ЦУР-4: Театр – студенттердің рухани дамуына әсер ететін ортаFarabi University

ЦУР-4: Театр – студенттердің рухани дамуына әсер ететін орта

4 ақпан, 2026

Студенттердің рухани-мәдени дамуын қамтамасыз ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қазақ өнеріне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Физика-техникалық факультетінің қатты дене физикасы және жаңа материалдар технологиясы кафедрасының студенттері Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына барды.

Аталған театр сахнасында Ильяс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының негізінде қойылған «Құлагер» (Soundrama) спектаклі тамашаланды. Қойылымның режиссері – Фархад Молдағали, «Дары» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Музыкалық сүйемелдеуді “STEPPE SONS” этно-модерн-джаз бэнді орындады. Хореография авторы – Адилет Таменов, хормейстер – Ғалымжан Берекешов, сахналық көркемдік шешімнің авторы – Айдана Бисембаева, костюмдер бойынша суретші – Алма Сырбаева.

«Құлагер» қойылымы қазақ халқының ұлттық болмысын, тұлпарға деген ерекше құрметін, өмірді бәйгеге теңейтін терең философиялық көзқарасын көркем түрде ашады. Спектакльде әділдік пен адалдық, рухтың биіктігі мен көреалмаушылықтың трагедиялық салдары әсерлі түрде бейнеленген.

Қойылымның заманауи музыкалық форматы, пластикалық шешімдері мен ұлттық реңктің үйлесімі студенттердің эстетикалық талғамын арттырып, ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылығын күшейтті. Аталған мәдени іс-шара студенттердің рухани дамуына, патриоттық сана-сезімінің қалыптасуына және тұлғалық тәрбиесіне оң әсерін тигізді.