Ұлттық құрылтайда көтерілген құндылықтар
Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының көтерген мәселелері ұлттық болмысты терең философиялық тұрғыдан пайымдауға негіз болды деп ойлаймын.
Президенттің рухани-мәдени мұраны әлемдік өркениет кеңістігіне шығару туралы ойы – тек мәдени саясаттың ғана емес, тарихи сананы жаңғыртудың, ұлттық жадыны жаңаша деңгейде ұғынудың айқын көрінісі. «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енуі – қазақ мемлекеттілігінің жазба дәстүрі мен тарихи сабақтастығының адамзат өркениеті үшін құндылығын мойындатқан маңызды қадам. Ал Маңғыстаудың жерасты мешіттерін дүниежүзілік мұралар қатарына ұсыну – түркі-ислам өркениетінің даладағы ерекше рухани архитектурасын әлемге танытудың символдық мәні зор бастама.
Философиялық тұрғыдан алғанда, бұл үрдістер ұлттық мәдениетті тек өткеннің ескерткіші ретінде емес, қазіргі және болашақ ұрпақтың рухани бағдарын айқындайтын тірі құндылық ретінде қарастыруға шақырады. Материалдық емес мұраларды жүйелі түрде тіркеу мен насихаттау – халықтың тарихи жады мен рухани тәжірибесін жаһандану жағдайында сақтап қалудың маңызды тетігі.
Президент атап өткендей, мұнымен шектеліп қалмай, төл тарихымызды терең зерделеу, өнер мен мәдениетті жаңа сапалық деңгейге көтеру – ұлттың рухани егемендігін нығайтатын ұзақ мерзімді стратегиялық міндет. Ұлттық құрылтай осы тұрғыдан алғанда қоғамдық сананы біріктіретін, өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыратын маңызды рухани алаңға айналып отыр.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
Философия ғылымдарының докторы
әл-Фараби ат. ҚазҰУ,
Философия кафедрасының профессоры,
«Парасат» орденінің иегері,
Халықаралық әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының
ғылыми кеңесшісі
Басқа жаңалықтар