ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНЫҢ МӘНІ, МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ БОЛАШАҚ ҚАДАМДАРЫ
2026 жылғы 30 қаңтарда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын ресми түрде жариялады. Бұл оқиға – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі әрі саяси жүйені жаңғырту, мемлекеттік басқару институттарын жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту бағытындағы ауқымды реформа екеніне куә болып отырмыз.
Конституцияның жаңа Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде алғаш рет жария етілді. Бұл – құқықтық мемлекет құрудың маңызды жетістігі. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасының жариялануы – бұл кезекті құқықтық түзетулер емес, мемлекеттің өзін-өзі қайта пайымдауының басты кілті. Конституция – қоғамның саяси мәдениеті мен құқықтық санасының және тарихи тәжірибесінің айнасы. Мемлекеттік құжатқа басқару, әкімшілік тұрғыдан қарамай, әлеуметтік, философиялық және саяси контексте мәніне тереңінен зер салу орынды.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстанда соңғы жылдары жүріп жатқан терең трансформациялық процестердің логикалық жалғасы екеніне мемлекетіміздің болашақ қадамдарының жоспары деп қабылдау керек. Осы трансформацияның өзегі – мемлекет пен қоғам арасындағы қатынасты қайта құру, билік пен халық арасындағы сенімнің жаңа моделі ретінде мойындалуы тиіс. Жаңа Конституция мәтініндегі ең маңызды құндылық – адам құқықтары мен бостандықтарының сипаттамасы маңызды мәселе.
Парламенттік жүйені қайта қарау туралы ұсыныстардағы бір палаталы заң шығарушы органға көшу – басқаруды жеңілдетуге арналмаған. Осы ұсыныстардың астарында заң шығару процесін қоғамға барынша жақындату, саяси жауапкершілікті күшейту ниетіне бағытталған. Озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып Жаңа Конституциясының жаңа моделі Қазақстанның саяси мәдениетіне бейімделген шешімнің жаңа тұғыры деп бағалануға лайықты.
Жаңа Конституция жобасының маңызды ерекшелігі – халықты алғашқы орынға шығарып, оның мүддесін қорғауы мазмұндық жағынан тереңдетіліп отыр. Халық тек сайлау кезінде ғана емес, жалпыұлттық шешімдер қабылдау процесінде де негізгі субъект ретінде танылады. Референдум институтының күшеюі – осының айғағы. Демократиялық теория тұрғысынан бұл қадам биліктің легитимділігін арттырып қана қоймай, азаматтық жауапкершілікті де күшейтеді.
Конституцияда құқықтық кепілдіктердің күшеюімен қатар, әлеуметтік және гуманитарлық өлшемнің кеңеюі басты орынға ие. Жобаның барлық баптарында білім, ғылым, мәдениет, цифрлық кеңістіктегі құқықтар сияқты мәселелердің конституциялық деңгейде қарастырылуы мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясын көрсетеді. Жаңа Конституцияда адам капиталы алдыңғы даму моделі ретінде басты назарға алынған.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасын қолдау – нақты бір саяси шешімді қолдау емес, құқықтық мемлекетке ұмтылу идеясын қолдау деп түсінемін. Бұл құжат Қазақстан қоғамының кемелденуінің, азаматтық сананың өсуінің және жауапты мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Университет профессоры ретінде мен бұл жобаны саяси тұрғыдан негізделген, тарихи сабақтастықты сақтай отырып, болашаққа бағдарланған маңызды қадам деп бағалаймын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының
профессоры, ф.ғ.д. Алкебаева Дина Ақбергенқызы
Басқа жаңалықтар