- Басты бет
- Жаңалықтар
- Тұрақты даму тәжірибелері: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үлгісі
Тұрақты даму тәжірибелері: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үлгісі
6 ақпанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде «Шетел филологиясы (батыс тілдері)» мамандығының 1-курс студенттерімен кездесу өтті. Кездесу азаматтық-патриоттық тәрбие мен тұрақты дамудың экологиялық бағыты аясында «Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы» мен Халықаралық қазақ-неміс-қытай қолданбалы микробиология зертханасының бірлесуімен ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі болып табылатын ТДМ 13 «Климаттың өзгеруімен күрес» мақсатын іске асыру, антропогендік әсерді азайту және экологиялық жауапкершілік санасын қалыптастыру болды.

Кездесу барысында Халықаралық қазақ-неміс-қытай қолданбалы микробиология зертханасының ғылыми қызметкері Алан Аймағамбетов Қазақстанға тән өзекті экологиялық проблемаларды, табиғи экожүйелердің ерекшеліктерін баяндап, климаттық және экологиялық қауіптерді төмендетуге бағытталған ҚазҰУ-дың ғылыми және қолданбалы жобаларын таныстырды.

Талқылау барысында көмірді биоконверсиялау, көмірқышқыл газы, метан және басқа да парниктік газдардың әсерін азайту, микроағзалар мен микробалдырларды экологиялық технологияларда пайдалану, сондай-ақ топырақты қалпына келтіру және өндірістік әсерді азайтуға арналған ғылыми тәсілдер қарастырылды. Пікір-талас студенттердің заманауи экологиялық зерттеулер мен ғылыми әзірлемелердің практикалық қолданысына жоғары қызығушылық танытқанын көрсетті.
Кездесудің негізгі бөлімінен кейін студенттер экология және биоалуантүрлілік институтының зертханаларына барды. Студенттерге материалдарды, топырақты, көмірді және өндірістік шығарындыларды талдауға арналған заманауи талдау құралдары мен зертханалық жабдықтар көрсетілді, сондай-ақ көмірдің биологиялық өңделуі, аммиак шығарындыларын азайту, көміртек ізін зерттеу және экологиялық технологияларды әзірлеу бойынша ғылыми жобалар таныстырылды.
Атқарылған шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің климаттық және экологиялық мәселелерді шешуге, сондай-ақ тұрақты даму қағидаттарын іске асыруға қосып жатқан үлесін айқын көрсетті.
А. Аймагамбетов, М.М. Аймагамбетова, А.Т. Алимбаева
Басқа жаңалықтар