ҚАЗҰУ-ДА «ҚАЗІРГІ ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК АЗИЯДАҒЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ТАРИХ» АТТЫ ОНЛАЙН ҚЫСҚЫ МЕКТЕБІ БАСТАЛДЫFarabi University

ҚАЗҰУ-ДА «ҚАЗІРГІ ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК АЗИЯДАҒЫ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ТАРИХ» АТТЫ ОНЛАЙН ҚЫСҚЫ МЕКТЕБІ БАСТАЛДЫ

10 ақпан, 2026

Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен «Intellectual History in Contemporary Central and South Asia» («Қазіргі Орталық және Оңтүстік Азиядағы интеллектуалды тарих») атты онлайн қысқы мектеп өз жұмысын бастады.

Аталған білім беру іс-шарасы 2026 жылдың 10-12 Ақпан аралығында Тұрақты дамудың 4-ші мақсаты – «Сапалы білім беру / Quality Education » (SDG 4) және «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін серіктестік» / Partnerships for the Goals (SDG 17) бағытын іске асыру шеңберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өткізіледі. Іс-шара 2025 жылы қол қойылған ҚазҰУ мен Замануи Ұлттық тілдері университеті (NUML, Исламабад) арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумның 2.1.4-тармағына сәйкес ұйымдастырылды. Аталған тармақ қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді академиялық бағдарламалар аясындағы өзара ынтымақтастық іс-қимылды көздейді.

Қысқы онлайн мектептің негізгі мақсаты – Қазақстан мен Пәкістандағы интеллектуалдық тарих аясында әдіснама, негізгі ұғымдар, идеялардың эволюциясы, әдеби және фольклорлық дәстүрлер, сондай-ақ тарихнамалық тәжірибелерді зерттеу.

Сабақтарды Қазақстанның және шетелдің жетекші ғалымдары, ҚазҰУ мен Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар, сондай-ақ Пешавар университеті мен Пенджаб университетінің оқытушылары жүргізеді. Қысқы мектепке шығыстану, шетел филологиясы, саясаттану және халықаралық қатынастар білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан екі елдің магистранттары, докторанттары және жас жоғары оқу орны оқытушылары қатысады.

Қысқы мектептің ашылу салтанаты Шығыстану факультеті деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Н. Қайранбаевтың алғы сөзімен басталды. Құттықтау лебізімен Замануи Ұлттық тілдері университеті (NUML, Исламабад) деканының орынбасары, доктор Хазрат Умар сөз сөйледі.

Қысқы мектептің алғашқы сессиясы интеллектуалды тарихты зерттеудің әдіснамасы мен әдістеріне арналды. Профессор Г.Е. Надирова интеллектуалдық тарихтың теориялық негіздерін, әдеби дереккөздермен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін және тарихнамалық талдау мәселелерін ашып көрсетті. Профессор-зерттеуші Л.Г. Ерекешева интеллектуалды тарихтың тұжырымдамалық шеңберін, оның негізгі мектептерін, сондай-ақ номадология мәселелерін қарастырды. Пікірталас барысында лекторлар қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Бағдарлама студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытуға және Шығыс қоғамдарының әлеуметтік әрі интеллектуалды контекстін терең түсінуге бағытталған. Білім мен идеялардың қалыптасу үдерістеріне, шығармашылық қызметтің қоғамдық өмірдегі рөліне, сондай-ақ әлеуметтік тарих мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Қысқы онлайн мектеп халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық диалогты кеңейтуге және жас зерттеушілердің кәсіби дамуына ықпал етеді. Бағдарламаны іске асыру Орталық және Оңтүстік Азиядағы интеллектуалды үдерістерді зерттеуде заманауи ғылыми тәсілдерді қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашып, қатысушылардың академиялық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.