Уркер

27 сәуір, 2016

Орынтай ОШАНОВА, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті Әлемдік тәжірибе негізінде сөз сараптар болсақ, кез келген мемлекеттің экономикалық, саяси тұрғыдан дамуы мен қауіпсіздігі халық-тың, әсіресе жастардың білімі мен зияткерлік болмысының деңгейімен және олардың заман қажеттілігін қанағаттандыра білуге деген талпынысымен, әрі алғырлылығымен өлшенетіні ақиқат нәрсе. Ел болып интеллектуалды ұлт болу мақсатында жұмылып еңбек етіп жатқанымыз да осы үдеден шығу талабы және оның түпкі негізінде ұлттық болмысты сақтау, рух тазалығын тәрбиелеу, ұлттық мүддеге қызмет ету деген ұлы мұраттар жатыр. Ұлтымыздың сапалық құрамын жақсарту дегеніміз жастарымыздың инновациялық терең білім алу қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, әрі олардың озық технологиялар әлеміндегі адамзат сұраныстарын толықтыруға деген ниеттерін қолдау әрі марапаттау, сонымен қатар сол қабілеттерін танытуға жол ашу деп түсінгеніміз жөн. Ұлт мұратына қызмет етуді мұрат еткен оқу ордасы — ҚазҰУ-дың журналистика факультеті де осынау интеллектуалды ұлт тәрбиелеу және заман үдесінен шыға білетін кәсіби мамандар тәрбиелеу ісіне белсене араласып, саналы ұрпақ тәрбиелеп және шебер маман даярлау бағытындағы өзінің бір ғасырға жуық өнеге-үлгісін абыройлы жалғастырып келеді. Кәсіби білігі жоғары, әрі заман талабына өз үнін қоса білетін мамандарға деген зәрулік — нарықтық қоғамдағы бәсекелестік нәтижесінде туындаған қажеттілік болып отыр. Біз үшін, яғни журналистика факультетінің профессор-оқытушылары үшін кәсіби, әрі адал бәсекелестікке қабілетті маман даярлау — ең басты заман талабы десек, ал болашақ журналист болам деген мамандарға жұмыс берушілер шет тілдерін меңгеруді басты талап етіп қойып отыр. Әрине өз мамандығының іскері болам деген жастарға шет тілдерін білу — басты қажеттілік. Еліміздің БАҚ-тарына үштілді меңгерген, әлемнің кез келген жерінен ақпарат ала алатын, өз ісінің білгірі бола алатын мамандар аса қажет. Бұл орайда мемлекетімізде дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында «Үш тұғырлы тіл» саясаты жүргізіліп отыр, бұл — шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек қадам. Бұл туралы Ел Президенті Н. Назарбаев: «Өзге елдерді қор көре отырып, өз елін артық санау мүмкін емес. Сол себепті мен үш тұғырлы тіл туралы айтамын. Қазақстан мемлекеттік тілді игеруі керек. Орыс тілі – көрші еліміздің ана тілі және БҰҰ-ның алты тілінің бірі. Осы тіл арқылы әлемдік мәдениет пен әдебиетке жеткенімізді мойындауымыз керек. Бұл тілді де ұмытуымызға болмайды. Әр тіл – адамзаттың байлығы», — деген болатын. Мемлекет басшысы ағылшын тілі туралы айта келіп, бұл тілдің әлемдік аренаға шығу жолы екенін мәлімдеді. Ал ағылшын тілін үйренудің қажеттелігін былайша тұжырымдаған еді: «Әлемде жарыққа шығатын 10 млн кітаптың 85%-ы ағылшын тілінде шығады. Ғылым, даму, ақпаратты технология – барлығы да ағылшын тілінде етек жаюда. Қазақстанда 3500 шет елдік компания жұмыс істейді. Олармен біз ағылшынша сөйлесеміз, осы тіл арқылы өндіріс күшімізді көтереміз». Жаһандану ғасырында әлемнің ғылымы мен білімінен оқшау өмір сүру мүмкін емес, біз де ұлт ретінде замана көшіне ілесуіміз қажет, Елбасымыз айтқандай, әлемдік аренада өзіміздің ұлттық үніміз бен болмысымызды таныту үшін де ағылшын тілін меңгеруіміз қажет. Бұл талап қоғамда «төртінші билік» иелері деп танылатын журналист болам деген жастарға бірінші кезекте қойылып отыр. Осы орайда біздің факультетте «журналистика» мамандығы бойынша екі жылдан бері ағылшын тілінде бакалавр және магистратура бағыты бойынша кәсіби деңгейде білім беретін курстар ашылып, оқытудың жаңа жүйесінде жүйелі жұмыс жасауда. Ағылшын тілінде кәсіби бағытта білім алудың артықшылықтарын былайша жіктеуге болады: Біріншіден, студенттер мен магистранттардың ағылшын тілін білу арқылы әлемдік ақпараттарды бірінші дерек көзінен ала алу қабілеті артады; Екіншіден, олар – ұлттық мүддені әлемдік аренада танытушылар мен қорғаушылар; Үшіншіден – ғылым, білім, технология, мәдениет салаларындағы жаңалықтардан хабардар болып отырады, осы арқылы заман талабын тани алады; Төртіншіден – саяси, мәдени көзқарастары мен білім көкжиектері кеңейеді, шығармашылық белсенділіктері жоғары болады; Бесіншіден – азаматтық ұстанымдары еркін қалыптасады; Алтыншыдан – «көзсіз сену немесе илану» және біржақты көзқарас ұстану әдеттерінен арылады; Жетіншіден – басқа ұлт өкілдерімен еркін пікір алмасып, шығармашылық байланыстар орната алады.   Әрине, бұл артықшылықтарды біз, өзіміздің ұлт мүддесіне қызмет етудегі ұлы мұраттарымыз бен мақсаттарымыз жолында ұтымды пайдалануға тиіспіз. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек» деген ұстанымы, елі үшін қызмет етуде ту еткен, қазақ руханиятына қызмет етем деген әр жасты ойландырып, әрі қанаттандырып тұратыны сөзсіз. Бүгінгі таңда өз ісінің білгірі болғысы келетін әрбір азамат Әлихан бабамыздың «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзін жадында ұстаса да ұтылмас едік. Президентіміз «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында айтқандай, «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз», әрі «Қазақ тілі — біздің рухани негізіміз. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл — өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс».