Уркер

27 сәуір, 2016

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы:   Сағатбек Медеубекұлы, факультеттің 1984 жылғы түлегісіз… Қазіргі таңда Сіз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканысыз… – Түсіндім. Факультеттің кешегісі мен бүгінгісінің сабақтастығы   туралы айтсаңыз дейсің ғой… Журналистика факультетінің 81 жылдық тарихы бар. 81 жыл бойы журналистика мамандарын дайындап келе жатқан факультет ұстаздарының әр толқыны өз заманының, уақытының, өзінің қоғамының қажетін өтейтін құзіретті мамандарды дайындауға атсалысып келді. Бүгін де солай. Рас, біздің кезде заманның талабы, уақыттың талғамы, қоғамның сұранысы басқа болды, ал қазіргі заманның, қазіргі өркениеттің талабы мүлдем басқа. Оның үстіне заман адамды, адам заманды толықтырып, бірін-бірі өзгертіп отыратын ұдайы үдеріс әр кезеңде ұлт ұрпағының белгілі бір толқынының мойнына үлкен жауапкершілік жүгін арқалатады. Сол толқын бүкіл ұрпақ жүгін көтеріп заман көшінен өтеді. Ал кейінгі ұрпақтың мойнына уақыт басқа талапты әкеліп, артып қояды. Ұрпақ сол талаптың үдесінен шығу үшін күреседі. Қоғамдық түзілім, жүйе, құрылым өзгерген соң талғам, қоғамдық сұраныс-қажеттіліктер өзгереді, соған қарай ұрпақ та икемделеді. Әлбетте, өзгермейтін құндылықтар да болады, ол – адами құндылықтар, яғни адамның жан дүниесіндегі адамгершілік, азаматтық, ұлттық рух, халықтық мінез, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық… Оған белгілі бір деңгейде көңіл толмайтындай сәттер болады. Оның себептерін, меніңше, ең әуелі кінәні «кейінгі жас біздердей емес» деп жүрген адамдардың өзінен іздеу керек. Алдыңғы буын тағылымы кемшін болған жерде артынан еріп келе жатқан ұрпақ адасады. Адасқан ұрпаққа «сен адастың» деп өкпе айтып жүрген, ең әуелі соған бағыт бере алмаған алдыңғы ұрпақтың өзі, соның кемшілігі, олқылығы, қателігі. Алдыңғы толқын кейінгі толқынға дұрыс бағыт беруі арқылы, өзінен оздыратындығы, өзінен күшті ететіндігі сөзсіз. Сол арқылы ұлтын биікке көтереді. Айтқандай, біздің журналистика факультеті 1934 жылы шаңырақ көтерген тұстағы уақыттың талабы мен сұранысы және ондағы материалдық база, оқу-әдістемелік негіз қалай, одан кейінгі соғыс жылдарындағы мүмкіндік қандай болды, 50-60-70- жылдары жалпы идеология, қоғамның талабы нендей еді, осының барлығын ескере келгенде әр кезеңнің өзінің озық сәттері де, олқы сәттері де болған. Мысалы, арыға бармай-ақ, қоялық, біздің ұрпақ мектепте оқып жүргенде кітап оқымаған бала оқушы қатарына саналмайтын. Осындай үлкен мәдениет қалыптасқан еді. Ұлдың қызға, қыздың ұлға сыйлығының ең үлкені — кітап еді. Кітапты бірінен-бірі сұрап, бірінен-бірі ауыстырып, оны түн ішінде шамның жарығымен оқитын, болмаса әке-шеше «сабағыңды оқы» дегенде әдеби кітаптың сыртын газетпен қаптап ап, «мен сабақ оқып жатырмын» деп «Абай жолын», я «Махаббат қызық мол жылдарды», болмаса «Қаһарды» немесе «Ормандағы отты», «Менің атым -Қожаны» яки «Көкейкестіні» оқитын. Бүгінгі ұрпақтың неліктен оқымайтындығына таңғалуға болмайды. Өйткені, біздің заманда ақпаратқа шөлдеу, ақпаратты аңсау болды. Дүниеде болып жатқан жаңалықтардың барлығынан хабардар болғысы келген, барлығын білгісі келген ұрпаққа сол кездегі ақпарат құралдары мағлұматты толық жеткізе алмай қалды. Мектептің география сабағында жұмыр жердің бетін тегіс оқытып алады. Бала мына жұмыр жердің бетінде өз Отанынан басқа де елдер бар екенін білді. Ал соларда не боп жатқаны оған жұмбақ болса, ол жұмбақты шешуге ұмтылған бала деректі қайдан алуы мүмкін? Әрине