Азамат. Қайраткер. Ғалым.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымында ұзақ жыл қызмет атқарып келе жатқан белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұлов 70 жасқа толып отыр. Азаматтық болмыс адам бойына қаршадайынан көптің мүддесіне істеген әр ісі ел игілігіне жараған сайын бірте-бірте қалыптасады. Төлеген Әбдісағиұлы да мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ ерекше зеректігімен, оқуда алғырлығымен танылып, 13 жасында қазақ мектептерінің ішінен жалғыз өзі республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 20 баламен бірге ол кезде бүкіл Кеңес Одағы бойынша ең үздік пионерлер ғана жолдама алатын бүкілодақтық «Артек» лагеріне барған болатын. Сол жолы өз тобынан озып шыққан Төлеген-оқушыны бүкіл ауыл алқалап «міне, азамат!» деп мақтанған. Топтан озу – бойдағы намыс пен жігердің, ар мен ұяттың, қажыр мен қайраттың нәтижесі. Ар мен ұят, қажыр мен қайрат адамның бойына ананың сүтімен, әкенің қанымен және солардың тәлім тәрбиесімен келеді. Айналасындағы адамдардың ықпалымен қалыптасып, шыңдалады. Сонымен бірге, ондай қасиеттердің текпен де келетінін адамтанушылар әлдеқашан айтқан. Төлеген Әбдісағиұлының тегі туралы айтар болсақ, ақындықтың пірі атанған Сүйінбай бабамыз алдымен ауызға оралады. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сиынбай» деп жырлаған Жамбыл атамыз еске түседі. Солардың бойындағы елдік намыс, ұлттық ождан қан арқылы Төлеген Әбдісағиұлының бойына да дарығаны айдан анық. Ол айналасына ақындық көңілмен, азаматтық жүрекпен қарайды. Оның қабілеттерінің тағы бірі – ел аузында жүрген бабалардан қалған аңыз-әңгімелердің, өлең-жырлардың, мақал-мәтелдердің естіген сәтінде-ақ жадында жатталып қалатындығы және сол асыл мұраны ретті жерде өз жөнімен жұрт көңіліне ұялата білетіндігі. Азаматтың адами болмыс-бітімін, тұғырлы тұлғасын ел алдында даралайтын тағы бір жақсы сипат – сымбаттылық пен қуаттылық. Бұл екеуі азаматқа шынығу арқылы келеді. Тәні саудың – жаны сау. Ғылымын және өзгеге өнеге көрсетер ұстаздығын біздің кейіпкеріміздің де спортпен үнемі ұштастырып отыратыны сондықтан. Он алты жасында С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің физика факультетінің студенті болып қабылданған жас дарынның өзгелерден жасы кіші болса да ойы озық, білігі мықты екендігін әрі алғырлығы мен зеректігін таныған ұстаздары жолын ашуға пейілді болды. Сол кездегі ең мәртебелі Лениндік стипендия Төлеген-студентке берілді. Университетті теориялық физика мамандығы бойынша үздік бітірген ол 21 жасында сол кезде аты аңызға айналған ең беделді оқу орындарының бірі, КСРО Ғылым академиясының А.Ф.Иоффе атындағы Ленинград Физикалық-техникалық институтының аспирантурасына міндетті ғылыми өтілеттен өтпей-ақ бірден қабылданды. Бұл Физикалық-техникалық институттың тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Тағы бір таңданатын және мақтанатын факт – Л.Д.Ландау мен Е.М. Лифшицтің теориялық физикаға арналған танымал тоғыз томдық курсын толық меңгерген ең алғашқы қазақ болғандығы. Білім мен ғылымның жолына осындай еңбекқорлықпен, ізденімпаздықпен, жаңашылдықпен келген Төлеген Әбдісағиұлының азаматтық тұғыры бірте-бірте биіктей берді. Ол біздің университетке Теориялық физика кафедрасына ассистент болып қабылданып, ректор деңгейіне көтерілгенге дейін және содан кейін де өзінің азаматтық жолымен, тұлғалық келбетімен елімен бірге еңсесін тіктеп келеді. Төлеген Әбдісағиұлының ғылымдағы жолы да қазаққа таң, екінің бірі батылы жетіп бара бермейтін, соқтықпалы, соқпақсыз тың жол еді. Қарапайым ауылда қазақ мектебін бітірген қарадомалақ баланың сол кезде-ақ аты мәшһүр, атағы әлемге тараған Ленинград институтында орыс тілінде физиканың теориясына ден қоюы оның қазақ деген ұлттың ешкімнен кем еместігін дәлелдеуге бет бұрған және тәуекелге барған батылдығы еді. Осы жолда ғылыми негізді ол КСРО Ғылым академиясының Б.П.Константинов атындағы Ленинград ядролық физика институтының жыл сайынғы ғылыми мектебінен, Нобель сыйлығының лауреаты Л.Д.Ландаудың замандасы әрі өзінің ұстазы академик А.Б.Мигдалдың ғылыми-теориялық семинарларынан алды. Ол физика ғылымының осындай ірі мектептерінен тағылым алып қана қоймай, сол мектептерге мүше болған жалғыз қазақстандық. Оған дәлел – Төлеген Әбдісағиұлының сол жылдары КСРО Ғылым академиясының Л.Д.Ландау атындағы Теориялық физика институтындағы физик-теоретиктерінің элиталық ортасына қабылдануы. Төлеген Әбдісағиұлы біздің университетке жұмысқа қабылданғаннан кейін көп ұзамай атом ядросының теориясы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Өзі таңдап алған тың салада ғылымның өрісін кеңейту үшін, әсіресе ұлттық кадрларды даярлауда аса қажетті жаңа оқу курстарын ашты, оқу бағдарламаларын жасады, оқу құралдарын жазды, оқулықтар шығарды, монографиялар жариялады. Ол ашқан «Кванттық хромодинамика», «Тордағы калибрлеулік теориялар» атты арнайы курстар бүгінде өз жалғасын табуда. Осы бағытта жазған «Кванттық механика» атты қазақ тіліндегі тұңғыш оқулық физика саласы бойынша құнды еңбек саналады. «Ғылым инемен құдық қазғандай» деп тегін айтылмаған. Осы инемен құдық қазғандай іске екінің бірі бара бермейтіні сондықтан. Ғылымдағы өз жолын таңдап, ізденісте келе жатқан Төлеген Әбдісағиұлы – осы саладағы бірегей тұлға. Кешегі Кеңес Одағында тұңғыш рет УКСР Ғылым академиясының Теориялық физика институтында торлық калибрлеу теориясы бойынша «Калибрлеулік өрісті торларда стохастикалық кванттау» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Ғылым докторы Қожамқұловтың халықаралық және республикалық ғылыми беделді басылымдарда кванттық хромодинамика; ядро және элементар бөлшектер теориясы; салыстырмалық және гравитация теориясы; тордағы калибрлеулік теориялар; кванттық механика сияқты салалар бойынша 300-ден аса ғылыми мақалалары жарық көрді. Сонымен бірге ғылымның жаңа бағыты бойынша жазылған тұңғыш еңбек ретінде халықаралық ғылыми орта мойындаған «Өріс теориясындағы стохастикалық кванттау» атты монографияларын атап өтуге болады. Жаңалық ашу бар да сол жаңалықты жасампаздық жолға салу бар. Бұл – шәкірттер арқылы жүзеге асатын ұлағатты да шарапатты іс. Осы бағытта да, яғни ұстаздық жолда да Төлеген Әбдісағиұлы жемісті еңбек етіп келеді. Оның алдын көрген шәкірттері қазір тек республика аумағында ғана емес, Ресейде, АҚШ-та, Австрияда, Францияда, Израильда, Ұлыбританияда, Италияда, Жапонияда және тағы басқа да елдерде де ұстаздан алған тағылымын іс жүзінде кәдеге асырып жүр. Төлеген Әбдісағиұлы Қазақстанда ЖОО негізінде тұңғыш рет ғылыми-зерттеу институтын құруды қолға алған болатын. Бұл жұмысты сонау 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Экспериментальды және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтын (ЭТФ ҒЗИ) ашу жөніндегі Қаулысын дайындау-қабылдау кезінен бастаған еді. Физика факультетінің деканы қызметін атқара жүріп, жаңа институттың бүкіл құрылымы мен қызметін оқу үдерісімен байланысын үйлестіру жұмысын біліктілікпен жүзеге асырды. Оның институт пен факультет арасын байланыстыру жолын сол кездің өзінде дұрыс таңдағандығын бүгінде өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазір білім беру ісін тікелей ғылыммен ұштастыра отырып, өндіріспен байланыстыру арқылы салиқалы нәтижеге жету – ең өзекті мәселе. Осы мәселе Төлеген Әбдісағиұлы ұйымдастырған институт пен факультет арасындағы сабақтастық арқылы бүгінде оң нәтижесін беруде. Төлеген Әбдісағиұлының жоғары деңгейде ұйымдастыру қабілеті І.Жансүгіров атындағы Талдықорған мемлекеттік университетін, одан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін басқарған жылдары ерекше жарқырап көрінді. Ол басқарған жылдары біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіміз шын мәнінде халықаралық деңгейге қадам басты. 