- Басты бет
- Жаңалықтар
- Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы студенттердің өндірістік практикасы үшін серіктестік желісін кеңейтуде
Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы студенттердің өндірістік практикасы үшін серіктестік желісін кеңейтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетіне қарасты Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасы отандық және халықаралық жетекші ұйымдармен стратегиялық маңызы зор бірқатар ынтымақтастық келісімшарттарын жасасты.
Аталған келісімдердің жүзеге асырылуы Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы, Tuğba Alan Özdenfedakar ханымның (Almatı Başkonsolosu Sn. Tuğba Alan Özdenfedakar) белсенді қолдауы мен жәрдемінің арқасында мүмкін болғанын ерекше атап өткеніміз жөн.
Серіктестер қатарында: «Эфес Қазақстан» АҚ ЕК (Алматы филиалы), «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ (Алматы филиалы), TAV Holding ALA, Kazakh Invest ҚР СІМ (Алматы филиалы), RAMS, Pegasus, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филиалы Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты бар.
Жасалған келісімдерге сәйкес, Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының «Аударма ісі», «Шығыстану» және «Шетел филологиясы» білім беру бағдарламаларының 3–4 курс студенттері аталған ұйымдарда 19 қаңтардан 21 наурызға дейін өндірістік практикадан өтеді.
Өндірістік практика студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға, мәдениетаралық коммуникация, іскерлік аударма және талдамалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен мемлекеттік институттардың қызметімен танысуға бағытталған.
Шығыстану факультеті серіктестік желісін кеңейту мамандар даярлау сапасын арттыруға және университеттің кәсіби ортамен байланысын нығайтуға ықпал ететінін атап көрсетеді.
Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасы отандық, шетелдік ұйымдармен академиялық және практикалық бағыттағы ынтымақтастықты дамыту жұмысын жалғастыра береді.
Дулаева Э.З.
Басқа жаңалықтар