кітаптан. Ойлап қараңыз «Социалистік Қазақстан» үлкендерге, «Лениншіл жас» жастарға, «Қазақстан пионері» оқушыларға, «Балдырған» балаларға, «Жұлдыз» журналы үлкен жазушыларға, «Жалын» журналы жас ақын-жазушыларға арналды. Сонымен қатар әр саланың өзінің салалық басылымдары болды. Бұдан басқа тұтастай ақпарат беретін құрал болмады, ол-бір. Екінші, теледидар барлық үйде болмады, болған күннің өзінде газет, журнал да, радио, телевизия да Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының идеологиясын, коммунистік партияның саясатын жүргізіп отырды. Ол идеология мына КСРО-дан сырт әлемнің барлығын жабық ұстап, капиталистік дүниені мансұқтап, тек қана социалистік жүйедегі елдердің ақпаратын ғана беріп отырды. Яғни, бұқара мына әлемдік кеңістікте тұншығып, өзін-өзі құрсауға қамап отырған қоғамда өмір сүрді. Сол қоғамда өмір сүрген адамдардың әрқайсысының бойында тәуелсіздікке, ақпаратқа деген ұмтылыс болды. Сол кезде радиодан, теледидардан алмаған ақпаратты, ішкі жан дүниенің қажеттілігін кітаптан тауып отырды. Ал қазір заман мүлдем басқа. Мектептегі бала емес, балабақшадағы балалардың қолында айфон, смартфон, планшет бар. Осындай ақпараттар тасқынындағы мәліметті кез келген сәтте алуға мүмкіндік мол кезде, жас ұрпақ әдеби көркем шығармаларды оқуға, болмаса кітапты іздеуге құлқыны да болмай қалады. Оның үстіне әп сәтте ақпарат алып үлгеретін дәл сол жаңағы қалтафоныңыз   қас-қағым сәттік уақытта тезірек қимылдауды талап етеді. Сол талаптан шықпасаң, ешнәрсеге үлгірмейсің. Ылғи асығыс. Ал олай қимылдамасаң, уақыттың жылдамдығынан қалып қоясың. Қазіргі журналистерден, қазіргі журналистика факультетіне келіп оқып жатқандардың да бойынан жалпы адамзаттағы, одан кейін қазіргі қазақ қоғамындағы осы мінез-құлықты көруге болады. Тек осы журналистика факультетінде «студенттер оқымайды екен» деген әңгімеге мен мүлдем қарсымын. Өзгелерге қарағанда ең көп оқитындар — журналистер. Олар оқымаса ақпараттан құр қалады. Оның үстіне соңғы үш жылда ректорымыз Ғ.М. Мұтановтың бастамасымен «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» акциясы жыл сайын қарқын алып келеді. Қазір ҚазҰУ студентінің қолынан кітапты жиі көресің. Ол аз болса Еуроазия кеңістігінде кездесе бермейтін «әл — Фараби кітапханасы» жұмыс істейді. Оқимын деген кітабының электрондық нұсқалары сақталған электронды кітпахана жұмыс істейді. Тіпті өте сирек кездесетін кітабыңыздың электронды нұсқасын қолмақол жасап беретін заманауи техникамен қамтамасыз етілген кітапханаға барған да арманда, бармаған да арманда. «Оқымайды» деген сөзді айтарда «нені оқымайды» дегеннің басын ашып алуымыз керек. Журналистика факультеті қай заманда да қазақ қоғамына, қазақстандық қоғамға қажетті журналистерді дайындап келді ме, қазір де заманауи талғам мен талаптарға сәйкес дайындап жатыр. Әсіресе, осы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің материалдық-техникалық базасында оқып жатқан балалар бақытты. Кешегі біз оқып жүрген кезде «шетелдің журналисті жүріп келе жатып газеттерге ақпаратты бере береді екен, көліктің ішінде келе жатып ойын тасқа баса береді екен» деп таңғалатынбыз. Ал енді сол заман бізге де келді. «Құлақ естігенді көз көреді, көз көрген қасыңа келеді, қасыңа келген басыңа келеді». Журналистика факультетінің бүгінгі студенті заманауи технологиямен жабдықталған дәрісханаларда сабақ оқиды. Олар «Коника-Минолта» компаниясының ең соңғы үлгідегі техникасымен жұмыс істеуді ағылшын тілінде оқып меңгеріп жатыр. Проектор әр дәрісханада бар. Соңғы