Қазақстанда әзірленіп жатқан жаңа Конституция жобасы – бұл тек құқықтық мәтінді жаңарту әрекеті емес, мемлекеттің болашағына қатысты терең ойластырылған, мазмұнды әрі жауапты қадам деп есептеймін. Қазіргі қоғамның ішкі сұранысы, әлеуметтік өзгерістер мен жаһандық үрдістер ескерілген бұл жоба Қазақстанның құқықтық дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталғанын аңғартады. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің адамға, оның қадір-қасиеті мен құқықтарына басымдық беретін бағытын айқындай түседі.
Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының басты құндылық ретінде айқындалуы – мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты қайта пайымдаудың көрінісі. Бұл адамды басқару объектісі ретінде емес, құқықтық жүйенің өзегі ретінде тануға негізделген ұстаным. Бірлік пен қоғамдық келісімге, этносаралық және конфессияаралық үйлесімге ерекше мән берілуі Қазақстан қоғамының көпқырлы болмысын ескере отырып жасалған салмақты шешім деп бағалануға лайық. Сонымен қатар егемендік, тәуелсіздік, унитарлық құрылым мен аумақтық тұтастықтың өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілуі мемлекеттіліктің берік негізін сақтауға бағытталған. Әділеттілік, заң және тәртіп қағидаттарының, табиғатқа жауапкершілікпен қарау идеясының Конституция деңгейінде көрініс табуы қоғамның құқықтық әрі моральдық бағдарын нығайта түсетіні сөзсіз. Бұл қағидаттар қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, қоғамдық сана мен мемлекеттік саясаттың нақты өзегіне айналуы тиіс.
Жоба мәтінінде халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі екенінің нақты әрі мазмұнды түрде бекітілуі демократиялық дамудың маңызды көрсеткіші болып табылады. Бұл норма азаматтардың ел тағдырына деген жауапкершілігін арттырып, қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейтуге қызмет етеді деп ойлаймын.
Білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны Конституцияның идеялық өзегіне айналдыру – бүгінгі заман талаптарына толық жауап беретін шешім. Мемлекеттің болашағы табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен өлшенетіні айқын түсінілгенін осы тұстан аңғаруға болады. Бұл – ұзақ мерзімді дамуға бағытталған, стратегиялық тұрғыдан дұрыс таңдалған бағыт.
Сандық дәуір жағдайында азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауға арналған нормалардың енгізілуі де аса өзекті. Мемлекет технологиялық прогресті адам құқықтарымен ұштастыра отырып, жаңа әлеуметтік шындыққа құқықтық жауап беруге ұмтылып отыр. Дін мен мемлекеттің, білім беру жүйесінің зайырлы сипатының нақты айқындалуы қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың және құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі ретінде көрінеді. Ал некенің ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы ретінде бекітілуі дәстүрлі құндылықтарды қорғаумен қатар, әйел құқықтарын күшейтуге бағытталған құқықтық негіз қалыптастырады.
Саяси институттарды жаңғыртуға бағытталған бастамалар, соның ішінде жалпыұлттық диалог алаңы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған өзге де ұсыныстар қоғамның пікірін ескеруге деген ұмтылысты көрсетеді. Адвокатураның конституциялық деңгейде бекітілуі, зияткерлік меншікті қорғау, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған нормалар құқық үстемдігін нақты іске асыруға бағытталған жүйелі қадамдар деп бағаланады. Осы жаңа Конституция жобасын әзірлеуге атсалысып отырған заңгер-ғалымдарға, сарапшыларға, қоғамдық пікір қалыптастыруға белсенді қатысып жүрген азаматтарға ерекше ризашылық білдіру орынды. Бұл – ел тағдырына немқұрайды қарамайтын, кәсіби жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды ұштастырған еңбектің нәтижесі.
Қорытындылай келе, Қазақстанда әзірленіп жатқан жаңа Конституция жобасы қоғамның әділетке, құқыққа және адам қадіріне деген сұранысын ескеретін маңызды құжат болуға әлеуетті. Бұл бастама елдің ертеңіне деген сенімді нығайтып, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға берік негіз қалдырады деп сенемін. Конституция – тек заңдар жиынтығы емес, ол – ұлттың ортақ келісімі мен болашаққа деген сенімінің көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның жарқын ертеңіне бастар маңызды қадам екеніне күмән жоқ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология факультеті шетел тілдері кафедрасы ассистент-профессоры
Айсұлтанова Қарлығаш Әбдіқалыққызы
Басқа жаңалықтар