KORRESPONDENT.KZ

27 апреля, 2016

Елдегі ең үздік оқу орындары қайсы?. 25.04.2016, 15:40 Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ Қаңтар айындағы мәліметке сенсек, Қазақстанда 180 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның 167-сі – азаматтық оқу орындары екен. Бұл білім ордаларының 55-сі – мемлекеттік болса, қалған 112-сі – жекенің меншігіндегі оқу орындарды. Бақытжан Жұмағұлов Білім және ғылым министрлігіне басшылық етіп тұрған жылдары елдегі жекеменшік жоғары оқу орындарының қысқартылатыны туралы мәлімдеме жасаған болатын. Яғни, материалдық базасы төмен, оқытушы құрамы талапқа сай емес білім ұялары жұмысын тоқтататын болған. Ол тапсырма қаншалықты деңгейде орындалғанын қайдам, бірақ қысқартуға ұшыраған білім ордалары бар. Сол кезде бас педагог жекеменшік оқу орындарында білім сапасының ойдағыдай екеніне күмән келтіретінін жасырмаған еді. Арада біраз жыл өтті. Министр қызметінен кетті. Орнына жаңасы келіп, өз реформасын түзе бастады. Қателеспесек, бірді-екілі мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылымға қойылып, жекеге өтіп кетті. Әйтеуір тоқтап қалған жоқ. Жақында ғана Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева елдегі мемлекеттік жоғары оқу орындары ел қазынасының жүгін жеңілдетуі тиіс деп кесіп айтты. Оның ойынша білім ордалары қызметін барынша коммерцияландырып, мемлекет бюджетіне алақан жаймауы керек. Яғни, қаржыны үнемдеудің төте жолы. Жарайды, бір жағынан ол да дұрыс шығар. Бүгінгідей дағдарыс заманында ел қаржысын үнемдеу керек. Бірақ, бұл әлеуметтік жағдайы төмендер үшін салмақ емес пе? Сонымен қатар барынша коммерцияланған соң оның ішкі «кухнясында» сауда қызбасына кім кепіл? Оның білім сапасына өз салқынын тигізбей қоймайтыны тағы бар. Әрине, алдын ала тон пішуге болмайды. Лайым білім сапасы артуына тілектеспіз. Ал қазір елдегі жоғары оқу орындарының рейтингісіне көз жүгіртсек. Былтыр тәуелсіз агенттік білім ордаларын үш критерий бойынша сараптап шыққан болатын. Яғни, студенттердің үлгерімі, сарапшылардың бағасы мен түлектерге жұмыс ұсынған мекемелердің мамандардың біліктілігіне берген бағаларына сай тізім түзілді. Техникалық мамандықтар бойынша оқытатын ЖОО-лар: Техникалық мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарының ішінде Қазақ-Британ техникалық университеті үздік деп танылған. Аталған білім ордасы атына сай Алматыдағы ең қымбат білім ұясы. Былтырғы мәлімет бойынша ондағы оқу ақысы – 700 мың теңге мен 10 мың АҚШ доллары аралығында. ҚБТУ-да экономика, қолданбалы математика, бизнес, мұнай-газ ісі, ақпараттық технология пәндері оқытылады. Бұл категория бойынша түзілген рейтингте Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Алматы технологиялық университеті алғашқы бестікке кірген. Көпсалалық ЖОО: Бұл рейтингте Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көш бастады. Бұдан кейін Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті тізімге енген. Кейін Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы, Павлодардағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттер көшке ілескен. Астанадағы Л.Гумилев атындағы білім ордасындағы ақылы оқу ақысы 700 мың теңгеден асады. Тағы бір атап өтерлігі, бұл білім мекемесі 2010 жылы QS World Universities агенттігінің рейтингісі бойынша қазақстандық ЖОО-лар ішінде алғашқы болып әлемнің үздік 500 университеттері тізіміне енген. Гуманитарлық-экономикалық ЖОО-лар: Көшті Алматыдағы КИМЭП университеті бастады. Бұл оқу орнында көптеген пәндерді шет елдік профессорлар жүргізеді. Сондықтан мұнда ағылшын тілін білу қажет. Оқу ақысы 700 мың теңгеден басталады. Гуманитарлық-экономикалық үздік ЖОО-лар тізіміне Қарағанды экономикалық, С.Демирель атындағы, «Тұран» мен Алматы менеджмент университеттері кірген. Айта кетейік, С.Демирель атындағы оқу ордасы үздік бестіктен алғаш рет көрінді. Медициналық ЖОО-лар: Мұнда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті көшті бастады. Аталған білім мекемесінде 5 мыңнан астам студент білім алады. Оқу ақысы 630 мың теңгеден миллионға дейін барады. Қарағанды мемлекеттік медицина университеті екінші орынға тұрақтаған. Үздік үштікке Семейдегі мемлекеттік медициналық универ¬ситеті де енді. Педагогикалық ЖОО-лар: Үздік педагогикалық ЖОО үш¬ті¬гінен Қазақ мемлекеттік қыздар педа¬гоги¬калық университеті, Павлодар мемле¬кеттік педа¬го¬гикалық институты, Тараз мем¬ле¬кеттік педагогикалық институты көрінді. © 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті. Теги оқу орындары ең үздік білім