бағдарламалар қамтылған компьютерлік клатерлар жұмыс істейді, Интернет ашық. Отыр да әлемді шарла. Енді осынша технологияны өзіміздің өмірімізге енгізгеннен кейін соның жылдамдығымен өмір сүру талап етіліп отыр. Біз соған лайық мамандар дайындап отырмыз. Жастарға көңілі толмайтындардікі — түсіне алмаушылықтан туған алаңдаушылық. Ал енді бұл салаға журналист болам деген ұл-қыздың бойында елге сөз айтамын, елдің мұңын мұңдаймын, жоғын жоқтаймын, қоғамдық санаға қозғау саламын, мемлекетіме қызмет етемін, ұлттық рухты оятамын деген патриот, сонымен қатар өзі жаза алатын, өзі айта алатын, болашағына үлкен мақсат қойған дарындылар келеді. Жол-жөнекей жүрдім-бардымдар аз болады. Олар дені түзу журналист бола алмайды да. Журналистиканы жолбикелерге қарап бағалау- журналистиканың озық үлгілерін көре алмаушылық. – Журфактан қашан да мықты мамандар шыққан ғой… – Журфактан әрқашан мықты мамандар шыққан, әлі де шығады! Біз кімді оқытамыз? Біз ақпаратты сараптай алатындарды, сараптаған ақпаратын бұқараға жеткізе алатындарды, яғни қажетті ақпаратты дер кезінде жедел жаза алатындарды, оқиға ортасында жүріп тікелей көрермендерге айта алатындарды оқытамыз. Қоғамдағы болып жатқан сан алуан оқиғалардың ортасында жүріп күнделікті ақпаратты алу, тарату машығын үйренетін, сол арқылы жұрттың санасын оятатын, қоғамдық санаға қозғау салатын мамандарды даярлаймыз. Жазуға, жазуға, тағы да жазуға көбірек көңіл бөледі. Рас, журналистің қаруы – тіл, сөз. Журналистке оның теориясы емес тәжірибесі керек. Журналистика факультетінің түлектері арасынан мемлекет, қоғам қайраткерлер көп шыққан. Неге олай? Өйткені, журналистика факультетіне келіп түскендерге ұлтшылдық, халықшылдық, мемлекетшілдік, қоғамшылдық сезімді сіңіру басым болады. Оларға қара бастың қамымен жүру үйретілмейді. Бұл салаға ертең елдің қамын ойлаймын деген балалар келеді. Сондықтан, оларға ең алдымен отаншылдық патриотизм, мемлекетшілдік рух тағылымдары үйретіледі. Оларға қоғам алдында тұрған өзекті мәселелер туралы ойлану, сол туралы жазу, айту машықтары, дәл осы сәттегі мемлекеттік мүддені ойлау қағидалары оқытылады. Олар бүгінгі күннің ақпаратымен сусындайды, бүгінгі күннің талабымен жүреді. Олардың барлығы бүгінгі ақпарат қоғамға қалай әсер етеді, адамзатқа қандай ықпалы бар дегенге жауап іздейді. Сөйтіп, жұртты біріктіреді, жаңалықтың жаршысы, жоғалғанның жоқшысы, жақсылықтың жанашыры болады. Қазіргі елдің сөзін сөйлеп жүргендердің басым бөлігі журналистика факультетінің түлектері. Олардың ішінде күні кеше ғана оқу бітіргендер де бар. – Қазақ журналистикасының өзгеден озатынына сенетін секілдісіз… – Біз қазіргі қазақ журналистеріне қай тұрғыдан баға беріп, қай тұрғыдан сын айтатынымызды алдын-ала айқындап алмаймыз, олар «нені орындай алмай жатыр» деген сауалдарды таразыға салмақтап барып сынауды білмейміз. Біреулер «орыс журналистикасы озып кетті, қазақ журналистикасы қалып қойды» дейді. Бұл — өте қате пікір. Орыс, ағылшын, болмаса америка журналистикасы ешқашан қазақ шындығы үшін күрескен жоқ. Қазақ ақиқаты үшін қазақ журналистикасы күреседі, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын да — сол. Ол — әлемдік талаптарға, яғни барлық елге бірдей ортақ стандарттарға сай еңбек ете отырып, ұлтының бүгіні мен келешегі үшін ақпарат айдынында азуын көрсетіп, айбынын танытып келе жатқан журналистика. Ұлтының тілі мен ділі жолында сәт сайын мылтықсыз майданға шығып, сыртқы күштерге қарсылық танытып келе жатқан да сол қазақ журналистикасы.. -Әңгімеңізе рахмет