DALANEWS.KZ

27 сәуір, 2016

Еңбегі елеулі ғалым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Есенжол Алияров Қаниұлының 60 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Философия және политология факультетінің ұйымдастыруымен өткен жиын Қазақстан Республикасының Ұлттық кауіпсіздігі мәселелеріне арналды. «Қазақстан Республикасының Ұлттық кауіпсіздігі: Саясат, экономика, ақпарат» атты конференция жұмысына ҚР ҰҒА академиктері, ҚР Мәжіліс депутаттары, ҚР ЖОО басшылары мен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Пленарлық отырыста Ресейден, Қырғызстаннан келген ғалымдар баяндамалар оқып, ғалымның Өзбекстандағы әріптестері онлайн жүйеде байланысқа шықты. ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сартаев Сұлтан Сартайұлы: «Өмір деген алып күш, тас бұғауды бұзатын. Басса да жерді қалың мұз, жарып оны шығатын. Өмірге деген ынталық, шөпке де әлсіз күштілер. Күштілігі соншалық, жолында жатса, тас тесер. Біз өзіміздің біліміміздің негізінде, Конституциямызды өрісті жолға салуға тырыстық, сол секілді Есенжол ғылым саласының дамуына айтарлықтай өз үлесін қосты», – деп атап өтті. Іс-шараның шымылдығын түре отырып, мерейтой иесі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін сақтау – бүгінде өзекті тақырыптардың бірі екеніне баса назар аударды. «Тек қана көркем емес, қазақ интелегенциясын құруға белсене ат салысқан, қазақ зиялы қауымын қалыптастыруға септігін тигізген аға буын өкілдері – алдымызда жанып тұрған жарық жұлдыз секілді жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп тұр»,- деп Есенжол Қаниұлы атап өтті. Конференцияда Кавказ аймағындағы ислам факторлары және қауіпсіздік мәселелері: оның Қазақстанға әсері, қазіргі Қырғызстандағы этносаралық қатынастардың мән-жайы, ҚР-ның ұлттық қауіпсіздігі, заманауи талапқа сәйкес Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі арнайы «Қауіпсіздік категориясының түсінігі мен мәні қандай?» және «Қауіпсіздікті зерттеудің идеялық – теориялық негіздері неде?» деген сұрақтар талқыланды. Үш секцияға бөлінген бұл пленарлық отырыстың «Мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту саясаты» атты бірінші секциясында ҚР-ның аумақтық дамуындағы саяси-әкімшілік аспектілері, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі конфессияаралық факторлары, ҚР-ның геосаяси стратегиясының басымдықтары, этносаралық бірлік – Қазақстанның азаматтық ұлтының негізі турасында айтылса, «Ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен дамуы жөніндегі сұрақтар » деп аталатын екінші секцияда қазақ ғылыми-өндірістік бірлестігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік көзқарас, Еуразиялық экономикалық одақтың даму тенденциялары мен проблемалары, нақтылай айтқанда капитал мен жұмыс күшінің қозғалу еркіндігі және импорттың экспорттан артуы салдарынан туындаған проблемалар, Ұлы Жібек жолының экономикалық қауіпсіздігі, Орталық Азиядағы экономикалық дамудың кейбір аспектілері туралы мәселелер қаралды. Отырыс Қазақстанның ақпараттық кеңістігін қалыптастырудағы «сандық мәдениет», ҚР-ның ақпараттық қауіпсіздігі: қауіптер мен шешілу жолдары қаралған «Ақпараттық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементі» атты үшінші секциямен аяқталды. ҚазҰУ, Баспасөз қызметі