Болашақ филологтың кәсіби жолы: білім, еңбек және мансап
Жатақханада тұратын «Қазақ филологиясы» мамандығының 102-топ студенттерімен Тұрақты даму мақсаттарының «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» бағыты аясында «Болашақ филологтың кәсіби жолы: білім, еңбек және мансап» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – болашақ филолог мамандардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін таныстыру, лайықты еңбек құндылығын түсіндіру және студенттердің кәсіби бағдарын айқындауға ықпал ету. Сонымен қатар жастардың тұрақты экономикалық өсуге қосар үлесін түсіндіру көзделді.
Тәрбие сағаты барысында білімнің кәсіби қалыптасудағы рөлі, үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі дамыту, еңбек мәдениеті мен кәсіби жауапкершілік мәселелері сөз болды. Қазіргі қоғамда филолог мамандарының қызмет аясы кеңейіп келе жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, қазақ филологиясы түлектері білім беру және ғылым саласымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында, баспа және редакция саласында, аударма ісінде, мемлекеттік қызметте, мәдениет мекемелерінде, сондай-ақ цифрлық кеңістікте (контент-менеджер, SMM-маман, тіл маманы, мәтін редакторы) табысты еңбек ете алады.
Кездесу барысында лайықты еңбек ұғымының мәні ашылып, адал еңбек ету, кәсіби құзыреттілікті арттыру, қоғамға пайдалы болу секілді құндылықтар кеңінен түсіндірілді. Білімді, бәсекеге қабілетті маман даярлау – тұрақты экономикалық өсудің маңызды алғышарты екені ерекше атап өтілді.
Тәрбие сағаты еркін пікір алмасу форматында өтіп, 102-топ студенттері өз болашақ мамандықтары мен мансаптық жоспарларына қатысты сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Мұндай тәрбиелік іс-шаралар жастардың кәсіби бағыт-бағдарын нақтылауға, еңбекке саналы көзқарас қалыптастыруға және болашақта лайықты жұмысқа ұмтылуына ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар