Қытайтану кафедрасы ұйымдастырған Қысқы мектеп мәресіне жеттіFarabi University

Қытайтану кафедрасы ұйымдастырған Қысқы мектеп мәресіне жетті

26 қаңтар, 2026

      2026 жылдың 26 қаңтар күні Қытайтану кафедрасы Сиамын университетінің (ҚХР)  студенттеріне арналған қысқы мектебін сәтті аяқтады. Офлайн форматта өткен бұл курсқа Қытайдан келген 30-дан аса студенттер мен оқытушылар қатысты.
     «Мәдениеттер тоғысы: Қазақстан мен Қытай» тақырыбындағы курс қытай студенттердің сұраныстарына сәйкес жасақталды. Бағдарлама қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне ерекше мән беріп, шетелдік студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырды.
    Курс барысында қатысушылар ежелгі Жібек жолының рөлі, қазақ халқының наным-сенімдері, ұлттық тағамдары, киімдері мен дәстүрлі ойындары туралы тың мәліметтермен танысты.
     Қысқы мектеп Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени, тарихи және әлеуметтік байланыстарды терең зерделей отырып, екі елдің жастары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту, мәдениетаралық коммуникация дағдыларын дамыту, қазіргі кезеңдегі мәдени дипломатияның рөлін арттыру және Қытай университеттерімен арадағы білім және ғылыми байланыстарды жолға қойып, дамыту сияқты алдыға қойған біршама міндеттерді сәтті орындап шықты.
     Бағдарламаның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен Сиамын университетінің студенттері мен оқытушылары болашақта осындай жобалар қайта ұйымдастырылса, тағы да қатысқылары келетіндерін жеткізді.