Конституциялық реформа: тұрақты мемлекет пен әділетті басқаруға бастар жолFarabi University

Конституциялық реформа: тұрақты мемлекет пен әділетті басқаруға бастар жол

29 қаңтар, 2026

 

 

Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформа бойынша жұмыс комиссиясының отырысы елдің болашақ институционалдық дамуын айқындайтын маңызды алаңдардың бірі болып табылады. Конституция – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат. Сонымен қатар, ол тек құқықтық акт қана емес, қоғамның негізгі құндылықтары мен стратегиялық даму бағытын айқындайтын қоғамдық келісімнің өзегі болып саналады. Осыған байланысты Конституцияға енгізілетін өзгерістер жан-жақты ғылыми талдауды, теориялық негізді және қоғамдық мүддені ескеруді талап етеді.

Жұмыс комиссиясының қызметінде билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету, құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарын нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілуі оң үрдіс ретінде бағаланады. Бұл конституциялық реформаның жекелеген саяси конъюнктуралық факторларға ғана емес, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге және әділетті басқару моделін қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді.

Реформаны әзірлеу барысында сарапшылар қауымдастығы мен ғылыми орта өкілдерінің пікірлеріне ерекше мән берілуі де маңызды. Конституциялық өзгерістердің академиялық ортада кеңінен талқылануы студенттер мен жас зерттеушілердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде құқықтық санасы жоғары, белсенді азаматтық ұстанымы бар ұрпақ тәрбиелеудің негізгі алғышарттарының бірі болып табылады.

Сонымен қатар, кез келген конституциялық реформаның табысты жүзеге асуы қоғам тарапынан қолдау мен түсіністікке ие болуына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтау, азаматтардың пікірін ескеру және қоғамдық диалогты дамыту мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, билік институттарының жауапкершілігін арттырады. Демек, жұмыс комиссиясының отырыстары елдік мүддені көздейтін, қоғамдық келісімді тереңдетуге бағытталған маңызды диалог алаңы ретінде бағалануға тиіс.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Философия және саясаттану факультеті

«Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының профессоры,

филос. ғ. д. Н.Ж. Байтенова, 2 курс докторанты Ж.А. Байгараев