- Басты бет
- Жаңалықтар
- Жаңа Конституцияның институционалдық тұрақтылық пен цифрлық трансформацияға ықпалы
Жаңа Конституцияның институционалдық тұрақтылық пен цифрлық трансформацияға ықпалы
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін, унитарлық сипатын және аумақтық тұтастығын өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітеді. Бұл ереже мемлекеттік құрылымның базалық негіздерінің құқықтық айқындылығын күшейтіп, конституциялық дамудың институционалдық тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жобаның маңызды мазмұндық элементтерінің бірі – цифрландыруға басымдық берілуі. Алғаш рет конституциялық деңгейде азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау, оның ішінде дербес деректерді қорғау мәселелері бекітілуде. Бұл цифрлық экономика жағдайында қоғамдық қатынастардың трансформациясына конституциялық реттеуді бейімдеуге ұмтылысты көрсетеді.
Оң бағалауға лайық жаңалықтардың бірі – «жедел дамушы қалалар» санатын енгізу. Бұл ерекше реттеу режимдерін қолдану мүмкіндігін көздейді. Мұндай тәсіл өңірлік және экономикалық саясаттың құралдарын кеңейтіп, өсу нүктелерін қалыптастыруға және әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа модельдерін сынақтан өткізуге жағдай жасайды.
Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін орта білім алуға конституциялық кепілдіктің алынып тасталуы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту тұрғысынан қосымша зерделеуді талап етеді. Орта білімнің бастапқы мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етудегі шешуші рөлін ескере отырып, оның қолжетімділігі мен әлеуметтік функциясын сақтаудың нақты тетіктерін айқындау орынды деп саналады.
Халықаралық шарттардың басымдығын алып тастау ұлттық және халықаралық құқықтың арақатынасын айқындайтын нақты механизмдерді қалыптастыру қажеттілігін туындатады. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін іске асыруда құқықтық айқындық пен жүйелілікті сақтау ерекше маңызға ие.
Нурманова Бикен Зейнулловна,
Экономика кафедрасының аға оқытушысы,
Экономика және Бизнес жоғары мектебі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқа жаңалықтар