«Мен жалғыз емеспін: қиындықты бөлісу мәдениеті»
2026 жылдың 10 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде «Мен жалғыз емеспін»: қиындықты бөлісу мәдениеті тақырыбында тәрбиелік іс-шара өткізілді. Аталған тәрбие сағатына Филология факультетінің «6B02303 – Шетел филологиясы (батыс тілдері)» білім беру бағдарламасының 3-ші курс студенттері қатысты.
Іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінің Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы Оңғарбаева М.С. және Филология факультетінің «Аударма ісі» мамандығы бойынша 1-курс PhD докторанты Өтетілеуова Ә.Ж. өткізді.
Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – студенттер арасында психологиялық саулықты сақтау, оқу үдерісіндегі күйзеліс пен академиялық қысым жағдайында қиындықты жасырудың салдарын түсіндіру, сондай-ақ ашық қарым-қатынас пен өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру болды. Сабақ барысында университет студенттерінің күнделікті өмірінде кездесетін midterms, exams, GPA, дедлайндар және эмоционалдық жүктеме мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара аясында «Duck Syndrome» феноменіне ерекше назар аударылды. Бұл ұғым студенттердің сырт көзге сабырлы әрі табысты болып көрініп, ішкі жан дүниесінде күйзеліс пен мазасыздықты бастан кешіру жағдайын сипаттайды. Оқытушылар бұл феноменнің қазіргі жоғары білім беру ортасында, әсіресе жоғары жетістікке ұмтылатын студенттер арасында жиі кездесетінін атап өтті.
Тәрбие сағаты интерактивті форматта өтті: студенттер топтық талқылауларға қатысып, емтихан кезеңіндегі күйзеліс себептері мен оны жеңу жолдарын ағылшын тілінде талқылады. Сабақ соңында қиындықты бөлісу әлсіздік емес, керісінше, психологиялық тұрақтылық пен академиялық табыстың маңызды факторы екені қорытындыланды.
Аталған іс-шара студенттердің өзін жалғыз сезінбеуіне, эмоционалдық қолдау табуына және оқу үдерісіне саналы көзқарас қалыптастыруға оң ықпал етті.
Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы
аға оқытушы Оңғарбаева М.С.
және 1-курс PhD докторанты Өтетілеуова Ә.Ж.
Басқа жаңалықтар