Физика-техникалық факультеттің жас ғалымдары Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған ғылыми кездесуге қатысты (ТДМ 3, ТДМ 11)Farabi University

Физика-техникалық факультеттің жас ғалымдары Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған ғылыми кездесуге қатысты (ТДМ 3, ТДМ 11)

22 қаңтар, 2026

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің жас ғалымдары Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарымен өткен кездесуге қатысты. Іс-шара ашық ғылыми диалог форматында өткізіліп, ғылым, технологиялар және қалалық даму арасындағы өзара байланыс мәселелеріне арналды.

     Кездесуге ғылыми зерттеулері Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және инфрақұрылымдық дамуына тікелей бағытталған зерттеушілер қатысты. Талқылау барысында қолданбалы ғылыми зерттеулердің ұзақ мерзімді, орнықты және сапалы қалалық ортаны қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды.   

     Халықтың радиациялық және экологиялық қауіпсіздігі мәселелері басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Физика-техникалық факультеттің өкілі Зарипова Юлия Айрановна радон түзуші радиациялық факторлардың халық денсаулығына әсерін бағалауға арналған баяндамамен сөз сөйледі. Ұсынылған ғылыми нәтижелер қалалық ортада радиациялық тәуекелдерді төмендету шараларын әзірлеу үшін практикалық маңызға ие болып, ТДМ 3 «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» және ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» мақсаттарымен тікелей үндеседі.

         Сонымен қатар, кездесуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры, физика-техникалық факультеттің түлегі Ибраимов Марғұлан Қасенұлы қысқа мерзімді жер сілкіністерін болжауға бағытталған сейсмобиомониторинг саласындағы ғылыми әзірлемелерді таныстырды.

        Алматы қаласы әкімдігі үшін ғылыми қауымдастықпен жүйелі әрі ашық өзара іс-қимылды дамыту, жас ғалымдардың бастамаларын қолдау және ғылыми әзірлемелерді практикалық жобаларға трансформациялау басым бағыт болып қала береді. Кездесу нәтижелері Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің жұмысына, сондай-ақ ағымдағы жылға жоспарланған ғылыми гранттардың тақырыптарын қалыптастыру барысында ескерілетін болады.