Еуропаның ғылыми қазынасы: ҚазҰУ ғалымы Нидерланд кітапханаларында зерттеу жүргіздіFarabi University
Референдум 15 марта

Еуропаның ғылыми қазынасы: ҚазҰУ ғалымы Нидерланд кітапханаларында зерттеу жүргізді

21 қаңтар, 2026

 

2026 жылдың 16-21 қаңтар аралығында философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға ғылыми қызметкері Жамашев Азамат Шутбаевич Нидерланд Корольдігінің Амстердам, Лейден қалаларында маңызды ғылыми іссапарда болды. Бұл сапар AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» атты іргелі жоба аясында жүзеге асырылды.

Зерттеу бағытының басты нүктесі — Еуропадағы шығыстанудың ең көне орталығы саналатын Лейден университетінің кітапханасы. Мұндағы «Middle Eastern & Islamic World Special Collections» қоры ислам әлеміне қатысты 6500-ден астам құнды қолжазбаны сақтап отыр. Зерттеуші каталогтарға талдау жасай отырып, Фараб, Итқан және Сығанақ шаһарларынан шыққан ойшылдардың бұрын-соңды отандық ғылымда толық зерттелмеген еңбектерінің қолжазба нұсқаларына сараптама жүргізді.

Іссапардың Нидерландтағы ортағасырлық кезеңге жататын дереккөздерді сараптау және талдау негізінде Қазақ жерінен шыққан ғалымдар еңбектерін зерттеу мақсаты жүзеге асты. Ол үшін Лейден университеті кітапханасынан бөлек, Allard Pierson (Амстердам университетінің арнайы коллекциялары) қорында зерттеу жасалды. Ғылыми және мәдени контекстті толыққанды түсіну үшін жергілікті мұражайлардың жәдігерлерін шолып шықтық.

Зерттеу нәтижелері алдағы уақытта жарық көретін ауқымды монография мен антологияның негізі болмақ. Бұл қадам ҚазҰУ-дың халықаралық рейтингіндегі (QS, THE) имиджін көтеріп қана қоймай, ұлттық тарихымызды әлемдік контексте ұлықтауға бағытталған.

Жамашев Азамат Шутбаевич

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор