамасы Қазақстан тарихын, ғылымын және мәдени жадын жүйелі түрде жинақтайтын іргелі платформа болуға тиіс. Бұл қор ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, музей жәдігерлерін және өнер туындыларын біртұтас экожүйеге біріктіріп, оларды заманауи цифрлық және жасанды интеллект құралдары арқылы терең талдауға мүмкіндік береді. Президент атап өткендей, бұл идеологиялық дербестік пен ұлт болашағына тікелей қатысты мәселе. Сонымен қатар Абай, әл-Фараби, Ясауи мұрасы – цифрлық дәуірдегі рухани тірек.

Құрылтайда рухани сабақтастық тақырыбы да технологиялық даму контексінде қарастырылды. Мемлекет басшысы Абай Құнанбайұлы ілімін ұлттық бірегейліктің өзегі ретінде атап, «Адал азамат» тұжырымдамасының Абайдың «Толық адам» идеясымен терең астасатынын көрсетті. Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу ұсынысы – қазақ рухани мұрасын жаһандық деңгейде мойындатуға бағытталған нақты қадам.

Сонымен қатар әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи ілімдерін жүйелі түрде зерттеп, насихаттайтын тұрақты ғылыми алаңдар құру қажеттігі айтылды. Президент бұл мұраларды тек мерейтойлық даталарда ғана емес, үздіксіз интеллектуалдық үдеріс ретінде қарастыру керектігін ерекше атап өтті. Цифрлық платформалар мен жасанды интеллект бұл ілімдерді кең аудиторияға қолжетімді етудің тиімді құралына айналмақ.

Тарихи сананы жаңғырту және визуалды мәдениет қалыптастыру мәселесі шет қалмады. Президент сөзінде Қазақстан тарихын қазіргі заман тілінде сөйлете білудің маңызын да көрсетті. Жошы хан туралы көпсериялы деректі фильмнің халықаралық платформаларда көрсетілуі – тарихи мұраны жаһандық ақпараттық кеңістікке шығарудың бір мысалы. Бұл жоба Жошы хан тұлғасы арқылы Алтын Орда тарихын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.

Сонымен бірге Президент тарихи тақырыптарды визуализациялауда сыртқы эффектіге емес, мазмұн мен ғылыми тереңдікке басымдық беру қажеттігін қадап айтты. Осы мақсатта Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум мен түркі өркениетіне қатысты «Ұлы Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты конференция өткізу жоспарланған.

Президенттің 2020 жылы қойған тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның жаңа академиялық тарихы заманауи әдіснама мен деректер негізінде әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін жарық көретін жеті томдық еңбек ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға арналған іргелі жоба болмақ. Оның 35 жылдық тәуелсіздікпен тұспа-тұс келуі – символдық мәні зор оқиға.

Бұл ретте ғылыми зерттеулердің нәтижесін онлайн платформалар арқылы баршаға қолжетімді ету, философия, әлеуметтану, саясаттану салаларында көптомдық еңбектер әзірлеу ұсыныстары да қолдау тапты. Астана мен Алматыда салынатын президенттік кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес, ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптейтін зияткерлік орталықтарға айналуы тиіс.

Президент цифрландыру мен жасанды интеллект жылын формалды ұран немесе пиар-науқан ретінде емес, бүкіл мемлекеттік аппаратқа жүктелген нақты стратегиялық міндет деп бағалады. Бұл бастамалар шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, еңбек өнімділігін көтеріп, қызмет сапасын нақты көрсеткіштер арқылы жақсартуы тиіс.

Мемлекет басшысы Цифрландыру мен жасанды интеллект жылын формалды ұран немесе пиар-науқан ретінде емес, бүкіл мемлекеттік аппаратқа жүктелген нақты стратегиялық міндет деп бағалады. Бұл бастамалар шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, еңбек өнімділігін көтеріп, қызмет сапасын нақты көрсеткіштер арқылы жақсартуы тиіс.

Ұлттық құрылтайда айтылған бұл ойлар Қазақстанның тарихы мен рухани мұрасын жасанды интеллект пен жоғары технологиялар арқылы сақтап қана қоймай, оны әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталған ұзақ мерзімді ұлттық стратегияның негізін айқын көрсетті.

 

Нәзия Тасилова,

тарих ғылымының кандидаты

 

 

ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ ҚҰНДЫ ҰСЫНЫСТАР

 

 

Сыр өңірінде өткен дәстүрлі құрылтайда ел дамуына қатысты көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Соның ішінде Мемлекет басшысының ұлт руханиятының темірқазығы саналатын әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптеуді күшейту жөніндегі бастамасының маңызы айрықша. Ұлы ойшылдардың идеялары ұлттық болмысты терең тануға, адамгершілік құндылықтарды ұстануға, адамзатқа қызмет етуге, ғылым мен білімді дамытуға жол ашады. Олардың рухани мұрасын кеңінен насихаттау жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, елдік сананы нығайтуға ықпал етеді. Бұл жекелеген тұлғаларды ғана ұлықтау емес, тұтас қоғамның рухани деңгейін көтеруге, өркениеттік дамуға серпін беретін маңызды үдеріс. Сондықтан біртуар ойшылдардың мұрасын дәріптеу – өткенді қадірлеу арқылы болашақты кемелдендірудің берік негізі. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі «Адал азамат» тұжырымдамасының Абайдың «Толық адам» ілімімен өзара үндесуі терең ойға жетелейді.

Кезінде Ибн Араби, Абдулкарим Жили сынды көрнекті мұсылман ойшылдары негізін қалаған «Кемел адам» тұжырымы Абайға дейінгі кезеңде жүйеленіп, мазмұндық тұрғыдан толыға түскені белгілі. «Әл-инсан әл-кәмил» – жан-жақты жетілген, рухани кемел тұлға. Қоғамды алға бастайтын да осындай тұлғалар. Сондықтан жас ұрпақ өз елінен шыққан ұлы ойшылдардың өмірі мен мұрасын терең танып, оларды үлгі тұтуы тиіс.

Құрылтай барысында Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу, философия, әлеуметтану, саясаттану секілді қоғамдық ғылымдарды дамыту, қоғамдық-саяси ой-пікірлердің көптомдығын әзірлеу, ғылыми мекемелер жүргізіп отырған зерттеулерді онлайн платформалар арқылы кеңінен қолжетімді ету, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында салынып жатқан президенттік кітапханаларды қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін іргелі орталықтарға айналдыру жөніндегі ұсыныстар айтылды. Бұл бастамалар қоғам тарапынан қолдау табатын, маңызы зор құнды ойлар екені сөзсіз.

Құдайберді Бағашаров,

қауымдастырылған профессор,

философия және саясаттану факультеті

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы

 

 

АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ БОЛАШАҒЫНА ҚАТЫСТЫ ИГІ ІСТЕР ӨЗІНІҢ ОҢ НӘТИЖЕСІН БЕРЕДІ

 

 

Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтай барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік ауқымдағы экологиялық апатқа айналған Арал теңізінің тағдырына арнайы тоқталып, бұл мәселенің жаһандық деңгейдегі өзектілігін атап өтті. Мемлекет басшысы Арал өңіріндегі ахуалдың әлі де күрделі екенін және оны тек Қазақстан шеңберінде қарастыру жеткіліксіз екенін айтты. Осы орайда, Президент: «Арал мәселесін қозғамай кету мүмкін емес. Арал теңізін құтқару әлі де бүкіл адамзат үшін аса маңызды міндет болып отыр. Мен бұл мәселені халықаралық алаңдарда бірнеше рет көтердім», – деп атап өтті.

Бұған дейін де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде 2050 жылға дейін Орталық Азия аймағында экологиялық апаттың алдын алу жөнінде пәрменді шаралар қабылданбаса, құрғақшылық салдары өте ауыр болатынын ескерткен болатын. Оның айтуынша, жаһандық климаттық өзгерістер, су ресурстарының азаюы және суармалы судың тапшылығы Орталық Азияның қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Халықаралық сарапшылардың деректеріне сүйенсек, аймақтағы температура ғаламдық орташа деңгейден әлдеқайда жылдам өсіп келеді. Бұл Арал теңізі бассейніндегі негізгі су көздері саналатын мұздықтардың көлемінің қысқаруына әкелуде. Соңғы 50 жылда мұздықтар шамамен 30 пайызға азайған. Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызына дейін шығын келтіріп, шамамен 5 миллион ішкі «климаттық мигранттың» пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Орталық Азия – аридті, яғни құрғақ әрі шөлейтті климатқа ие аймақ. XIX ғасырдың соңынан бері өңірде орташа жылдық температураның тұрақты өсуі байқалып келеді, ал 2080 жылға қарай бұл көрсеткіш 3-5 °C-қа дейін артуы ықтимал. Соңғы 30 жылда аймақ тауларындағы мұздықтар жылына орта есеппен 1,1 пайыз еру қарқынымен жалпы көлемінің 37 пайызына жуығын жоғалтты. Сонымен қатар таулы аймақтардағы орман алқаптарының азаюы да өзекті мәселеге айналуда. Мұның бәрі климаттың өзгеруімен қатар жүретін құрғақшылық пен шөлейттенуге, лай көшкіндері мен селдердің жиілеуіне, қыс мезгілінде қардың орнына жаңбыр жауып, су тасқындарының көбеюіне, сондай-ақ шаңды және құмды дауылдардың күшеюіне алып келуде.

Орталық Азия табиғи әрі техногендік сипаттағы экологиялық проблемаларға аса осал аймақ саналады. Құрғақшылық, өзен-көлдердің тартылуы, шөлейттену мен топырақтың тұздануы жалғасып, кей жағдайларда бөгеттердің бұзылуы мен өндірістік апаттар да орын алып отыр. Бұл күрделі мәселелер өңір халқының өмір сапасына, экономикасына және жалпы аймақтық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіруде.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы соңғы жылдары жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі – Кіші Аралды (Көк Аралды) сақтап қалуға мүмкіндік туғанын атап өтті. Осы ретте Президент теңізді қалпына келтіру жобасының басталғанына бес жыл толғанын еске салып, Арал өңірінің экожүйесін қалпына келтіру бағытындағы жұмысты одан әрі жалғастырудың маңызын және халықаралық қауымдастықты бұл мәселеге белсенді түрде тарту қажеттігін ерекше атап көрсетті. Бұған дейін өткен Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдердің нақты жүзеге асып жатқанын ескерсек, Арал теңізінің болашағына қатысты қолға алынған игі бастамалар да оң нәтижесін береді деген сенім мол.

 

Сейілбек Мұсатаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы

 

 

ҰЛТТЫҚ  ҚҰРЫЛТАЙ: ӨЗГЕРІСТЕН – ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА

 

 

Ұлттық құрылтай бүгінде қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ететін маңызды қоғамдық-саяси алаңға айналды. Оның басты мақсаты – ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап, халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді ортақ талқылауға салу. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысындағы баяндамасында былай деді: «Вице-президент институты құрылады. Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады. Парламент «Құрылтай» деп аталады және 145 депутаттан тұрады. Үш вице-спикер (төраға орынбасары) болады. Сегіз  комитеттен аспайды. Заңдар үш оқылымда қабылданады. Әйелдер мен жастарға арналған квота сақталады. 126 адамнан тұратын «Қазақстан халық кеңесі» құрылады, оның құрамына ҚХА (Қазақстан халқы Ассамблеясы) мен Ұлттық құрылтайдың өкілдері кіреді. Ұлттық құрылтай тарихи тұрғыдан көп іс атқарды, алайда енді жаңа институт құрылады. Конституциялық комиссия құрылады, оны Конституциялық соттың төрағасы басқарады».

Жоғарыда айтылған алдағы өзгерістерге қысқаша түсінік беретін болсақ, вице-президент институты  дұрыс іске асса, бұл реформалар саяси тұрақтылықты арттырады, басқаруды тиімді етеді, жеке тұлғаға тәуелділікті азайтады, институционалдық мемлекет құруға жақындатады. Президент стратегиялық саясатқа көбірек көңіл бөледі. Вице-президент әлеуметтік саясат, аймақтармен жұмыс, реформалардың орындалуын бақылау сияқты бағыттарды қадағалай алады, басқару тиімділігі артады.

Парламент «Құрылтай» деп аталады, құрылтай – түркі, қазақ саяси дәстүрінде елдік мәселелер талқыланатын, билік пен халық байланысатын кеңес. Бұл атау ұлттық саяси институт ретінде қабылдатуға көмектеседі және халыққа психологиялық тұрғыда жақынырақ болады. Сегіз комитеттен аспайды. Заңдар үш оқылымда қабылданады, заң шығару процесі сапалы әрі жүйелі болады, депутаттардың жұмысы нақты бағытта маманданған комитет арқылы жүзеге асады, ашық, есеп беретін, институционалдық тұрғыда тұрақты парламент қалыптасады, қоғамның сенімі артады, билік жеке тұлғаға тәуелді болмайды.

«Қазақстан халық кеңесі» Ұлттық құрылтайдың тәжірибесін жалғастырады және жақсы ұйымдастырылған, кең өкілдікке ие органға айналады. Билік пен қоғам арасындағы байланыс. Кеңес – халық пен атқарушы билік арасындағы делдал рөлін атқарады. Шешімдердің қоғамдық қолдауын арттырады, билік институттарының легитимділігін күшейтеді.

Конституциялық комиссия құрылады, ол мемлекеттің құқықтық негізін күшейтіп, әділетті әрі тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға  маңызды жұмыс атқарады. Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы ортақ мақсат пен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі болып отыр.

 

Сабыржан Жапақов,

Кеден, қаржы және экологиялық

 құқық кафедрасының аға оқытушысы

 

 

ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ӘДІЛ ҚАДАМ

 

Ұлттық құрылтай жиынында көтерілген нақты ұсыныстар мен жүйелі өзгерістер туралы өз ойыммен бөліскім келеді.

Қоғамның ішкі тыныштығы мен болашағы, ең алдымен, әйелдің құқығы қорғалып, баланың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген кезде ғана нығаяды. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қатысты зорлықтың кез келген түрі үшін жауапкершілікті күшейту сияқты түзетулер – жай ғана заңнамадағы көріністер емес, күнделікті өмірімізге тікелей әсер ететін әділ  қадам деп қабылдаймын.

Мен жастарға қатысты саясаттың да жаңа мазмұнға көшуін маңызды деп санаймын. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңына енгізілетін өзгерістер жастарға тек ұранмен емес, нақты мүмкіндіктер, қолжетімді қолдау және әділ әлеуметтік лифт арқылы қызмет етуі тиіс. Жастардың әлеуеті нығайса, елдің ертеңі де сенімді болады.

Сол сияқты құрылтайда мәдениет мәселесінің салмақты көтерілуі орынды. «Мәдениет – ұлттың рухани келбеті» деген түсінік нақты істермен бекіп келеді. Мысалы, 2025 жылғы наурызда таныстырылған «Асыл мұра» аудиожинағы – ұлттық ән-күй, фольклор, ертегі, бесік жыры сияқты бай мұрамызды заманауи форматқа көшіріп, әлемге жеткізудің тамаша үлгісі. «Алтын қорда» сақталған 1500 аудиожазбаның Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music секілді 100-ден аса платформадан қолжетімді болуы мәдени мұрамыздың шекара асып, жаңа буынға да, әлем тыңдарманына да жетуіне жол ашып отыр. ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» қолжазбасының енуі де тарихи жадымыздың халықаралық деңгейде мойындалуы.

Сонымен бірге «Кітап оқитын ұлт» идеясы да енді нақты мәдени саясатқа айналып жатқанын байқаймыз. Ұлттық кітап күнінің  бекітілуі, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы арқылы мыңдаған көркем шығарманың ұсынылуы, «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайта берілуі – әдебиетке, авторға, оқырманға деген құрметті арттыратын шешімдер.

Ал ғылым мен білім саласына келсек, педагогтерді қосымша төлемдер арқылы ынталандыруды көздейтін заңнамалық өзгерістер – ұстаз еңбегін бағалаудың, білім сапасын күшейтудің маңызды тетігі. Өйткені сапалы білім – ұлттық қауіпсіздікпен тең құндылық.

Қызылордада өткен құрылтайдың негізгі өзегі – қауіпсіз қоғам, әділетті саясат, рухани қуат және білімге сүйенген болашақ деп түсінемін. Ең бастысы, осы бастамалар ой елегінен өтіп қана қоймай, әр отбасына, әр балаға, әр жасқа нақты игілік болып жетсе екен деген тілегім бар.

 Альбина САРИЕВА,

ҚазҰУ оқытушысы

 

СЫНДАРЛЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ОРНАТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ИНСТИТУТЫ

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай консультативтік-кеңесші орган ретінде қызметінің негізгі мақсаты  – қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту жөніндегі идеялар мен қадамдарды тұжырымдау. Қоғамдық бірігуді дамыту, жалпы, ұлттық құндылықтарды нығайту бойынша осы уақытқа дейінгі ұсыныстары мен тұжырымдары елдің тұрақты дамуына өз әсерін тигізіп келеді.

Жалпы жұртшылықтың, саяси партиялар мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік билік өкілдері арасында сындарлы қарым-қатынас орнатудың маңызды институтына айналды десек артық емес.

Сыр өңірі Қызылордамызда Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлттық құрылтайдың төрағасы кезекті жиынды салтанатты түрде ашып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы әңгімесінің әлқиссасын Ұлттық құрылтайымыздың осы уақытқа дейін өткізілген өңірлерінің мән-маңызымен бүгінгі қастерлі Қызылорданың да тарихи жай-күйін, әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін айшықтаумен бастады. Осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар өткен жылдағы ел экономикасының 6,5 пайыз өсімін, ЖІӨ 300 миллиард доллардан асқанын, оның ел тарихында тұнғыш рет жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллар болғаны айтылды. Бұл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш әрі еліміз үшін мақтаныш.

«Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет», – деді. Бұл, әрине, ел дамуының бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылын мемлекет үшін айрықша маңызды және міндетті кезең тұрғысынан қарау, бұл бағытта жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс екенін ескертті. Жасанды интеллект технологиясы мен цифрлық шешімдер көмегі арқылы мемлекеттің барлық сфераларын сапалы басқару едәуір жақсаратынын, жалпы, салаларда еңбек өнімділігі артатынын айтып отыр. Болашақтың дамуы жастарға, білім мен ғылымға тікелей байланысты екеніне баса тоқталды. Президент қоғам талқылауларына сүйене отырып, жастарды ұлттың стратегиялық ресурсы ретінде бағалап, олардың білімге, инновацияларға, шығармашылыққа тартылуына басымдық берді.

Қорытындылай келгенде, Қазақстанның тұрақты дамуы үшін білім, жастар, ғылым мен цифрлық технология – басты актив екенін аңғардық. Бұл бағыттар бүгінде, болашақта елдің бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға, әлеуметтік тұрақтылыққа және әлемдік деңгейде табысқа жетуге зор мүмкіндіктер береді. Үкіметке экономикалық реформалар, білім мен ғылым жүйесін жаңарту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуді жеделдету жұмыстары тапсырылды. Ал нәтиже перспективасы қысқа уақытта білім беру мен технология саласында прогресс, ал ұзақ мерзімде инновациялық экономика мен жоғары бәсекелестік деп түйіндейік.

 

Ілияс ҚҰЛИЕВ,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің

 әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары

 

 

 

ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫН АЙҚЫНДАДЫ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйлеп, Қазақстанның келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды. Жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекетімізді басқару жүйесі дамуының өзекті әрі стратегиялық маңызы бар мәселелеріне кеңінен тоқтады.

Мәселен, ұлттық экономикамыздың дамуы 2025 жылы 6,5% өскенін, ЖІӨ 300 миллиард доллардан асқанын, оның көлемі жан басына шаққанда 15 мың долларды құрағанын тілге тиек етті. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллард долларға ұлғайғаны, алтын-валюта қоры 65 миллиард доллардан асқанын, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-ға жақындағаны жайында айтты. Сол секілді халық санының 20,5 млн-ға жуықтағанын, азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткенін жеткізді.

Осы құрылтай басқосуында қоғамды парламенттік реформа күтіп тұрғанын білдік. Бұйырса, Парламент «Құрылтай» деп аталады және онда 145 депутат бес жылға сайланады. Ал реформалар жалғаса бермек.  Референдумнан кейін енгізілген конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру маңызды, бұл елдегі саяси жүйені жаңартуға бағытталып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ғылым мен білімнің озық түрлерін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құруды ұсынды. Мұның маңызы тарихи мұрамызды сақтап және оны зерттеуде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға мүмкіндік беретінін атап өтті. Шынында да, Президенттің ұсынысы ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеуде өте қажет. «Дала өркениетінің мәдениетін электронды форматқа көшіру арқылы әлемдік цифрлық жүйеге қосылған елдер ғана  ұлттық болмысын сақтап қалады», –  деді.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы азаматтармен ашық диалог құрудың маңыздылығын атап өтті. Қазіргі таңда жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосып келеді. Жастарға жан-жақты қолдау қажет екеніне баса тоқталды. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар, жаhандық өзгерістер кезеңінде жақсы қасиеттерді бойына сіңіруіне барынша жағдай жасауға көңіл аударған абзал екенін баса айтты.

Ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздықпен күрес және әлеуметтік әділеттілік сияқты мәселелерге назар аударылатынын жеткізді. Тіршілік көзі – су мәселесіне жан-жақты тоқталып, Арал теңізін қалпына келтіру жөнінде айтып өтті.

Оңалбек АБРАЛИЕВ,

ҚазҰУ-дың оқытушысы

 

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК РЕФОРМАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

 

 

Бүгін V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі қоғамның қай бағытта дамып бара жатқанын, мемлекет қандай құндылықтар мен басымдықтарды негізге алатынын айқындайтын маңызды бағдар ретінде қабылданды. Заңгер ретінде мен үшін бұл сөздің өзегі – көтерілген әрбір мәселенің нақты құқықтық мазмұнмен, басқарушылық жауапкершілікпен және азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін шешімдермен байланысуы. Сөздің жалпы рухы «заң және тәртіп» қағидатын тек ұран ретінде емес, институционалдық және рәсімдік тұрғыдан орнықтыруға бағытталғанын аңғартты.

Президент ұсынған бастамалардың ішінде саяси жүйені институционалдық тұрғыдан терең жаңғыртуға қатысты ұсыныстар айрықша мәнге ие. Бір палаталы Парламентке көшу, оған «Құрылтай» атауын беру, вице-президент институтын енгізу және Халық кеңесін құру идеялары мемлекеттік биліктің архитектурасын айқындау, өкілеттіктердің айқындылығы мен жауапкершілігін күшейту логикасымен сабақтас. Бұл бастамалар соңғы жылдары жүргізіліп келе жатқан конституциялық және әкімшілік реформалардың қисынды жалғасы ретінде көрінеді.

Парламентті бір палаталы форматқа көшіру және оны «Құрылтай» деп атау ұсынысы заң шығару билігінің мәнін қайта пайымдаумен байланысты. Мұнда тарихи атауға жүгіну, бір жағынан, символикалық қадам, ал басқа жағынан – өкілді органның халықпен, қоғамдық келісіммен және ұлттық саяси дәстүрмен байланысын күшейтуге бағытталған. Құқықтық тұрғыдан алғанда, бір палаталы модель заң шығару үдерісінің айқындығын арттырып, шешім қабылдаудағы жауапкершілікті нақтылайды, ал Парламенттің атауы оның саяси және құқықтық миссиясын айқындаушы факторға айналады.

Вице-президент институтын енгізу де билік иерархиясының анықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі халықаралық тәжірибеде бұл институт мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын, сабақтастығын және дағдарысқа төзімділігін арттыру тетігі ретінде кеңінен қолданылады. Қазақстан жағдайында вице-президенттің өкілеттіктері Президенттің саяси бағытын іске асырумен, халықаралық және ішкі институционалдық өзара іс-қимылмен байланысты болмақ. Мұнда Президент институтының жетекші рөлі сақталып, президенттік республика моделінің өзгеріссіз қалуы құқықтық тұрақтылықтың маңызды кепілі ретінде көрінеді.

Халық кеңесін құру бастамасы қоғамдық диалогты құқықтық арнаға түсірудің жаңа формасы ретінде ұсынылды. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың тарихи рөлін аяқталған миссия ретінде бағалай отырып, жаңа консультативтік органды қалыптастыру қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік, өңірлік және этномәдени мүдделердің ескерілуіне мүмкіндік береді. Мұндай кеңестер әлемдік тәжірибеде қоғамдық келісімді нығайтуға, саяси шешімдердің легитимділігін арттыруға қызмет етеді және құқықтық мемлекет жағдайында кеңесші институттардың маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.

Сөз барысында халықаралық құқықтың қазіргі жағдайына, оның біртіндеп эрозияға ұшырап жатқанын, күш пен прагматизмнің құқықтық нормалардан басым түсу үрдісін де атап өтуі ерекше назар аудартты. Бұл контексте заң үстемдігі мен тәртіп мәселесін ішкі саясаттың ғана емес, мемлекеттің сыртқы құқықтық бағдарын айқындайтын фактор ретінде қарастыру ұсынылды. Мұндай жағдайда ұлттық құқықтық жүйенің орнықтылығы, конституциялық қағидаттардың мызғымастығы және құқық қолданудың әділеттілігі мемлекеттің егемендігін қорғаудың маңызды тетігіне айналады.

Осы тұрғыдан алғанда, көтерілген барлық бастамаларды біріктіретін ортақ желі – заңға негізделген, жауапты және институционалдық тұрғыдан айқын мемлекеттік басқаруды қалыптастыру ұмтылысы. Ұлттық құрылтай алаңында айтылған ойлар Қазақстанның саяси-құқықтық дамуы үшін ұзақ мерзімді бағдар ретінде қарастырылуға лайық, өйткені олар қоғамдағы тұрақтылықты, билік пен халық арасындағы сенімді және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Жанар КЕГЕМБАЕВА,

заң факультеті

 

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ НӘТИЖЕЛЕРІ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕСУРС

 

 

Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстарының қорытындыларына мәдениеттану тұрғысынан қарасақ, бұл алаң біртіндеп декларативті институттан нақты мәдени-әлеуметтік трансформация тетігіне айналып келе жатқанын байқаймыз. Қабылданған заңдар мен тұжырымдамалық құжаттар қоғамның символдық кеңістігін, құндылықтар иерархиясын және мәдени мінез-құлық нормаларын қайта құрылымдауға бағытталғанын айқындаймыз.

Ең алдымен құрылтай жиындарында ұлттық бірегейлікті нығайту бағыты айқын көрінеді. Мәселен, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің берілуі, мемлекеттік рәміздерге қатысты бастамалар, өңірлік рәміздердің бірыңғай стандарты, ономастиканы орталықтандыру – мұның бәрі мәдени жадты жүйелеуге бағытталған үрдіс.

Сол сияқты «Кітап оқитын ұлт», «Еңбек адамы», «Адал азамат» секілді бағыттардың институционалдануы мәдени саясаттың тек элитарлық емес, күнделікті өмір мәдениетіне енуге талпынып отырғанын аңғартады. Мәселен, «Ұлттық кітап күні», «100 кітап» жобасы, «Қазақстанның халық жазушысы» атағының қайтарылуы мәдени капиталды тұтыну емес, өндіру логикасына бетбұрысын көрсетеді.

Сонымен қатар жаңа қоғамдық этика қалыптастыруға бағытталған шаралар назар аудартады. Вандализмге қарсы заңнамалық түзетулер, онлайн кеңістіктегі жауапкершілікті күшейту, қоғамдық тәртіпке қатысты нормалар – мәдениет тек шығармашылық сала емес, мінез-құлық пен жауапкершілік кеңістігі екенін айқындайды. Қызылорда қаласында өткен кезекті басқосуда біздің қоғамды үлкен саяси реформалар күтіп тұрғанын түсіндік.  

Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайдың нәтижелері Қазақстанда мәдениетті стратегиялық ресурс ретінде қабылдаудың күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Мәдени саясат енді тек мерейтойлар мен шаралар жиынтығы емес, ұлттық болмысты, әлеуметтік әділеттілікті және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын кешенді жүйе ретінде қарастырылуда. Бұл үрдістің ұзақ мерзімді нәтижесі қоғамның мәдени иммунитетін күшейтуімен өлшенбек.

 

Жәния ХАСИЕТОВА,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының PhD докторанты, оқытушы

 

 

ҰЛТ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

 

 

Ешқашан отарланбаған немесе тарихи тұрғыдан дербестігінен ажырамаған санаулы мемлекеттерде ғана ресми тәуелсіздік күні жоқ. Оның орнына олар мемлекет құрылған күнді, ұлттық бірлік күнін немесе тарихи оқиғаларды мерекелейді. Біз ресми Тәуелсіздік күні аталып өтілетін мемлекеттердің қатарындамыз, демек, тарихи жадыда тәуелсіздіктің дәмі мен құнын бағалай алатын елміз. Сол себепті тәуелсіздік – басты құндылығымыз, біздің ел ретінде бар болуымыздың басты өлшемі. Бұл турасында бүгінгі құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткір айтып, басты назарға алды.

Ел басынан қаншама қиын-қыстау замандар өткенмен, Президент «тарихи жарақат алған» ұлт психологиясынан біржолата арылуымыздың маңыздылығын алға тартады. Ал мұндай біртұтас қазақстандық ұлттың қалыптасып, халықаралық деңгейде терезесі тең ел ретінде айтары болу үшін мемлекетке келісім мен ынтымақтастық, бейбіт өмір мен тыныштық қажет. Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеп, көпконфессиялы, сан алуан мәдениет өкілдеріне ортақ шаңырақ болып отыр. Бұл қазіргі жаһандық саяси алмағайып өзгерістер дәуірінде қиындықпен келгенмен, оңай әп-сәтте жоғалтып алуға болатын құндылық екенін қазақстандық әрбір азамат қаперінде ұстауы тиіс.

Осы ретте Президент ұсынған Қазақстанның халық кеңесі, оның қоғамдағы қызметіне артылатын сенім мен жауапкершілік ерекше болары анық. Халық кеңесін заң шығару бастамасы құқығын алуға ұсыну, жылына кемінде бір рет шақырылатын жоғарғы органы – сессиясының болуы, Қазақстан халқы Ассамблеясының этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері бойынша негізгі функцияларының берілуі, сонымен қатар ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге, мемлекеттік идеологияға және Конституция мен мемлекетіміздің басқа да аса маңызды құжаттарына қатысты мәселелерді ілгерілету мен түсіндіруге баса назар аударуы бойынша қызметтер берілуі кеңестің қоғамдық салмағы туралы пікір қалыптастырады.

Сондықтан бүгінгі құрылтай – еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігін нығайтып, ұлттық даму стратегиясын анықтайтын тарихи мәні зор іс-шара болып табылады.

 

Айнұр Құрманәлиева,

филос.ғ.д., профессор

 

 

АУҚЫМДЫ РЕФОРМАЛАРДЫҢ НЕГІЗГІ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

 

 

Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындаған маңызды алаң болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүр бойынша бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті.

Мәселен, бұған дейінгі басқосуларда айтылған ұсыныстардың негізінде 26 заң қабылданды. Осының өзі құрылтай ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді. Атап айтқанда әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмарлық пен нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құрметті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті.

Бұдан бөлек, біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды айқындап алдық. Ұрпақ болашағына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын болдық. Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат саласын ретке келтіру туралы бастама көтерді.

«Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құжатқа басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ ол: «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәдениетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің талабы деуге болады. Түптеп келгенде, бұл – жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе. Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады», – деп атап өтті.

Құрылтайда сонымен бірге Парламент құрылымын өзгерту, ол үшін Конституцияға тиісті өзгертулер енгізу жайы талқыланды. Парламент атауын «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Одан бөлек, Қазақстанның даму бағыттары, әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен өзге де тақырыптар кеңінен қамтылды.

Осылайша Ұлттық құрылтайдың V отырысы еліміздің стратегиялық даму бағыттарын айқындап, жаңа реформалар мен бастамаларды іске асыруға жол ашып берді.

 

Гүлия Мұқалдиева,

Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының асс. профессоры

 

 

ҚҰРЫЛТАЙДА ЕЛІМІЗ ҮШІН ӨТЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

 

 

Еліміз үшін айрықша маңызға ие Ұлттық құрылтай Қазақстанда 2022 жылдан бері өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы көне дәстүрді жаңғырта отырып, Президент жанындағы Ұлттық құрылтайды кеңесші орган ретінде құру туралы жарлыққа қол қойды. Осы уақытқа дейін Ұлттық құрылтайдың төрт отырысы Ұлытау, Түркістан, Ақтау және Бурабай өңірлерінде өтті. Құрылтай алаңында ел дамуына қатысты тағдырлы шешімдер қабылданып, Республика күнін қайта енгізу, атом электр станцияларын салу, ғылымды дамытуға бағытталған қалалар құру секілді маңызды бастамалар көтерілді.

Ұлттық құрылтай құрамына еліміздің барлық өңірінен 117 мүше енеді. Құрылтайдың төрағасы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Биыл Ұлттық құрылтай өз жұмысын Қызылорда қаласында бастады.

Құрылтай отырысында Президент Арал мәселесіне арнайы тоқталып, өңір үшін аса маңызды жобалардың қолға алынғанын айтты. «Қызылордаға келіп, Арал мәселесіне тоқталмау мүмкін емес. Қазір Аралды биіктету шаралары жүргізілуде. Жоба жыл соңында басталады. Бұл Кіші Арал теңізінің су көлемін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент өткен жылы бүкіл Орталық Азия аймағында Қазақстан бірқатар бағыт бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті. Әйелдердің құқықтарын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты қадамдар жасалғанын, демографиялық өсімнің артқанын айтты.

Мемлекет басшысы ішкі саясатқа қатысты бірқатар мәселелерге де назар аударып, тарихи және мәдени құндылықтарды сақтау мен дәріптеудің маңызын ерекше атап өтті. «Құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне әбден лайық», – деді Президент. Сондай-ақ әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты насихаттайтын ғылыми жиындарды жүйелі түрде өткізу қажеттігін атап өтті. Президент Ұлттық цифрлық мұра қорын құру бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы биыл қыркүйек айында Қазақстанда «Ұлы Алтай. Түркілердің атақонысы» атты халықаралық конференция өткізілетінін мәлімдеді. «Бес жыл бұрын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда заманауи ғылыми тәсілдерге сүйене отырып, еліміздің жаңа академиялық тарихын әзірлеу міндетін қойған едім», – деді Президент.

Құрылтай барысында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, тазалық мәдениеті, отансүйгіштік, отбасы мен неке институтын нығайту мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар әуе қатынасының дамуы, жаңа инвестициялық циклдердің іске қосылуы, Салық кодексі, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, көші-қон саясатына қатысты бастамалар айтылды. Президент Парламент атауын «Құрылтай» деп өзгерту, Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына Халық кеңесін құру, сондай-ақ вице-президент лауазымын енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Вице-президентті Мемлекет басшысы тағайындайтыны атап өтілді. Сонымен бірге Конституциялық комиссия құрылғаннан кейін жалпыхалықтық референдум өткізілетін уақыт белгіленетінін айтты. Жалпы алғанда, бұл Ұлттық құрылтайда еліміздің болашағы үшін аса маңызды әрі жүйелі шешімдер қабылданды.

 

Жандос Басығараев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті

 

 

 

ҚАЗАҚСТАН – «ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖОҒАРЫ ОРТА ДЕРЖАВА»

 

    

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылордадағы Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзі ішкі даму бағдарламасы ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның өзгермелі әлемдік тәртіптегі орнын айқындайтын тұтас көзқарасты білдіреді. Әсіресе халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатқа арналған бөлім ерекше назар аударуға лайық, өйткені онда алдағы жылдарға арналған қазақстандық дипломатияның негізгі бағдарлары нақты көрсетілген.

Мемлекет басшысы елдің мәртебесін «жауапкершілігі жоғары орта держава» ретінде айқындады. Бұл қазіргі middle power diplomacy тұжырымдамасына сәйкес келетін ұстаным. Мұндай тәсіл үстемдікке емес, дәнекерлікке, ымыраға келуге және халықаралық өзара іс-қимыл ережелерін қалыптастыруға қатысуға негізделеді. Сыртқы саясаттың басты мақсаты ретінде мемлекеттің аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету атап өтілді.

Бұл формула көпвекторлы саясаттың сабақтастығын сақтай отырып, оны мейлінше прагматикалық әрі ұлттық мүддеге бағытталған сипатқа көшіруді білдіреді. Қазақстан енді ірі геосаяси орталықтар арасында тек тепе-теңдік ұстап қана қоймай, өз күн тәртібін белсенді түрде ұсынуға ұмтылуда.

Сонымен қатар ол өз сөзінде халықаралық құқықтың әлсіреуі мен милитаризацияның күшеюі жағдайында дипломатияның қақтығыстарды болдырмаудың басты тетігі болып қала беретіні ерекше атап өтілді. Президент халықаралық шарттарға қойылған қолтаңбаның қайтарылмайтынын, ал дипломатиядағы қателіктің құны өте жоғары болатынын ескертті.

Сыртқы саясаттағы маңызды мәлімдемелердің бірі – Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешімінің расталуы болды. Мемлекет басшысы бұл құжатты Таяу Шығыстағы бейбітшілікке жол ашатын дипломатиялық жаңашылдық ретінде бағалады.

Баяндаманың елеулі бөлігі Еуразиялық экономикалық одақ аясында ұлттық мүдделерді қорғауға арналды. Президент серіктес мемлекеттердің субсидияланған өнімдері қазақстандық қайта өңдеу саласына және азық-түлік қауіпсіздігіне қысым жасап отырғанын ашық айтты.

Интеграция тек әділ әрі теңгерімді жағдайда ғана қолдау табады. Үкіметке ел мүддесін батыл қорғау жөнінде берілген тапсырма «бейімделуші» дипломатиядан «белсенді қорғаушы» дипломатияға көшу белгісі іспетті.

Сонымен қатар Орталық Азия үшін аса өзекті су мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Арал, Каспий, Балқаш және Ертіс тағдыры көрші елдермен жасалатын келісімдерге тікелей байланысты екені, түйткілдің шешімі шебер дипломатияда жатқаны айтылды.

БҰҰ жанынан Халықаралық су ұйымын құру бастамасы мен Астанада экологиялық саммит өткізу жоспары Қазақстанды аймақтық экологиялық диалогтың көшбасшысы ретінде бекіте түседі. Сондай-ақ  әлемдік үрдістерге – сенім дағдарысына, әскери шығындардың өсуіне, цифрлық революцияға байсалды баға берілді.           Осы жағдайда Қазақстан технологиялық жаңғыру мен жасанды интеллект дипломатиясына; транзиттік-логистикалық әлеуетті дамытуға; ашықтық пен еркін қозғалыс қағидаттарына сүйенбек. Бұл сыртқы саясатты жаңа экономика логикасымен ұштастыруға бағытталған қадам, онда халық саны емес, инновацияға бейімделу қабілеті шешуші мәнге ие.

  

Гүлнар Байкүшікова,

Халықаралық қатынастар және

әлемдік экономика кафедрасының меңгерушісі

 

 

ЕЛ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН БАСТАМАЛАР

 

   

2026 жылдың 20 қаңтарында өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағын айқындайтын тарихи үндеу жасап, білім мен ғылымды ұлттық дамудың негізгі тірегі ретінде айқын атап өтті. Мемлекет басшысының бұл бастамасы – Қазақстанды зияткерлік, инновациялық және бәсекеге қабілетті елге айналдыру жолындағы нақты бағдар.

Білім – ұлттың сапасын анықтайтын басты құндылық. Сондықтан қазіргі кезеңде білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту, оқыту сапасын арттыру, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу – ортақ міндет. Президент үндеуінде айтылғандай, заманауи білім тек теориямен шектелмей, практикалық дағдылармен, сыни ойлаумен және жауапты азаматтық ұстаныммен ұштасуы тиіс. Бұл – жас ұрпақты еңбек нарығына бейімдеудің, олардың ел дамуына белсенді үлес қосуының кепілі.

Ғылым – экономиканың қозғаушы күші. Ғылыми зерттеулерді қолдау, қолданбалы ғылымды дамыту, университет пен өндіріс арасындағы байланысты күшейту – ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттыратын негізгі факторлар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ғылыми жаңалықтар мен инновациялар елдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет етуі керек. Осы орайда, жас ғалымдарды қолдау, зерттеу инфрақұрылымын нығайту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту аса маңызды.

Білім мен ғылым саласындағы әрбір маман ел болашағы үшін жауапты. Ұстаз – ұрпақ тәрбиешісі, ғалым – жаңалықтың бастауы, студент – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан баршамыз Президент үндеуінде көтерілген идеяларды қолдап, оларды нақты істер арқылы жүзеге асыруға атсалысуымыз қажет. Академиялық адалдық, кәсіби жауапкершілік және үздіксіз даму – бүгінгі күннің басты талаптары.

Ұлттық құрылтайда айтылған тарихи үндеу бізді ортақ мақсатқа жұмылдырады. Ол – білімді, саналы, әділетті және жаңашыл Қазақстанды қалыптастыру. Осы жолда білім мен ғылым саласы көшбасшы болуға тиіс. Бірлесе әрекет етіп, интеллектуалдық әлеуетімізді ел игілігіне бағыттайық.

Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарайық.

 

Гүлқыз Жидеқұлова,

Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті

Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасының

қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к.

 

 

 

КЕЛЕШЕК ҚАМЫ

 

 

Бұған дейін Ұлытау, Түркістан, Атырау, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырыстары елдік мәселелерді жаңа деңгейде пайымдауға жол ашты. Осы үрдістің жалғасы, бүгін Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтай да маңызды мәселелерді қамтыды. Құрылтайда талқыланған тақырыптар елдің болашағына бағытталған стратегиялық тұжырымдардың дамып келе жатқанын айқын көрсетті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу қажеттігін ерекше атап өтті. Осы бағыттағы Жошы хан туралы көркем фильм түсіру бастамасы ұлттық тарихты заманауи тілде дәріптеудің маңызды қадамы ретінде бағаланды. Сонымен бірге мемлекеттік Туды қолдану мәдениетіне қатысты айтылған ойлар ұлттық символдарға деген құрметтің азаматтық санамен тікелей байланысты екенін айқындай түседі.

Құрылтайда айтылған «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясы да болашаққа бағдарланған стратегиялық бастама. Ұлттық құндылықтарды цифрлық кеңістікте жүйелеу ғылым мен білімге, мәдениетке жаңа мүмкіндіктер ашатыны анық. Ғылымды дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ел игілігіне пайдалану мәселесі Қазақстанның білімге негізделген экономика құруға бет алғанын көрсетеді.

Ұлттық құрылтайда Абай ілімін ұлттық болмыстың рухани өзегі ретінде танып-түсінудің маңыздылығы айрықша атап өтілді. Сонымен қатар, Абайдың қара сөздерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу бастамасы ұлттық руханиятты әлемдік деңгейде танытудың маңызды қадамы ретінде бағаланды.

Жиында саяси институттарды жаңғырту мәселесіне де назар аударылды. Президенттің Халық кеңесін құру бастамасы қоғамдық диалогты күшейтуге бағытталған тың қадам. Парламент атауын «Құрылтай» деп атау ұсынысы да ұлттық басқару дәстүрін қазіргі заман талаптарымен сабақтастықта жаңғыртары сөзсіз. Сол секілді жиында Салық кодексін халық пен кәсіпкерлерге тиімді ету қажеттігі айтылып, экономикалық тұрақтылықтың ел дамуы үшін шешуші мәні бар екені атап өтілді.

Бүгін Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы менің жүрегімде ел болашағына сенімділік пен жауапкершілік сезімін одан әрі күшейтті. Мен мемлекеттің дамуы айқын, тарихи түп-тамыры мықты және болашаққа сеніммен қадам басып отырғанын анық аңғардым.

Ұстаз ретінде мен үшін бұл құжат ерекше: ол ұлттық тарих пен мәдениетті жаңғыртудағы стратегиялық міндеттерді айқындап, оқу мен тәрбие жұмыстарын ғылыми тұрғыдан қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

Бақытқожа Баязитов, аға оқытушы, әдебиеттанушы

 

 

 

 

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АШЫҚ ДИАЛОГҚА БАСЫМДЫҚ БЕРДІ

 

Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Бұл – Қазақстандағы маңызды қоғамдық-саяси форумдардың бірі. Отырыста Тоқаев Қазақстанның келешек даму бағыты мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы сөз қозғады. Өткізіліп отырған форумның мақсаты – қоғамдық пікірді тыңдау, әлеуметтік-саяси бағыттағы ұсыныстарды талқылау және стратегиялық мәселелерді шешу. Форумда әлеуметтік-мәдени даму, ғылым, білім, экономикалық мәселелер сияқты кең тақырыптар талқыланды. Құрылтай барысында сөз бостандығы, әйелдердің заң саласына қатысуы, адвокаттық жүйені жаңарту, балалардың жеке деректерін қорғау мәселелері сияқты маңызды тақырыптар көтерілді. Президентіміз форумда Қазақстанның стратегиялық даму бағыттарын, экономикалық жетістіктерді, қоғамның бірлігін және азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін де атап өтті. Ол сондай-ақ экономикалық көрсеткіштердің артуына тоқталып, Ұлттық қор, ЖІӨ, табыс деңгейі сияқты маңызды макроэкономикалық көрсеткіштерді айтты. Сонымен бірге құрылтайдың Қызылордада өтуінің тарихи маңызы бар – бұл өңір 100 жыл бұрын астаналық мәртебеге ие болған аудандардың бірі.

Өткізіліп отырған Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел дамуы үшін маңызды алаң болды. Мемлекет басшысы көтерген бастамалар қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Мұндай жиындар халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтатынына сеніміміз мол. Президенттің әлеуметтік және экономикалық мәселелерге ерекше назар аударуы – қоғам үшін маңызды қадам. Осындай кездесулер ел бірлігін күшейтеді. Мұнда көтерілген мәселелер қоғамның нақты сұранысына сай болды. Әсіресе білім, әлеуметтік әділдік және заң үстемдігі туралы айтылған ойлар көңілге қонымды. Мемлекет басшысының ашық диалогқа басымдық беруі оң өзгерістердің белгісі деп танимыз.

 

Ләйла Түгелбаева,

Жалпы және бейорганикалық химия

кафедрасының доценті

 

 

ЖАУАПТЫ РЕФОРМАЛАР МЕН ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА БАСТАР ЖОЛ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзі Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі басты басымдықтарды айқындаған, терең мазмұнды әрі жүйелі саяси ұстанымның айқын көрінісі деп бағалаймын. Президент өз сөзінде мемлекет пен қоғам алдындағы ең өзекті мәселелерді ашық көтеріп, реформалардың нақты нәтижелеріне сүйене отырып, болашақтағы даму бағдарын айқындап берді.

Президент баяндамасының негізгі өзегі – әділетті мемлекет, жауапты билік және белсенді азамат қағидаттарын орнықтыру. Соңғы жылдары жүзеге асқан саяси реформалар, жергілікті басқару жүйесін жаңғырту, ауыл және аудан әкімдерін тікелей сайлау, мәслихаттардың рөлін күшейту – азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын арттырған маңызды қадамдар. Бұл өзгерістер демократиялық институттардың нығаюына және халықтың билікке деген сенімін арттыруға ықпал ететіні анық.

Президенттің салық жүйесіне қатысты айтқан пікірлері де ерекше назар аударуға тұрарлық. Салық реформасы әлеуметтік мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, адал кәсіпкерлікті қолдауға және экономиканы ашық әрі әділ арнаға бұруға бағытталған. Мемлекет басшысының бұл мәселеде популизмге емес, нақты есеп пен ұзақ мерзімді жауапкершілікке сүйенуі басқарудағы прагматизмнің көрінісі деп ойлаймын.

Сонымен қатар тәрбие, білім, мәдениет және ұлттық құндылықтар мәселесіне кеңінен тоқталуы қоғамның рухани дамуына айрықша мән беріліп отырғанын көрсетеді. «Адал азамат» тұжырымдамасы, ұлттық мәдениетті жаңғырту, тарихи сананы тереңдету, ономастика мен идеология саласын жүйелеу жөніндегі ұсыныстар – елдің бірегей болмысын сақтай отырып, заманауи мемлекет құруға бағытталған маңызды бастамалар.

Президент цифрландыру, жасанды интеллект, ғылымды дамыту, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту мәселелерін де нақты мысалдармен негіздеді. Бұл бағыттар Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа экономикалық модель қалыптастыруға мүмкіндік береді деп сенемін.

Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтайдағы бұл сөз қоғамды дүрліктіруге емес, біріктіруге, эмоцияға емес, парасатқа негізделген, елдің ұзақ мерзімді мүддесін көздейтін салмақты әрі жауапты саяси мәлімдеме болды. Мұндай ұстаным Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұлт ретінде кемелденуіне берік негіз қалайды деп есептеймін.

 

Ақерке Абаған,

 Қиыр Шығыс кафедрасының  меңгерушісі 

 

 

 

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕШЕНДІ ДАМУ МОДЕЛІ

 

 

Бесінші Ұлттық құрылтайдағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасы қазіргі Қазақстанның саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуының кешенді бағытын айқындайтын бағдарламалық сипатқа ие. Ұлттық құрылтайдың өзі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара диалогтың институционалдық алаңы ретінде ұлттық бірегейлікті жаңғыртуға, тарихи сана мен стратегиялық мақсаттарды нақтылауға бағытталған маңызды механизм болып табылады.

Бұл құрылтайдың Қызылорда қаласында өтуі терең символдық әрі тарихи мәнге ие. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңімен, ұлттық элитаның шоғырлануымен және саяси ойдың институционалдануымен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, құрылтайдың дәл осы өңірде өткізілуі ұлттық тарихи сана мен қазіргі мемлекеттік дамудың арасындағы сабақтастықты айқындайды және қазақ халқының бірегейлігін нығайтатын фактор ретінде көрінеді. Қызылорданың геостратегиялық және мәдени маңызы құрылтайдың мазмұндық өзегін тереңдете түсіп, ұлттық мәселелерді тарихи кеңістікпен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Президенттің сөзінде ғылым мен білім саласына ерекше назар аударылды. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қойылған талаптар мен ұсынылған шаралар білім беру жүйесін әлеуметтік институт ретінде және елдің ұзақ мерзімді даму ресурсы ретінде қарастыруға негізделген. Ғылыми әлеуетті күшейту, білім сапасын арттыру және интеллектуалдық капиталды дамыту Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі ретінде айқындалды. Мұндай ұстаным білім мен ғылымды ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың құрамдас бөлігі ретінде түсінуге жол ашады.

Құрылтай барысында шығыстану саласының және шығыс тілдерін меңгерудің маңыздылығы да көрініс тапты. Бұл мәселе Қазақстанның тарихи-мәдени тамырларымен бірге қазіргі геосаяси және геоэкономикалық жағдайымен де тығыз байланысты. Шығыс елдерімен қарым-қатынастың кеңеюі, экономикалық және мәдени ықпалдастықтың артуы кәсіби шығыстанушыларға, аймақтық тілдерді жетік меңгерген мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, шығыстану академиялық бағыт пен мемлекеттің сыртқы саясаты және экономикалық стратегиясын қамтамасыз ететін маңызды зияткерлік ресурс ретінде қарастырылды.

         Экономикалық даму мәселелерінде Президент Қазақстанның транзиттік және энергетикалық әлеуетін ескерді. Әсіресе Иран бағыты арқылы өтетін мұнайдың орта ағыны Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық мәнге ие екені сөзсіз. Бұл бағыт елдің экспорттық мүмкіндіктерін әртараптандыруға, өңірлік экономикалық байланыстарды күшейтуге және геосаяси тәуекелдерді теңгеруге мүмкіндік береді. Энергетикалық және логистикалық бағыттардың дамуы Қазақстанды Еуразиялық кеңістіктегі маңызды экономикалық тораптардың біріне айналдыру мақсатына қызмет етеді.

Жалпы алғанда, бесінші Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер Қазақстанның кешенді даму моделін қалыптастыруға бағытталған. Ұлттық бірегейлік, тарихи сана, ғылым мен білім, шығыстану, экономикалық және транзиттік саясат өзара байланысқан тұтас жүйе ретінде қарастырылды. Бұл құрылтай қазіргі Қазақстанның даму жолы жекелеген реформалармен шектелмей, мәдени, зияткерлік және экономикалық факторларды бір арнаға тоғыстыратын стратегиялық көзқарасқа негізделгенін көрсетті.

 

Мырзахан Егембердиев,

тарих ғылымының кандидаты, ҚазҰУ оқытушысы

 

 

 

ҰЛТ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАУ

 

 

Елімізде Ұлттық құрылтайдың құрылуы мемлекетіміздің дамуымен халқымызды ұлт болып ұйысуында маңызды қадамдар жасауға әкеліп отыр. Әрбір Ұлттық құрылтайда мемлекетіміздің ел тағдырына қатысты көкейкесті мәселелері талқыланып, ортаға салынуда. Бұл, бір жағынан, ертеден келе жатқан тарихи дәстүрді жалғастырып, елдің іргелі мәселелерін талқылап, халықтың мүддесін біріктіру, мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін шешімдер қабылдау, сол арқылы қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту болса, екінші жағынан, биліктің халықпен жақын болуы, халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін дер кезінде көре біліп, оны шешудің маңыздылығымен түсіндіріледі.

Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Ұлттық құрылтайдың V алқа жиыны Қызылорда қаласында өтуде. Мұндай алқа жиынның өтуі бар да, онда қабылданған шешімдердің орындалуы бір бөлек әңгіме. Міне, осы мәселеге де Президентіміз Қ.Тоқаев ерекше мән беріп, түрлі жоспарлар мен стратегиялар жасауды құптай бермейтінін, құрғақ уәде беріп, оның орындалмайтынына қарсы екенін, сондықтан да болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қарау керектігіне баса назар аударды. Мұнан мемлекеттің күші – халықта, оның сенімінен айырылмау керек деген меңзеуді ұғындық. Сондай-ақ Президентіміз осыған дейінгі құрылтайда қабылданған 26 заң мен шешімдердің орындалуына, оның ішінде ҚР Өңірлік даму тұжырымдамасының қабылдануы, ол бойынша өңірлердің дамуына қатысты біршама игі істер атқарылғанына назар аударды.

Бүгінгі құрылтайда Президент мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнерді дамытудағы міндеттерді айқындап берді. Қоғамдық сананы жаңғыртуда халықтың өткен тарихы, мәдениеті мен өнерінің орны маңызды екені белгілі. Мұнан басқа қоғамда жалпы мемлекеттің гүлденіп өркендеуіне жастардың күш-қуаты мен ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін беретінін де атап өтті. Сондықтан да жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың ұлттық құндылықтармен қатар, жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне жағдай жасау керектігін алға тартты. Ұлттық бірегейлігіміздің өзегі – ғұламаларымыз әл-Фараби, Ясауи, Абай ілімдерінде. Олай болса, олардың мұраларын жүйелі түрде насихаттап, ілімдерін дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты түрде өткізіп тұруды тапсырды. Президент көтерген бұл мәселедегі басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы – ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау. Ал бұл міндетті жүзеге асыру үшін философия, тарих, этнология, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту қажеттігін, ал ол өз кезегінде қоғамдық сананы жан-жақты жаңғыртуда маңызды.

Президенттің құрылтайда атап өткен мәселелерінің бірі – ғылым саласы. Ол ғылым мен жоғары технология саласына қомақты инвестиция салынатынын атап өтті. Елдің болашағын ойлаған Президент адам капиталының сапасын арттыру басты міндет деп санайды. Елде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаудың стратегиялық міндеті бар екеніне назар аударды. Оны орындауда талаптың жоғары әрі нақты көрсеткіштермен өлшенетінін айта келіп, шешім қабылдаудың мерзімін тездетуге, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал ететінін атап көрсетті. Президент баяндамасында бір палаталы Парламентке көшу, оның атауы мен құрылымы жөнінде де халық алдында өз пікірін білдірді. Оның ішінде осы күнге дейін халық арасында дау тудырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасының алынып тасталатыны. Сондай-ақ Ата заңға да біршама өзгерістердің енетінін атады. Әрине, мұның бәрі ұлттың, мемлекеттің мүддесі екендігінде дау жоқ. Алдымызда ұлт болашағын айқындайтын маңызды шаруалардың енді басталғанын атап көрсетті.

 

Бибізия Қалшабаева,

Археология, этнология және музеология кафедрасының профессор м.а., тарих ғылымының докторы

 

 

 

 

 

ТҰРАҚТЫ ӘЛ-АУҚАТТЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ

 

Президенттің V құрылтай отырысында жасаған баяндамасы халықтың әл-ауқатын тұрақты арттыруға берік негіз қалайды деуге толық негіз бар.

Біріншіден, цифрлық экономика мен жасанды интеллектіге басымдық беру – негізінен, шикізатқа тәуелділіктен білім мен технологияға сүйенген экономикаға көшу деген сөз. Бұл еңбек өнімділігінің өсуіне, соның нәтижесінде елдегі қосылған құнның артуына әкеледі. Экономика бір жұмысшыға шаққанда көбірек құндылық өндірген сайын, бұл жалақы деңгейіне, жұмыспен қамтуға және өмір сапасына тікелей әсер етеді. Технологиялық өзгерістерге дер кезінде бейімделген елдер әрдайым халық табысының жоғары әрі тұрақты деңгейімен ерекшеленіп келеді.

Екіншіден, цифрлық технологиялардың дамуы транзакциялық шығындарды азайтады: мемлекеттік қызметтер, бизнес-процестер, қаржыға және нарыққа қолжетімділік жеңілдейді. Бұл әсіресе өңірлер үшін маңызды, өйткені адамдар тұрғылықты жеріне қарамастан, мүмкіндіктерге тең дәрежеде қол жеткізе алады. Ұзақ мерзімді перспективада бұл әлеуметтік және өңірлік теңсіздіктің азаюына ықпал етеді.

Үшіншіден, Салық кодексіне икемді көзқарас – жетілген әрі жауапты экономикалық саясаттың белгісі. Салықтар экономикалық белсенділікті тежеуге емес, оны ынталандыруға қызмет етуі тиіс. Мемлекет нақты тәжірибені ескере отырып, салық нормаларын түзетуге дайын болса, бұл бизнес пен азаматтардың сенімін арттырады, экономиканың өсуі арқылы салық базасын кеңейтеді, қысым жасау арқылы емес. Соның нәтижесінде бюджетке тұрақты кірістер көбейіп, оларды білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және әлеуметтік қорғау салаларына бағыттауға мүмкіндік туады.

Жалпы алғанда, бұл шаралар экономикалық өсімді уақытша факторларға емес, адам капиталына, технологияға және әділ ережелерге негізделген жүйеге айналдырады. Дәл осындай модель басты нәтижеге жеткізеді: табыстың тұрақты өсуіне, кедейліктің азаюына және Қазақстан халқының әл-ауқатының тірегі болатын кең әрі орнықты әлеуметтік топтың қалыптасуына.

 

Жанна Ермекова,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, э.ғ.к., доцент м.а.

 

 

 

ІЗГІ МИССИЯ АРҚАЛАҒАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев V Ұлттық құрылтайдағы сөзінде ұлт руханиятына, білім мен ғылымның дамуына айрықша мән берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің деканы ретінде Президенттің бұл ұстанымын толық қолдаймын.

Президент өз сөзінде Абай, әл-Фараби және Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы шешуші рөлін атап өтті. Абайдың «Толық адам» идеясы қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасымен үндесіп, ұлттық сананы жаңғыртудың рухани негізіне айналып отыр. Сондай-ақ ұлы ойшылдардың мұрасын мерейтойлар аясында ғана емес, жүйелі түрде насихаттау қажеттігі ерекше атап өтілді. Бұл ойлар ұлттық руханияттың басты ұстанымдарын айқындап, біздің факультеттің миссиясымен толық сәйкес келеді.

Президенттің философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты гуманитарлық ғылымдарды дамыту жөніндегі ұсынысы – қоғамдағы бірлік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтудың маңызды тетігі. Бұл ғылымдар ұлттық мұраны зерделеу арқылы әділетті қоғам құруға қызмет етеді. Осы бағытта әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді мемлекеттік гранттармен қолдап, халықаралық ынтымақтастықты күшейту, ғылыми еңбектерді онлайн-платформалар арқылы көпшілікке қолжетімді ету қажет. Бұл – білімді демократияландырудың тиімді жолы.

Сонымен қатар әл-Фараби, Абай және Ясауи ілімдерін жоғары және орта білім беру бағдарламаларына жүйелі түрде енгізу маңызды. Жоғары оқу орындарында арнайы курстар мен модульдер арқылы, ал мектептерде кіріктірілген сабақтар негізінде ұлттық құндылықтарды, әлеуметтік жауапкершілік пен толеранттылықты қалыптастыруға болады. Бұл – ұлттық мұраны сақтап, ұрпаққа табыстаудың басты жолы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі түрде өтетін Халықаралық Фараби форумы – ұлы ойшыл мұрасын кеңінен насихаттайтын маңызды ғылыми алаң. Форум ғалымдар мен зерттеушілерді біріктіріп, әл-Фарабидің гуманистік идеяларын қазіргі заманғы әлеуметтік-мәдени үдерістермен сабақтастырады. Бұл жиын Президент ұсынғандай, рухани мұраны жүйелі дәріптеудің үлгісіне айналып отыр, ал оның материалдарының онлайн-платформада жариялануы ғылымның ашықтығын қамтамасыз етеді.

Қоғамдық-саяси ой-пікірлердің көптомдық жинағын әзірлеу туралы бастама да ұлттық интеллектуалдық әлеуетті жүйелеуге бағытталған маңызды қадам. Мұндай еңбектердің цифрлық форматта қолжетімді болуы гуманитарлық институттардың қоғамдағы рөлін арттыра түседі.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан ойлары ұлттық руханиятты жаңғыртуға арналған нақты бағдар болып табылады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті бұл бастамаларды жүзеге асыруға ғылыми-зерттеу және білім беру бағытында белсенді үлес қоса береді.

 

 

Бекжан Мейірбаев,

философия және саясаттану факультетінің деканы

 

 

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ САБАҚТАСТЫҒЫ

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан ойлары қазақстандық патриотизмнің мәнін терең ашып береді. Президент атап өткендей, Қазақстан патриоты болу – тек сөзбен немесе ұранмен шектелетін ұғым емес, бұл үлкен азаматтық жауапкершілік пен нақты іс-әрекетке негізделген ұстаным.

«Бізге ұлттық мүдде туралы тек ұранмен сөйлейтіндер, Отанға деген сүйіспеншілікті саясат үшін пайдаланып, жеке пайда табуға тырысатын адамдардың қажеті жоқ. Жауапты және жасампаз патриотизм – әр азаматтың әр салада, зауыттар мен ауыл шаруашылығында, медицина мекемелерінде, мектептер мен университеттерде, ғылыми зертханаларда, мемлекеттік органдар мен жеке компанияларда адал, қажырлы, кәсіби еңбек етуі. Сондай-ақ бұл әскери қызметте немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде Отанға адал болу», – деді Президент.

Патриоттық Қазақстанды қалыптастырудың негізі – еңбексүйгіштік, әділеттілік, заң мен тәртіпке құрмет. Сондай-ақ отансүйгіштік қасиет мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден де айқын байқалады. Ту, Елтаңба, Әнұран – елдің тарихы мен тәуелсіздігінің нышаны. Оларды қадірлеу  халықтың бірлігі мен елге деген сенімін нығайтады. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жас ұрпақтың бойында ұлттық мақтаныш пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Бұл тұрғыда Президент «Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет» деп атап өтті. Патриотизмнің бастауы отбасы мен мектептен қаланады. Осы ортада адамгершілік, еңбекқорлық, адалдық сияқты құндылықтар сіңіріледі. Елін сүйетін, заңды құрметтейтін, қоғамға пайда келтіруге ұмтылатын азаматтар ғана мықты әрі өркендеген Қазақстанның тірегі бола алады.

Отансүйгіштік пен мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді қалыптастыруда жастардың белсенділігі, студенттердің саналы көзқарасы және университеттердің мақсатты тәрбиелік жұмысы ерекше маңызға ие, өйткені жоғары оқу орындары ұлттық құндылықтарды дәріптейтін орта қалыптастырып, жастарды ел тарихын, мәдениетін қадірлеуге, қоғам өміріне жауапкершілікпен араласуға және болашақта өз Отанына адал қызмет етуге тәрбиелейді.

 

Досжан Балабекұлы,

Философия кафедрасының доценті міндетін атқарушы

 

 

ҚОҒАМНЫҢ ЖАҢА СЕРПІЛІСІ

 

20 қаңтарда Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Ұлттық құрылтай мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты қамтамасыз еткен, елдің алдағы даму бағытын айқындауға, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ ұлттық келісім мен бірлікті нығайтуға арналған маңызды алаң ретінде өз рөлін атқарды.

Осы уақытқа дейін Ұлттық құрылтай отырыстарында азаматтардың құқықтарын қорғау, сот жүйесін жетілдіру, әділдік қағидатын күшейту, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, балалардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер арасында электронды темекі (вейп) тұтынудың алдын алу, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан – адал азамат» қағидаты аясында мектептерде бірыңғай тәрбие беру мәселелері көтеріліп, нақты шешімін тауып, тәжірибеде іске асырылды.

Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, тарихи сана мен ұлттық бірегейлікті нығайту бағытындағы ұсыныстар қолдау тауып, өңірлерде рәміздер алаңдары ашылды, мазмұнды іс-шаралар дәстүрге айналды.

Атап айтқанда Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы көтерген «Әділетті Қазақстан» бастамасы қағаз жүзінде ғана қалмай, нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асырылды. «Әділетті Қазақстан – адал азамат» қағидаты қоғамның болашағын айқындайтын басты фактор – өскелең ұрпақтың санасы мен құндылықтарына тікелей әсер етті.

«Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасы мен «Қазақстан балалары» бірыңғай бастамасы әділдік, жауапкершілік және заңға құрмет мәдениетін қалыптастырудың берік негізі ретінде бағаланды. Жалпы алғанда, бұл бастамалар әділетті, саналы және отаншыл қоғам қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрі өзекті қадамдар деп танылды.

Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтқан, ашық пікір алмасуға жол ашқан және ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындаған, нақты нәтижеге жұмыс істейтін маңызды тетік екенін көрсетті. Құрылтайда талқыланған бастамалар мен ұсыныстар елдің ұлттық құндылықтарын сақтауға, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және жүйелі реформаларды жүзеге асыруға нақты мүмкіндік берді.

 

 

Дархан Бакиров,

Кеден, қаржы және экологиялық құқық

кафедрасының аға оқытушысы

 

 

 

 

 

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТУ

 

Бүгін өткен Ұлттық құрылтай Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды диалог алаңы болды. Құрылтай жұмысы мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, халықтың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындауға бағытталды.

Құрылтай барысында әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ұлттық бірегейлікті сақтау және рухани құндылықтарды дамыту мәселелері кеңінен қаралды. Сонымен қатар білім беру сапасын арттыру, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, жастар саясатын күшейту, өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру бағыттары бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Құрылтай аясында көтерілген бастамалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, стратегиялық бағдарламаларды тиімді іске асыруға және қоғамның барлық топтарының мүдделерін ескеруге негізделді. Қатысушылар тарапынан ұсынылған пікірлер мен ұсынымдар тиісті мемлекеттік органдардың одан әрі жұмысында ескерілетін болады.

Ұлттық құрылтайдың нәтижелері қоғамдық келісімді нығайтуға, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұрақты дамуына ықпал етеді деп сенемін.

 

Мадияр Үмбетов,

Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы, PhD

 

 

 

 

 

МЕМЛЕКЕТТІҢ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ТҰҒЫРЫН НЫҒАЙТУ

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзі еліміздің саяси жүйесін түбегейлі трансформациялаудың жаңа бағдаршамына айналды. Бұл баяндама жай ғана өзгерістер емес, Қазақстанның мемлекеттік құрылымының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуін айқындап берді.

Реформаның өзегі − Парламенттің рөлін күшейту және оны халықтық биліктің шынайы институтына айналдыру. Бір палаталы Парламентке көшу және оны халқымыздың төл тарихындағы қастерлі ұғым − құрылтай деп атау туралы ұсыныс билік пен қоғамның арасындағы алтын көпірді қайта қалпына келтіреді.

Мемлекет басшысы жаңа Парламенттің атауын «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Бұл реформа Парламенттің заң шығару қызметін де түбегейлі өзгертеді: ендігі жерде заң жобалары үш кезеңнен тұратын жаңа процедурамен – алдымен жалпы мақұлдау, сосын өзгерістерді бекіту және соңғы кезеңде қабылдау арқылы өтпек. Мұндай тәсіл қабылданатын заңдардың сапасын арттырып, әрбір норманың жан-жақты сарапталуын қамтамасыз етеді. Осылайша Парламент қызметін қайта құру арқылы мемлекеттің институционалдық тұғыры нығайып, «Күшті Президент − ықпалды Парламент − есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген орнықты саяси жүйе толыққанды қалыптасады.

Парламенттік реформаның тағы бір маңызды қыры − депутаттық корпустың жасақталу принципі. Президенттің өз квотасынан және Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасынан бас тартуы мемлекетті демократияландыру жолындағы теңдессіз ерік-жігердің көрінісі болып табылады. Ендігі кезекте депутаттар тек қана бәсекелестік негізде, ортақ тәртіппен сайланады. Бұл ретте мандат санының 145-ке дейін оңтайлануы мен комитеттер санының сегізден аспауы − Парламенттің кәсібилігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған нақты қадам.

Вице-президенттің міндеті қандай болады? Реформа заң шығарушы органға мемлекеттік маңызды құрылымдарды бақылау құзыретін де береді: Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау, тіпті Жоғарғы сот судьяларын сайлау енді тек Парламенттің келісімімен жүзеге асырылады. Бұл «тепе-теңдік пен тежемелік» жүйесін нақты іске қосып, Парламенттің саяси салмағын арттыра түседі. Сонымен қатар вице-президент институтының енгізілуі мен Қазақстанның халық кеңесінің құрылуы билік иерархиясын тұрақтандырып, халық пен билік арасындағы диалогтың жаңа трибунасына айналмақ.

Президент «Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтеді» деді. Президенттің билік басына келудің тек заңды сайлау арқылы жүзеге асуы тиістігі туралы ұстанымы, атап айтқанда Мемлекет басшысы қызметінен мерзімінен бұрын кеткен жағдайда екі ай ішінде сайлау өткізу нормасын Ата заңда шегелеп бекітуі − мемлекеттің болашақ қауіпсіздігі мен саяси сабақтастығының кепілі. 

Бұл ауқымды реформалар жиынтығы, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам. Біз әділетті Қазақстанның іргетасын бірге қалап, мемлекеттіліктің жаңа деңгейіне қадам басып отырмыз. Сондықтан бұл стратегиялық бастамалардың ел игілігіне қызмет ететініне кәміл сенемін.

 

Мейіргүл Жетпісбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, ф.ғ.к.

 

 

 

ЖАҢА ПАРЛАМЕНТ АТАУЫ- ҚҰРЫЛТАЙ

Бүгінгі Қызылордада өтіп жатқан бесінші Ұлттық құрылтайдың күн тәртібі ерекше болды: Парламенттік реформаның жағдайы. 
Өткен Жолдауда Мемлекет басшысы  Парламент Сенатынын тарату туралы айтқан болатын. Содан жұмыс тобы қызметтерін бастаған. Жұртшылықтан ресми платформалар арқылы мыңның үстінде ұсыныстар түскен.
Сонымен, жұмыс тобының қорытындысы  -  бүгінгі Құрылтай мүшелер алдындағы келелі сөзді Қ.Ж.Тоқаев айтты: бір палаталы Парламент енді Құрылтай деп аталатын болды.
Ұлттық құрылтай әуелі ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деп аталған еді. Кеңесші орган ретінде қазірге дейін 26 заңа бастамашы болған.
Тәуелсіздіктің 35 жылында  Ата Заңдағы  «біртұтас мемлекетте» қалай екі палаталы болады деп, сарапшылардан -саяққа дейін әңгіме болған. Енді оның жауабы бүгін берілді.
Бүгінгі Құрылтайдағы көтерілген  мәселелер,сөз жоқ, ел дамуындағы жаңа парақтар деуге болады...

Иманбай Жұбай,
аға оқытушы

 

РУХАНИЯТҚА СҮЙЕНГЕН ДАМУ ҒАНА ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

 

Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстанның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін, оның басты тірегі – руханият пен мәдениет екенін айқын көрсетті.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамның санасы жаңармаса, кез келген реформа толық нәтижеге жете алмайды. Сондықтан мәдениет пен өнерді, гуманитарлық ғылымдарды стратегиялық басымдық ретінде дамыту – бұл заман талабы.

Құрылтайда мәдени инфрақұрылымды жүйелі дамыту мәселелері көтерілді. Өңірлерде жаңа театрлардың салынуы, мәдениет ошақтарының жаңғыртылуы, музей ісін дамыту және заманауи кітапханалар тұрғызу – ұлттың рухани кеңістігін күшейтетін нақты қадамдар. Бұл бастамалар мәдени дамудың теңгерімді болуына жол ашады.

Ерекше назар Абай іліміне аударылды. Президенттің «Абай ілімі ұлттық бірегейлігіміздің өзегі болуға тиіс» деген пікірі – бүгінгі қоғам үшін маңызды рухани бағдар. «Адал азамат» тұжырымдамасының Абайдың «Толық адам» идеясымен сабақтастығы ұлттық құндылықтар мен заманауи талаптардың үйлесімін көрсетеді. Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу – қазақ рухани мұрасын әлемге танытудың маңызды қадамы.

Сонымен қатар әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи ілімдері ұлт руханиятының берік негізі екені атап өтілді. Ұлы ойшылдардың мұрасын тек мерейтой кезінде ғана емес, тұрақты түрде ғылыми және қоғамдық айналымда ұстау қажеттігі айтылды. Бұл ең алдымен өзіміз үшін, ұлттық сананы тереңдету үшін қажет.

Философия, әлеуметтану, саясаттану ғылымдарын дамыту, қоғамдық ой-пікірлердің көптомдығын әзірлеу және ғылыми зерттеулерді онлайн платформа арқылы қолжетімді ету туралы ұсыныстар да қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған.      Астана мен Алматыда салынатын президенттік кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес, қазақтың тарихы мен мәдениетін дәріптейтін зияткерлік орталықтарға айналуы тиіс.

Ұлттық құрылтай – ұлттың рухани бағдарын айқындайтын, өткен мен болашақты сабақтастыратын маңызды алаң. Руханиятқа сүйенген даму ғана елді ұзақ мерзімді табысқа жетелейді.

 

Назгүл Құдайбергенова

философия докторы (PhD), Философия кафедрасының меңгерушісі м.а.

 

 

СЫР ЕЛІНДЕГІ ТАҒДЫРЛЫ КЕҢЕС: ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ V ОТЫРЫСЫ

 

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуындағы айрықша белес ретінде тарихта қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайда сөйлеген сөзі ұлттық бірегейлік пен отаншылдықтан бастап, экономикалық өсім, әлеуметтік жаңғыру, мәдениет пен ғылым, цифрландыру, инфрақұрылым және сыртқы саясатқа дейінгі маңызды бағыттарды толық қамтыды.

Президент ең алдымен құрылтай мүшелерінің ел болашағына қатысты салмақты ой-пікірлер айтқанын атап өтті деп ойлаймын. Оның айтуынша, Ұлттық құрылтай бүгінде қоғам мен билік арасындағы мазмұнды диалогтың тиімді алаңына айналды. Құрылтайдың бесінші рет өтуі бұл институттың өміршең әрі қажетті екенін көрсетеді. Бұған дейін Ұлытау, Түркістан, Атырау және Көкшетауда өткен отырыстар елдік маңызы бар мәселелерді көтеріп, нақты шешімдер қабылдауға ықпал етті.

Маған Мемлекет басшысының Қызылорданың тарихи миссиясына ерекше тоқталғаны әсер етті. «Сыр – Алаштың анасы» атанған бұл өңір көне өркениеттің алтын бесігі екенін атап өтуі орынды. Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Баршынкент сияқты көне қалалардың орны қазақ жерінде терең өркениеттік дәстүр болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар Қызылорданың бір ғасыр бұрын ел астанасы болғаны оның мемлекет тарихындағы айрықша орнын айқындайды деп есептеймін.

Президент көтерген «Таза Қазақстан» бастамасын мен ұлттық идеологияның маңызды құрамдас бөлігі деп қабылдаймын. Тазалық пен тәртіп қоғамдағы жауапкершілікті арттырып, азаматтық сананың қалыптасуына ықпал етеді.

Арал тағдырына қатысты айтылған ойлар да бейжай қалдырмады. Мемлекет басшысы Солтүстік Аралды сақтау жолында атқарылған жұмыстарға тоқталып, Көкарал бөгетін биіктету жобасының маңызын атап өтті. Бұл мәселенің тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл өңірге ортақ екенін айтуы су дипломатиясының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Орталық Азия елдерімен жасалған келісімдерді осы бағыттағы дұрыс әрі қажетті қадам деп санаймын.

Меніңше, Ұлттық құрылтай реформалардың нақты қозғаушы күшіне айналды. Соңғы төрт жылда құрылтай бастамасымен 26 заңның қабылдануы  соның айқын дәлелі. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, еңбек адамының мәртебесін арттыру, ономастиканы жүйелеу сияқты маңызды қадамдар қоғамның сұранысына жауап беріп отыр.

Мәдениет пен руханият мәселесіне де ерекше мән берілгенін байқадым. Президенттің жаңа театрлар салу, мәдени нысандарды жаңғырту, музей ісін дамыту туралы айтқандары ұлттық мәдениетті дамытуға серпін береді деп ойлаймын. Қызылордада жаңа драма театры мен заманауи кітапхананың салынуы өңірдің рухани өміріне тың серпіліс әкелмек.

Сондай-ақ Абай, әл-Фараби, Ясауи сынды ұлы ойшылдардың мұрасын жүйелі түрде дәріптеу қажеттігі туралы пікірін толық қолдаймын. Олардың ілімін тұрақты ғылыми айналымға енгізу және ұлттық құндылықтарды сақтау үшін «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру бастамасы – уақыт талабына сай шешім.

Білім мен ғылымды ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде қарастыруы да өте маңызды деп есептеймін. Президент атап өткендей, адам капиталының сапасын арттыру – Қазақстанның ұзақ мерзімді өркендеуінің басты шарты. Цифрландыру мен жасанды интеллект жылын жариялау формалды емес, нақты нәтижеге бағытталуы тиіс деген ойы бүгінгі заман талабымен толық үндеседі. Жаңа технологиялар еңбек өнімділігін арттырып, басқару шешімдерінің тиімділігін күшейтуі қажет.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының бірлік пен ортақ жауапкершілікке шақырған сөзі мен үшін ерекше мәнге ие болды. Әділетті, қуатты, қауіпсіз және таза Қазақстанды бірге құру баршамыздың ортақ міндетіміз деп ойлаймын. V Ұлттық құрылтай ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған тарихи маңызы зор жиын болды.

Г.Жақсылықова,

 әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі декан

 орынбасары  

 

 

 

ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

 

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзі мазмұны мен ауқымы жағынан елдің рухани, әлеуметтік-экономикалық және стратегиялық даму бағыттарын кешенді түрде қамтыған бағдарламалық баяндама болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қызылорда өңірінің тарихи-мәдени маңызына, қазіргі әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне, су ресурстары мәселесіне және жалпыұлттық реформалардың нәтижесіне жан-жақты тоқталды.

Президент Сыр өңірін «Сыр елі – жыр елі» деп сипаттай отырып, Қорқыт атадан бастау алатын жыраулық, жыршылық және күйшілік дәстүрдің ұлт мәдениетіндегі орнына ерекше мән берді. Бұл Мемлекет басшысының ұлттық бірегейлікті сақтау мен тарихи жадыны жаңғыртуға басымдық беріп отырғанын көрсетеді. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды тұлғаларды атап өту арқылы ол мәдени мұраның сабақтастығы мен өңірлік руханияттың елдік деңгейдегі маңызын айқындады.

Сонымен қатар Сыр бойын «еңбек адамдарының мекені» деп атауы – Президенттің соңғы жылдары жүргізіп келе жатқан еңбек адамының мәртебесін көтеру саясатының логикалық жалғасы. Ыбырай Жақаевтың ерен еңбектің символы ретінде аталуында да идеологиялық мән бар.

Президент Қызылорда облысының соңғы жылдардағы даму қарқынын нақты деректермен негіздеп көрсетті. Ішкі жалпы өнімнің 6,5 пайызға өсуі, 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылуы, энергетика, көлік-логистика, әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы ілгерілеу – өңірлік саясаттың тиімділігін айғақтайды.

Жаңа жылу электр орталығының инвестор қаржысына салынуы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің табысты үлгісі. Ал ауызсу, газдандыру, жол, әуежай, теміржол инфрақұрылымының жаңғыруы халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар екенін көрсетеді. Президенттің облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың еңбегіне оң баға беруі орталық пен өңір арасындағы жауапкершілік пен нәтижеге негізделген басқару моделін айқындайды.

Сөз барысында білім беру, медицина, мәдениет және спорт нысандарының көптеп салынуы ерекше аталды. Бұл – «әлеуметтік мемлекет» қағидатының нақты іске асуы. 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перзентхананың құрылысы өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Мемлекет басышысы бұл мәселелерге жеке тоқталуы адам капиталына инвестиция салу – ел дамуының басты шарты деген ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.

Президент сөзінің маңызды бөлігі Арал теңізі мәселесіне арналды. Кіші Аралды сақтап қалу Қазақстанның экологиялық саясатындағы ірі жетістік ретінде бағаланды. Көкарал бөгетін биіктету жобасының басталуы бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын көрсетеді.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы су проблемасының тек ұлттық емес, аймақаралық және халықаралық сипатта екенін ашық айтты. Сырдария суының көлемі көрші елдердің саясатына тәуелді екенін атап өту арқылы ол су ресурстары саласындағы дипломатияның маңызын алға шығарды. Бұл – Қазақстанның Орталық Азиядағы жауапты әрі конструктивті позициясын көрсететін ұстаным.

Сондай-ақ Президент Ұлттық құрылтайды ел өміріне нақты ықпал еткен маңызды институт ретінде бағалады. Құрылтай ұсыныстары негізінде 26 заңның қабылдануы бұл алаңның символдық емес, практикалық маңызы бар екенін дәлелдейді.

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, ономастика мен мемлекеттік наградалар жүйесін реттеу – қоғамның моральдық-әлеуметтік саулығын нығайтуға бағытталған реформалар. «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру» туралы ойы Президенттің ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарасын аңғартады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзі – өңірлік даму, әлеуметтік әділет, экологиялық қауіпсіздік және саяси жаңғыруды біртұтас жүйеде қарастырған мазмұнды әрі салмақты баяндама. Президент нақты деректер мен айқын мақсаттарға сүйене отырып, ел дамуының қазіргі кезеңдегі басымдықтарын айқындап берді. Бұл сөз мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, алдағы реформалардың идеологиялық және практикалық негізін бекіте түсті.

 

Нұртәліп Шәріпқазы,

шығыстану факультетінің оқытушысы

 

 

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ РӨЛІ ЕРЕКШЕ

 

Қызылордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ел дамуы жолындағы ерекше рөлін айқындап, оның саяси-әлеуметтік, экономикалық және рухани салалардағы нақты нәтижелерін жан-жақты талдап көрсетті.

Сөздің алғашқы бөлігінде Ұлттық құрылтай отырыстарының еліміздің әр өңірінде өткізілуі олардың тарихи-мәдени мәнімен тығыз байланыстырылып, Қызылорданың қазақ мемлекеттілігі мен өркениеті тарихындағы айрықша орны терең ашылған. «Сыр – Алаштың анасы» деген тұжырым арқылы өңірдің ұлттық сана мен мемлекет қалыптасуындағы рөлі айқын көрсетілген. Көне қалалардың аталуы халықтың тарихи жады мен сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды идеологиялық мәнге ие.

Президенттің Сыр өңірі халқына берген жоғары бағасы, жергілікті тұрғындардың еңбекқорлығы, ұйымшылдығы мен отаншылдығын ерекше атап өтуі бұл сөздің тәрбиелік әрі ынталандырушы сипатын күшейтеді. Нақты ауылдарды үлгі ретінде келтіру өмірмен тығыз байланысын көрсетіп, аймақтық дамудың оң тәжірибесін насихаттайды.

Экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерінің нақты статистикалық деректермен берілуі Президент сөзінің дәлелділігін арттырып, жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесін көрсетеді деп есептеймін. Экономикалық өсім, халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы, шағын және орта бизнестің дамуы елдің тұрақты даму жолына түскенін айғақтайды.

Ұлттық құрылтайдың бастамалары негізінде қабылданған заңдар, әлеуметтік кеселдермен күрес, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, ішкі саясат қағидаттарының бекітілуі құрылтайдың ел өміріндегі нақты ықпалын дәлелдейді. Бұл институттың реформалардың негізгі қозғаушы күші екені анық көрінеді.

Су ресурстары, экология, Арал мәселесі, білім, ғылым, цифрландыру және жасанды интеллект салаларына қатысты ойлар Президент сөзінің болашаққа бағдарланған стратегиялық сипатын айқындады. Мемлекет басшысының формализм мен көзбояушылықтан бас тартып, нақты әрі өлшенетін нәтижелерге басымдық беру қажеттігін баса айтуы басқару мәдениетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Сонымен қатар мәдениет пен өнерді дамыту, рухани жаңғыру, жастарды қолдау мәселелерінің кеңінен қамтылуы қоғамның саналық жаңаруына ерекше мән беріліп отырғанын аңғартады. Ұлттық мұраны әлемдік деңгейде таныту, ЮНЕСКО аясындағы бастамалар еліміздің халықаралық мәдени беделін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар ретінде бағаланатынын қадап айтты.

 

Мәдина Тәжібай,

Дипломатиялық аударма кафедрасының оқытушысы

 

 

 

КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ

 

Ұлттық құрылтайдың V отырысы ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі ретінде мемлекет пен қоғам арасындағы ашық әрі мазмұнды диалогты нығайтуға бағытталды. Ұлттық құрылтай – халықтың үнін естуге, өзекті мәселелерді кеңінен талқылауға және елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындауға мүмкіндік беретін бірегей алаң.

Ұлттық құрылтайдың негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді күшейту, азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру және түрлі әлеуметтік топтардың пікірін мемлекеттік саясатты қалыптастыру үдерісіне кеңінен тарту. Бұл алаңда қоғамды толғандыратын әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, білім беру, экология, аймақтық даму және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері жан-жақты қарастырылады. Құрылтай жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жастар мен өңірлерден келген делегаттар қатысып, ел дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтай отырыстары ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген басқару моделін қалыптастыруға ықпал етеді. Мемлекет басшысы өз сөздерінде қоғаммен тұрақты диалог орнатудың, халықтың сұранысы мен үмітін ескерудің маңызын үнемі атап өтіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық құрылтай – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты ұсыныстар мен бастамалар талқыланып, олардың іске асуына негіз қаланатын маңызды институт.

Қызылорда қаласында өтіп жатқан V Ұлттық құрылтай өңірлердің дамуына ерекше назар аударудың белгісі ретінде де маңызды. Аймақтардың әлеуетін арттыру, жергілікті деңгейдегі мәселелерді орталық билікке жеткізу және теңгерімді өңірлік дамуды қамтамасыз ету – құрылтай жұмысының өзекті бағыттарының бірі. Бұл елдің тұтастығын нығайтып, ұлттық бірлік пен келісімді одан әрі бекемдеуге қызмет етеді.

Қорытындылай келе, Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстанның жаңару жолындағы маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Ол қоғамның түрлі топтарын ортақ мақсатқа жұмылдырып, елдің болашағына қатысты жауапты әрі сындарлы пікір қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай диалог алаңдары халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, әділетті, тұрақты және біртұтас Қазақстанды құруға берік негіз қалайды.

 

Жанар Қарашева,

Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының PhD докторы

 

 

 

ЕЛДІК МҮДДЕГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ҚҰРЫЛТАЙ

 

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының бірнеше өзекті қырын жүйелі түрде атап өтті. Соның бірі – жаңа дәуірдің талаптары, әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллектінің қоғам мен мемлекет басқаруына әкелетін түбегейлі өзгерістері.

Президенттің сөзінде ақпараттық технологиялар саласындағы маман үшін ең маңыздысы – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлікті нығайту өзекті бола түсетіні туралы тұжырым деп санаймын. Ол төл тарих пен мәдениетті электронды форматқа көшіру, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосу ұлттық болмысты сақтаудың жаңа дәуірдегі талабы екенін айтты. Сондай-ақ халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдайтынын жеткізді. Бұл бастама тарихи мұрамызды сақтап қана қоймай, оны терең зерделеуге жол ашатыны атап өтілді.

Осы логиканың жалғасы ретінде Президент Цифрландыру және жасанды интеллект жылын ұрандату үшін жарияламағанын, бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктейтін стратегиялық міндет екенін нақтылады. Ең бастысы – нәтижені «пиар-акциялармен» емес, нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшеу қажеттігін айтты: шешім қабылдау мерзімін қысқарту, еңбек өнімділігін арттыру, қызмет сапасын жақсарту.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы маңызды ескертуді де ашық айтты: технологияның өзі басқарудағы ретсіздікті жоя алмайды. Егер үдерістер бастапқыда дұрыс құрылмаса, қайталанатын функциялар мен бюрократия көп болса, жасанды интеллект «панацея» болмайды. Демек, цифрлық трансформация стратегиясының алдында басқару жүйесінің өзін ретке келтіру, мемлекеттік секторда ұйымдастырушылық мәдениетті жақсарту, үздік басқарушылық практикалар мен құзыреттерді енгізу міндеті тұр.

Тағы бір өзекті блок – инфрақұрылым және энергия. Президент жоғары технологиялы әрі энергияны көп қажет ететін болашақ экономикасы үшін берік инфрақұрылымдық іргетас қажет екенін атап өтті. Осы тұрғыда мәліметтерді өңдеу орталықтарын (дата-орталықтарды) орналастыруда орталықтандырылған, мұқият ойластырылған тәсіл керектігі айтылды: алдын ала арнайы аймақтарды анықтап, сол жерде электрмен жабдықтау, салқындату, қауіпсіздік жүйелері бар орталықтарды салу қажет. Үкімет пен Павлодар облысы әкімдігі Екібастұз энергетикалық қуаттарына сүйеніп «ЦОД-алқабын» салуды жоспарлап отырғаны да сөз болды.

Осы айтылғандардың бәрі біз үшін бір ортақ ойға келіп тіреледі: жаңа цифрлық дәуірде табысты ұлт болу – жаңа шындыққа бейімделіп қана қою емес, сол шындықты қалыптастыру үдерісіне белсенді қатысу. Ал бұл міндеттерді орындаудың өлшемі – әдемі сөз емес, тәртіпке келтірілген басқару, берік инфрақұрылым, өлшенетін нәтиже.

 

Нұрсұлтан Қасымбек,

ҚазҰУ оқытушысы

 

 

ЖАҢА ДАМУ БАҒЫТЫ

Бүгін Алаштың анасы деп саналатын Қызылорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Ұлттық құрылтайы өтті. Сыр елінде өткен бұл құрылтай ел болашағы үшін маңызды, мазмұны терең әрі дер кезінде ұйымдастырылған жиын болды. Тарихи тамыры терең, рухани салмағы зор Қызылорда өңірінде өтуі бұл шараның маңызын арттырды.

Парламент атауы «Құрылтай» болып өзгертілді, себебі бұл атау – төл тамырымыздан дерек береді. Ал қазіргі Ұлттық құрылтай таратылды. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз қызметін тоқтатады, оның орнына Халық кеңесі құрылады. Бұл бастама қоғамдағы пікірлерді ескере отырып, орынды деп бағаланды. Ұлттық құрылтай кең көлемді реформалар мен заң жобаларын әзірлеуде негізгі қозғаушы күшке айналып, оның ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданды.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының 2025 жылы 6,5 пайызға өскенін, алтын бойынша ресми резервтердің рекордтық деңгейге жеткенін, ЖІӨ алғаш рет 300 млрд доллардан асып, жан басына шаққанда табыс 15 мың долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткіштер Орталық Азиядағы ең жоғары деңгей болып саналады. Көмір энергетикасын ұлттық жоба мәртебесіне көтеру қажеттігі де айтылды. Елдің көмір қоры шамамен 33 млрд тонна, оны соңғы технологиялармен тиімді пайдалану маңызды.

Саяси реформалар аясында вице-президент лауазымын енгізу идеясы ұсынылды. Бұл лауазым халықаралық байланыстар мен келіссөздерде Президент өкілеттіктерін қолдау үшін қызмет етеді. Қарсыластырылған парламенттік жүйе орнына бір палаталы Парламент құру және оның атауын «Қазақтың құрылтайы» деп өзгерту ұсынысы талқыланып жатыр. Сондай-ақ жаңа Халық кеңесі институтын құру көзделуде, ол халықпен диалог жүргізу және кеңестік функцияларды кеңейтуге бағытталған.

Қызылорда облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуы жоғары бағаланды. Білім беру, мәдениет, спорт және медициналық нысандарды дамыту жұмыстары атқарылып жатыр. Жаңа емхана мен перзентхана салу жоспарлары да жарияланды. Жемқорлыққа қарсы күрес, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорындағы заңбұзушылықтарды жою мәселелері қаралды. «Қыз алып қашу» сияқты дәстүрге байланысты құқық бұзушылықтар қоғам беделіне нұқсан келтіретін қылмыс ретінде айыпталды.

Президент білім сапасын арттыру, жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, педагог тұлғасына құрмет көрсету, ғылыми зерттеулерді тиімді бағыттау және ұлт мәдениетін дамыту мәселелеріне ерекше тоқталды.

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай ел дамуының стратегиялық бағытын айқындап, қоғаммен ашық талқылауды қамтамасыз етті. Президент көтерген бастамалар нақты шешімдерге ұласуы тиіс, ал реформалардың шынайы бағасы нәтижемен өлшенеді.

 

Айгүл Амангелдіқызы,

 Жалпы және қолданбалы психология

кафедрасының докторанты