2003 жылы Төлеген Әбдісағиұлы Италиядағы Болонья қаласында Университеттердің Ұлы хартиясына қол қойды. Осы кезден бастап университетіміз республикамызда және бүкіл Орталық Азияда болоньялық үрдіске қатысуға толық құқы бар тұңғыш жоғары оқу орны ретінде әлемдік білім беру кеңістігіне шықты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауының арқасында Төлеген Әбдісағиұлының бастамасымен ҚазҰУ қалашығының ұзақ жылдар кідіріп тұрған құрылысының екінші кезеңі іске қосылды. Соның нәтижесінде оқу-зертханалық корпустар, дәрісханалар мен спорт залдары, жатақханалар мен өзге де ғимараттар, яғни ұзын саны 14 нысанның құрылысы қайта іске қосылды. Оның оқу үдерісінің әлемдік кеңістікте мойындалуы жолында да атқарған істері бүгінде өз нәтижесін беруде. 2005 жылы университетіміз бакалаврлар мен магистрларды даярлаудың кредиттік технологиясына толық өтті де республикамызда тұңғыш рет шетелге әйгілі университеттердің атақты ғалымдарының араласуымен 65 PhD докторантты дайындау қолға алынған еді. Сол жылдары, яғни Төлеген Әбдісағиұлының басшылығы тұсында университетімізде 67 мамандық бойынша докторлық диссертация қорғауды жүзеге асыратын 25 мамандандырылған кеңес қарқынды жұмыс бастаған. Еліміздегі ең үздік жоғары оқу орнының халықаралық мәртебесін бұрынғыдан да көтере түсу үшін Қазақстан –Үнді ақпараттық технологиялар орталығын, Қытай тілі орталығын, Еуропалық құжаттама орталығын ашуға мұрындық болды. Әрине, Төлеген Әбдісағиұлының қайраткерлік-ұйымдастырушылық қарым-қабілетін айғақтайтын бұдан да басқа қомақты істерді сандық көрсеткіштермен де тілге тиек етуге болады. Мысалы, ол басқарған кезеңде университетте факультеттердің саны 14-ке, кафедралардың саны 102-ге, ғылыми-зерттеу институттар саны 7-ге, ғылыми орталықтар саны 112-ге жетті. Осы ұжымдарда 300 ғылым докторы мен профессорлар, 800-ге жуық ғылым кандидаты мен доценттер еңбек еткенін ерекше атап өткен жөн. Төлеген Әбдісағиұлының спортқа құштарлығының ықпалы мен әсерінің нәтижесі болар, университетімізде жастардың спортпен айналысуы және ондағы табыстары да қомақты болған. Университет спортшылары республика аумағында ғана емес, халықаралық аренада да зор табыстарға қол жеткізді. Университет – жастар ордасы. Онда ел іші – өнер кенішінен келген небір дарынды ұлдар мен қыздар білім алады. Солардың да шығармашылығын шыңдап, тек кәсіби білікті ғана емес, парасатты да мәдениетті маман болып қалыптасуына айырықша көңіл бөлген білікті басшы Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өнерпаз жастардың басын қосқан «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрін, «Махаббат» би ансамблін, хор үйірмесін, айтыскерлерді баптайтын «Жас ақындар» клубын, сонымен қатар «Жастар» рухани орталығы мен «Біз» драма театрын ұйымдастырып, тұрақты жұмыс істеуіне баса мән берді. Білікті басшының осындай іргелі істерінің нәтижесінде республикамыздың жоғары оқу орындары арасынан біздің университетімізге тұңғыш рет «Алтын сапа» сыйлығын Президент Н.Ә.Назарбаевтың өзі тапсырды. Иә, еліне елеулі еңбек еткен азамат, қайраткер, ғалым әрі ұстаз Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұловтың атқарған істерін бір мақалада түгел қамту мүмкін емес. Ол – өнегелі отбасының иесі. Асыл жар, аяулы әке, ардақты ата. Бұл жөнінде де үлгі етерлік ұлағаттарын барынша айтуға болады. Ең бастысы – оның халқына жасап келе жатқан қызметі туралы әлі талай айтылары да сөзсіз. Сол игілікті істері үшін алған марапаттарын да түгел тізіп шығуға болар еді. Әйтсе де еліміздің ең жоғары марапаттары – «Парасат» орденінің және II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері екендігін және соңғы жылдары жүзеге асырған ғылыми жұмыстарының Мемлекеттік сыйлыққа ие болғандығын арнайы атап кетсек, жеткілікті деп білеміз. Қазіргі таңда Төлеген Әбдісағиұлы университет ректорының кеңесшісі және өзі негізін қалап, туын көтерген ЭТФ ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жетекшісі ретінде университетіміздің өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келеді.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик