Шетелдік студенттердің қатысуымен халықаралық қысқы мектеп өттіFarabi University

Шетелдік студенттердің қатысуымен халықаралық қысқы мектеп өтті

1 ақпан, 2026

2026 жылғы 21–31 қаңтар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тұрақты даму мақсаттары» (ЦУР) – «Мақсатқа жету жолындағы серіктестіктер» жобасы аясында «Қазақстан мен Түркия арасындағы тілдік, мәдени және тарихи байланыстар» тақырыбындағы халықаралық қысқы мектеп өз жұмысын табысты түрде жалғастырды.

Аталған білім беру бастамасы Шығыстану факультетінің Түріктану және Шығыс елдері кафедрасының профессор-оқытушылар құрамының ұйымдастыруымен өтті. Қысқы мектептің ашылу салтанатында кафедра меңгерушісі, доцент Агнур Халел құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Ол екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы тығыз ғылыми байланыс білім мен мәдениет саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

Қысқы мектепке Түркия Республикасының жетекші жоғары оқу орындары – Стамбул университеті, Еге университеті, Анкара университеті, Ескішехир Османгази университеті, Селжук университеті, Анадолы университеті және басқа да университеттерден 40-қа жуық студент қатысып, 10 күндік мазмұнды білім беру бағдарламасынан өтті.

Бағдарлама аясында қысқы мектептің негізгі мақсаты Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық байланысты нығайту, мәдени-тарихи зерттеулердің даму үрдістерін саралау, сондай-ақ ғылыми тәжірибе алмасу арқылы халықаралық әріптестік аясын кеңейту болды. Іс-шара барысында түркі дүниесіне қатысты өзекті ғылыми мәселелер талқыланып, жас ғалымдардың зерттеушілік әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылды.

Аталған халықаралық қысқы мектеп қос ел арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдетіп, жас зерттеушілер үшін кәсіби тәжірибе алмасуға және ғылыми көкжиегін кеңейтуге зор мүмкіндік берді.

Халел А.
Кыркымбекова А.